ҚАЙШЫ МЕН ТАРАҚТЫ СЕРІК ЕТКЕН ҒҰМЫР
Кәсіп бастау әрдайым оңай емес. Әсіресе тоқырау жылдарында өз ісіңді қолға алып, оны сақтап қалу үлкен табандылықты талап етті. Осындай кезеңдерді артқа тастап, таңдаған кәсібін ондаған жыл бойы жалғастырып келе жатқан жанның бірі – Марал Тілегенова. Шаштараздықты жас кезінен меңгерген ол бүгінде бұл кәсіпті өмірінің бір бөлшегіне айналдырып, тұрақты клиенттеріне сапалы қызмет көрсетіп келеді. Жақында Марал апаймен жүздесудің сәті түсіп, мамандыққа келу жолы, кәсіптің қиындығы мен қызығы, тұрақты клиенттері және жастарға берер кеңесі туралы әңгімелескен болатынбыз.
– Марал Кеңесқызы, шаштараз болу идеясы қайдан келді, қалай кәсіп бастадыңыз?
– 1982 жылы орта мектепті бітіріп, ауылдан Алматыға оқуға бардым. АТУ-ға оқуға түсе алмадым. Содан кейін Түркістан қаласында бір жыл болып, техучилищеге құжат тапсырдым. Сол кезде шаштараз мамандығына орын бар екен. Осылайша осы кәсіпке келдім. Бір жыл алты ай оқып, тәжірибеден өтіп, мамандықты меңгеріп шықтым. 1984 жылдың наурыз айында аудандық тұрмыстық қажетін өтеу комбинатына ерлер және әйелдер шаштаразы болып жұмысқа орналастым. Кейін Қазақстан егемендік алған қиын кезеңдер болды. 1995 жылы өз қаражатыма жер сатып алып, жеке кәсіп бастадым. Биыл жеке кәсіпкер болғаныма 32 жыл болды. Ол кезде жұмыс істеу оңай болған жоқ. Тексеру көп, түрлі талаптарды орындау керек болды. Су, отын, жылудың бәрін үйден тасып, отбасымызбен жұмыла жұмыс істедік. Жолдасым теміржол саласында еңбек етті, ол да қолынан келгенше көмектесті. Кәсіптің аяққа тұруы үшін қандай қиындық болса да еңсеруге тырыстым. Ең бастысы, жұмысты тоқтатпадым. 2008 жылы кәсібімді кеңейтіп, сән салонын аштым. Қасыма ұлым Нұрланды да үйретіп, үш жұмыс орнын дайындап, халыққа қызмет көрсеттік. 2018 жылы уақыт талабына сай өзгертіп, екі қабатты заманауи сән салонын аштық. Екінші қабатта әйелдерге арналған қызмет түрлерін көбейтіп, кей бөлігін жалға бердім. Осы жылдар ішінде кәсібім де, тұтынушыларым да қалыптасты.
– Ауыл шаштаразы мен қала шаштаразының қандай айырмашылығы бар деп ойлайсыз?
– Қазіргі кезде ауыл мен қаладағы шаштараздың арасында бұрынғыдай үлкен айырмашылық жоқ деп есептеймін. Себебі заман өзгерді. Жастар оқып, үйреніп, жаңа үлгілерді тез меңгеріп келеді. Интернеттен де көп нәрсені өздері біліп, ізденіп жүр.
Қазір шаштараз саласында қызмет түрі көп. Жас шеберлер де өз ісін жақсы меңгеріп, заман талабына сай жұмыс істеуде. Сондықтан ауылда да сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік бар.
– Сізге көбіне қандай жастағы адамдар келеді? Балаларға, жастарға, үлкен кісілерге қызмет көрсетуде ерекшелік бар ма?
– Өзім жұмыс істей бастағаннан бері келіп жүрген тұрақты тұтынушыларым бар. Жасы 80-нен асса да, өзін күтіп, ұқыпты ұстайтын клиенттерім әлі күнге дейін келіп тұрады. Бұл мен үшін қуаныш. Себебі жылдар бойы бірге келе жатқан адамдардың сенімін ақтау да үлкен жауапкершілік.
