Қалжаның қасиеті неде?
Қазақ – дәстүрден аттамаған халық. Иә, қазақ қонақжайлығымен, ұлттық құндылығымен де өзге елден дараланады. Дей тұра бүгінде «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп, дәстүрді дұрыс дәріптей алмай жүрген сыңайлымыз. Бір ғана қалжа жегізу дәстүрін алайықшы. Қазір жас келіндер тіпті қалжаның не екенін де білмейді. Қалжа жегізу – ежелден келе жатқан өнегелі дәстүр. Өкінішке қарай, бұл дәстүр қазір ескіріп барады. Бүгінгі енелер оған аса мән бермейтін болды.
Қалжа – жүкті анаға арнап байланатын қой. Айы-күні жетіп өмірге нәрестесін алып келген соң үй-іші арнайы байланған қойды сойып, жаңа босанған әйелге осы қойдың етінен ас әзірлейді. Етін жегізіп, сорпасын ішкізеді. Жас ананың буын-буыны бос, тісі әлсіз, күш-қуаты азаяды емес пе?! Ал қалжа оның әл-қуатын, күшдәрменін қалпына келтіріп, бөбектің ширақ, мықты болып өсуіне ықпал етеді. Қалжа жеген ананың дені сау, сүті мол болады деп сенген.
Бұл ретте мал сойып, жас анаға қалжа беру баланың денсаулығы үшін маңызды деп есептеледі. Ынжық, болбыр, қажырсыз жігіттерді көргенде оларға ренжігендер «Өй, немене, анасы қалжа жемеген бе?» деп қағытып жатады. Ал, күш-қайраты мол, жігерлі жігіттерге риза болғанда «ұл тудым деп, анаң қалжаны дұрыстап жеген-ау» деген сөз осыдан қалса керек.
Қалжа жеген келіннің денсаулығы жақсарады. Сүйектері қақсамай, тістері түспей, буындары бекиді. Аздаған күннің ішінде үйдің тіршілігіне араласып кетеді. Күтімі жақсарған жас ананың нәрестесі үшін сүті тойымды әрі жеткілікті болады. Бұдан сәби де тоқ болып, тыныш ұйықтап, тезірек ширайды екен. Қалжаның күнделікті ас мәзірінде желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен оның сәбиінің сыбағасы. Әрі бұл құрметті ас саналады.
Рас, қалжа тек жас ананың денсаулығына ғана емес, сонымен қоса дүниеге келген сәбидің шымыр да ширақ, қуатты болып өсуіне септігін тигізеді. «Қалжалы әйелден олжалы ұл өседі» деген қазақтың дана сөзі осыны дәлелдегендей. Иә, бір ғана қалжа жегізу дәстүрін дәріптей алмай жүрміз. Міне, біз осылайша біршама дәстүрден ажырап қалғандаймыз.
Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова өзінің «Күретамыр» атты кітабында қалжа туралы былай жазады. «Кейбір өңірлерде қалжаны келін төркіндері әкелген. Сол секілді ағайын-туыс, дос-жарандар да қарап қалмаған. «Қалжасы үзілмесін» деп қуанышқа қойын өңгеріп келеді екен. Өйткені, бір әулетке ұрпақ сүйгізіп, айналасын қуантып отырған анаға арналған бұл дәстүрді жасау сауабы зор әрі абыройлы іс делінген. Ана мен баланың былайғы жерде дені сау, көзі қара болуы қалжаға тікелей байланысты болған. Бүкіл мүше-мүшесі салдырап жатқан әйел күнде күйлі қойдың жас сорпасын ішіп, етін жеген сайын күш-қуаты қалпына келіп, белі бекиді. Кездейсоқ кезігетін түрлі ауру-сырқауға қарсылық қуаты артады, сүті нәрленіп, құнарланып балаға жұғымды әсерін береді. Сәби күн санап ет алып, ширай түседі. Әйелдің денесіндегі ұйыған, қатқан қан, артық тұз секілділер термен шығып, бойы тазарады, көңілі сергиді, өңі ашылып, ажарланады» делінген.
Түйін Қазақта «қайратты ерді қайратты әйел ғана дүниеге әкеледі» деген ұғым бар. Осы сөзге тереңнен зер салсақ, қалжаны қашанда дәстүрдің тозығы емес, озығы деп қабылдау қажет. Қалжа жегізуді тұрмысымызға түбегейлі енгізсек, бұдан болашағамыздың да бұлыңғыр болмасы анық. Өйткені, ел болашағы – жас ұрпақ екенін ескерсек, оның шыр етіп дүниеге келгенінен бастап халқымыздағы сәби мен анасына қатысты әрбір салт-жоралғыны ерекше орындаудың да мәні зор екенін ұмытпаған абзал. Осы орайда, бүгінгі балалардың кейбірінің қажырсыз болуы қалжаның қадіріне жетпегеннің салдарынан екенін де есте ұстаған жөн-ау.
Ақнұр САҒЫНТАЙ