» » » ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕРДІҢ МӘҢГІЛІК МҰРАТЫ

ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕРДІҢ МӘҢГІЛІК МҰРАТЫ

Қармақшы ауданы – Сыр бойындағы жыраулық өнердің алтын бесігі. Осы киелі өңірде ғасырлардан тамыр тартқан Сыр сүлейлерінің дәстүрі еш үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Соның айғағы ретінде аудан әкімдігінің қолдауымен, К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен халық ақыны, Сыр сүлейлерінің лайықты ізбасары Әлиакбар Жұматайұлының туғанына 115 жыл толуына арналған «Көмейден төгілген жауһар жыр» атты облыстық жыр фестивалі жоғары деңгейде өтті.
Шараның салтанатты ашылуында аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Қошалақов сөз сөйлеп, жыр өнерін ұлықтаудың маңыздылығына тоқталды.
– Жыраулық мектеп – біздің рухани кодымыз. Әлиакбардай абыздың мұрасын дәріптеу өткенге құрмет, болашаққа аманат. Фестиваль қатысушыларына сәттілік тілеймін, – деді мәслихат төрағасы.
Мерейтойлық шараға ақынның ұрпақтары да арнайы келіп, халық игілігіне айналған ата мұрасы туралы тебірене айтты. Ақынның ұлы Серікбай Әлиакбарұлы, інісі Серікбек Қасымов және жыршы-ғалым Жақсылық Нұрмаханов сахна төрінде жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.
Фестивальге елімізге белгілі жыршы-жыраулар мен жас буын өнерпаздар қатысты. Олардың қатарында Берік Саймағанбетов, Балтабай Бедебаев, Серік Жақсығұлов, Әділхан Қуаңбаев, Назерке Бостанқызы, Әлішер Мырзағалиев, Ақсұңқар Бүркітбай сынды жыр дүлдүлдері бар. Әсіресе, ақынның шөбересі, жас жыршы Айдана Амантайдың орындаған жырлары көрермен ықыласына бөленді. Бұл – жыраулық дәстүрдің ұрпақ сабақтастығы үзілмей жалғасып келе жатқанын айқын дәлелдеді.
Зал ішіндегі көпшілік жұрт орындаушыларды ықыласпен тыңдап, әр жыр аяқталған сайын ұзақ қол соғып отырды. Өнерпаздар Әлиакбар Жұматайұлының шығармаларын Сыр бойына тән мақам-сазбен орындап, ақынның өр рухын, поэтикалық қуатын, ой тереңдігін аша түсті. Әрбір терме, әр мақам – елдік рух пен халық жадының жаңғырығы болып, көрерменді бірде толғандырып, бірде жігерлендірді.
Фестиваль соңында аудан әкімі орынбасарының арнайы алғыс хаты, қаржылай сыйлықтар табысталды. Бұған қоса, Әлиакбар Жұматайұлының ұрпақтары жыршыларға шапан жауып, айрықша құрмет көрсетті. Бұл – ата мұрасын қадірлеген өнерпаздарға деген ыстық ілтипаттың белгісі.
Кешке қатысқан жыршы Берік Саймағанбетов шараның рухани маңызын ерекше атап өтті.
– «Көмейден төгілген жауһар жыр» – бір тұлғаның тойы емес, тұтас бір мектепке тағзым. Бұл – дәстүрлі өнердің қайта жаңғыруы, жас буынға рухани сабақтастықты аманаттау. Жыршылардың көмейінен ақтарылған әрбір жыр Сыр елінің дарқан даласына тарап, ұлттың жүрегін жылытып, баба сөзін ұрпақ санасына сіңіргендей әсер қалдырды, – дейді ол.
Иә, Сыр бойындағы жыраулық дәстүр – қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі. Жүздеген жылға созылған осы өнер желісінің бүгінгі күнге дейін үзілмей келуі халқымыздың сөзге деген құрметінің, жырдың киесін түсінгенінің айғағы.
Әлиакбар Жұматайұлының өнегелі жолы, терең толғаулары мен шешендік нақышқа толы жырлары – ұлттық болмысымызды айшықтайтын рухани қазына. Фестиваль барысында осы құндылықтың қайта жаңғырып, жас буынға аманатталғаны айқын көрінді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатсақ, Қармақшы топырағында өткен бұл іс-шара – жыр өнерін дәріптеудің, сүлейлер мұрасын ұлықтаудың айқын үлгісі болды. «Көмейден төгілген жауһар жыр» фестивалі Сыр бойындағы жыраулық дәстүрдің мәңгілік екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Рухани құндылықты сақтап, жыр өнерін жаңа буынға табыстау – бүгінгі ұрпақтың басты парызы.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
20 қараша 2025 ж. 72 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10456)

18 қараша 2025 ж.

№87 (10455)

15 қараша 2025 ж.

№86 (10454)

11 қараша 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 895
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 599

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930