» » » ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕП ЖҮРМІЗ БЕ?

ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕП ЖҮРМІЗ БЕ?

Қазақ – дәстүрден аттамаған халық. Иә, қазақ қонақжайлығымен, ұлттық құндылығымен де өзге елден дараланып тұр емес пе?! Дей тұра бүгінде «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп дәстүрді дұрыс дәріптей алмай жүрген сыңайлымыз. Бір ғана қалжа жегізу дәстүрін алайықшы. Қазір жас келіндер тіпті «қалжаның» не екенін де білмейді. Қалжа жегізу – ежелден келе жатқан өнегелі дәстүр. Өкінішке қарай, бұл дәстүр қазір көнеріп барады. Бүгінгі енелер оған аса мән бермейтін болды.
Қалжа – жүкті анаға арнап байланатын қой. Айы-күні жетіп өмірге нәрестесін алып келген соң үй-іші арнайы байланған қойды сойып, жаңа босанған әйелге осы қойдың етінен ас әзірлейді. Етін жегізіп, сорпасын ішкізеді. Жас ананың буын-буыны бос, тісі әлсіз, күш-қуаты азаяды емес пе?! Ал қалжа оның әл-қуатын, күш-дәрменін қалпына келтіріп, бөбектің ширақ, мықты болып өсуіне ықпал етеді. Қалжа жеген ананың дені сау, сүті мол болады деп сенген.
Қазақ дәстүрін дәріптеп, ұлттық құн­ды­лық пен бабалар аманаты жайлы жазып жүрген, Зейнеп Ахметова да қалжа жайлы былайша баяндайды: «Қазақтың өте бір қасиетті ырымы – келінге қалжа жегізу. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас саналады. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырған соң, жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қазіргі жігіттерді қайдам, бұрындары жігіттердің бірі ауырлау затты көтеруге әлі келмесе немесе абайламай жығылып қалса, құрдастары келеке қылып: «Әй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» – деп қағытқан. Кей жағдайда «Құдайға шүкір, біздің де шешеміз қалжа жеген» деп өзін-өзі көтермелеп, шамасы келмей жатқанын білдірмеуге тырысып баққан. Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі» деген.
Рас, қалжа тек жас ананың денсаулығына ғана емес, сонымен қоса дүниеге келген сәбидің шымыр да ширақ, қуатты болып өсуіне септігін тигізеді. «Қалжалы әйелден олжалы ұл өседі» деген қазақтың дана сөзі осыны дәлелдегендей. Иә, бір ғана қалжа жегізу дәстүрін дәріптей алмай жүрміз. Міне, біз осылайша біршама дәстүрден ажырап та қалдық.
Қазір баланың тәй-тәйлап жүрген шағында өткізетін «тұсаукесер» рәсімін де түрлендіріп алдық. Ертеректе баланың тұсауын шешен шежіреші, алып күштің иесі батыр-балуан, елдің аузында жүрген даңқты тұлғаға ырымдап кестірген. Тұсау кесетін адам  арнайы дайындалған кездіктің жүзін өрге қаратып кескен. Мұның өзінде үлкен мағына жатыр. Егер пышақтың жүзін төмен қаратып кессе, бала ынжық, өңез болып өседі деп топшылаған. Сол себепті еңсесін тік ұстап, өршіл, ер мінезді ұрпақ болсын деген тілекпен пышақ жүзін жоғары қаратып кескен. Ал қазір пышақ тұрмақ қайшымен кесіп жүр кей жандар. Қала берді жас буынға да тұсау кестіру сәнге айналып барады.
Ал құрсақ шашу немесе құрсақ той жайында не білесіз? Бұл аяғы ауыр әйелге қатысты орындалатын дәстүр. Бұл дәстүрдің басты мәні – қуанышты атап өтумен қатар болашақ ананың денсаулығына ерекше мән беру.
Жаңа түскен келіннің құрсағына бала біткенде абысындары қуанышты жаңалықты қайын енесіне «келініңіздің аяғы ауыр» деп айта салмай, оны «апа, келініңіз елдің алғысын алыпты, айранға, көжеге тойыпты» деп жеткізген. Осы жаңалықты естіген ене құрсақ той жасауға кіріседі.
Келіннің жүкті екенін білген соң ауылдағы ұлағатты, ақ жаулықты, беделді анаға керегеге ақ жаулық байлатқызады. Мұның мағынасы «осы үйдің төңірегінен ақырын өтіңдер, атпен өтетін жолаушы қатты шауып өтпесін, ал ауылдың кішкентай баласы алысқа ойнасын» деген мағынаны білдіреді екен. Себебі жүкті әйел кез келген дыбыстан, оқыс әрекеттен  секем алғыш келеді. Бұл әрі-беріден соң баланың құрсақта жатқанын-ақ өзіне деген ілтипатты, құрметті сезінуіне сеп болады.
ТҮЙІН.
Қазақ әр дәстүрді тектен-текке жасамайды. Оның астарында тағылымы мол мағына жатады. Сол себепті дәстүрімізден ажырамай, оны дұрыс дәріптей білейік. Сан ғасырлар бойы сыннан өткен, ел өміріне өнеге болып, қажетіне жараған ұлттық құндылығымыз жалғасын таба бергей.
Ақнұр Сағынтай

03 шілде 2019 ж. 1 748 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 063

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031