Шаш үлгісін жасату, бояу, шаш пішінін өзгерту сияқты қызметтердің бәріне зейнеткерлер де, жастар да келеді. Балалар мен жастар арасында да шаш қиюға келетіндер көп. Тіпті 10-сыныпта оқып жүрген балалардың шаш қиюды үйренгендері де болды. Әр жастағы адамның талғамы әртүрлі болған соң, олардың қалауын түсініп, көңілінен шығуға тырысамын.
– Шаштараз жұмысының сырт көзге көріне бермейтін қандай қиындығы бар?
– Жұмыстың қиындығы – алдыңа келген адаммен тіл табысып, сөйлесе білу, оған көңіл бөлу. Жас болсын, кәрі болсын, әр клиентке кішіпейілділік танытып, оның көңілінен шығатындай жұмыс жасау керек. Кейде адам қандай шаш үлгісін қалайтынын бірден түсіндіре алмауы мүмкін. Сол кезде сөйлесіп, ойын біліп, қалағанын түсінуге тырысасың. Сондықтан шаштараз үшін тек қолдың ептілігі емес, адаммен дұрыс қарым-қатынас жасай білу де маңызды. Клиенттің ойындағыдай жұмысым шықса, оның қуанғанынан өзім де қуанып, күш аламын. Сондай кезде әрі қарай жұмысқа кірісуге асығасың. Клиенттің риза болғанын көру – жұмысыма шабыт береді. Мен үшін адамның көңілінен шығу – жасаған жұмысыңның нәтижесін көру. Клиент қайта келіп, сенім артып тұрса, одан артық баға жоқ деп ойлаймын.
– Жуырда аудан әкімдігінде қабылдауда болып, зейнетке шығуыңызға байланысты құрметке бөлендіңіз...
– Шаштараз мен үшін – құтты мекенім. Таңертең жұмысқа кіргеннен қолыма қайшы мен тарағымды алып, содан кейін нанымды адалынан бере көр деп тілеймін. Сондықтан өзім жұмыс істейтін орта мен үшін киелі мекендей. Осы жерде қаншама адаммен таныстым, қаншама жыл еңбек еттім. Өз кәсібімнің берекесін де осы ортадан көріп келемін.
Дұрыс айтасыз, жақында ұзақ жылғы еңбегімнің нәтижесі болған – зейнет жасына толдым. Осыған орай аудан әкімі Диас Асылбекұлының қабылдауында болып, барша әріптестерімнің ортасында құрметке бөлендім. Бұл қарапайым еңбек адамы үшін үлкен қуаныш әрі бақыт. Еңбегімді елеп-ескерген аудан әкімдігіне алғысымды айтқым келеді. Әрі қарайда елге қызметімді жалғастырудамын.
– Қазіргі жастардың кәсіп бастауына көзқарасыңыз туралы айтсаңыз және шаштараз болғысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Қазіргі жастар өте ақылды, көздері ашық. Заманауи үлгілерді тез меңгереді. Көп нәрсені ғаламтордан өздері үйреніп жүр. Сондықтан оларға ең керегі – еңбек ету, ерінбей іздену және жұмысты жақсы көру. Еңбек еткен адам, қиындықтың бәрін жеңе біледі.
Қазір шаштараз саласында қызмет түрі көп. Жастардың «тренд» дегенге қызығушылығы да жоғары. Жас шеберлер өздерін дамытып, жаңа үлгілерді меңгерсе, бұл кәсіптің болашағы бар. Келіп, еңбек етемін деген жастарға орын да табылады, жағдай да жасауға болады.
– Алдағы уақытта кәсібіңізге қатысты қандай жоспарыңыз бар?
– Жаңа айтқанымдай, қазір зейнетке шықтым. Әзірге осы жұмысымды жалғастыра беремін. Аса бір үлкен жоспарым жоқ. Өз кәсібіме ризамын. Асықпай, үздіксіз алға жылжи береміз. Бастысы – еңбек ету керек, ерінбеу керек. Асықпай, үздіксіз алға жылжи берсеңіз, өз нәтижесін береді.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Бауыржан ЖҮНІС
















