» » ҰЛДАРЫ ҚАЙДА ҰЛЫ ЕЛДІҢ АТҚА ҚОНҒАН?!

ҰЛДАРЫ ҚАЙДА ҰЛЫ ЕЛДІҢ АТҚА ҚОНҒАН?!

ҰЛТТЫҚ БОЛМЫС. ҰЛЫ ЕЛ. ЕЛ БАСЫНА КҮН ТУҒАНДА АТҚА ҚОНЫП, ЕТІГІМЕН СУ КЕШІП, ЕР-ТОҚЫМ ЖАСТАНҒАН БАТЫР-БАҺАДҮРЛЕРДІҢ ІЗІН ЖАЛҒАҒАН ҚАЗАҚТЫҢ БҮГІНГІ БОЛМЫСЫ ҚАНДАЙ? БОЙЛАП КӨРІҢІЗ, ҺӘМ ОЙЛАП КӨРІҢІЗ. КӨЗ АЛДЫҢЫЗДА КӨКСЕГЕН БЕЙНЕҢІЗ БЕ?! «АБЫЛАЙЛАП» ЖАУҒА ШАПҚАН САБАЛАҚ ЖЫЛҚЫ БАҒЫП, ТҮЙЕ ҚАРАП, ТӨЛЕ БИДІҢ КӨЗІНЕ ТҮСКЕНДЕ ОН ҮШТЕ ЕДІ, «АҢЫРАҚАЙ» ШАЙҚАСЫНДА АТА-БАБА АРУАҒЫНА СҮЙЕНІП, ҚАЛЫҢ ҚОЛДЫ ҚАЙТАРҒАНДА ОН СЕГІЗДЕ БОЛДЫ.
БҮГІНГІНІҢ КЕЙБІР БАЛАЛАРЫ АТҚА ҚОНБАҚ ТҮГІЛІ, ЕР-ТОҚЫМ САЛУДЫ ДА БІЛМЕЙДІ. НЕЛІКТЕН?! ҚАЙ ЖЕРДЕН ҚАТЕЛЕСТІК? ҚАЙ ЖЕРДЕ ТУРАДАН ТАЙҚЫДЫҚ?
Өзгелер қаны таза деп тамсанатын, дәстүрі керемет дейтін елміз. Жылқыны тектіліктің жануары деп, сайын далада желмен жарысқан желісінен қуат алатын жұртпыз. Алайда, бұл өткеннің еншісінде қалғандай. Олай болмағанда ше?! Төрт түліктің ішіндегі тектісі деп, шаруаға ептісі деп қасиетті жануар санайтын жылқымыздың өзі қазір біреуде бар, біреуде жоқ. Осының өзінен дәстүрдің ауылынан алыстап бара жатқанымызды байқатады. Бұрынғы ойын баласы жас шыбықты бұтына қысып, ат қылып мінетін. Бір-бірімен асық ойнап алысып, доп теуіп қуысатын. Ер баланың буыны қатайғанда сүндетке отырғызып, азамат қылады. Сол уақытта баланың нағашы жұрты тай мінгізіп, ырымын жасайды. Әсте бұл дәстүр ұмыт қалған жоқ. Мінгізуін ырымдап мінгізеді-ау, алайда одан соң қалай болмақ?! Дәстүрдің арғы жағында жалғастырып ұрпаққа берер құндылық жатыр. Бүгінгілер атқа айпат арқылы мініп, үйінде отырады. Міне, бойында тектілік тулаған қазақтың бүгінгі ұрпағы асық ойнамайды, ләңгі теппейді, тіпті ат ерттеудің қыр-сырына қанық емес. Шынайы «Құлагеріңіз» құла түзде қалды, орнын шетелдік темір тұлпарлар басты.
Қазақ батырларының тарихын түгендеп жүрген белгілі зерттеуші Бақытжан Ахметбек бұрынғы мен бүгінгінің арасын былайша сабақтайды.
– Қазіргі заманда дүние жүзінде 5000 мыңға жуық ұлт бар да, соның тек қана 200-і ғана тәуелсіздігін сақтап, мемлекет құрып отыр. Қалғандары тәуелсіздіктерінен, жерінен, тарихынан айырылып қалған елдер. Аталған мемлекеттердің арасында жылқыны алғашқы рет қолға үйретілген мекені – Ұлы Дала Елі – Қазақия. Еліміздегі Ботай тұрағында көне ғасырлардың жәдігері - 5000 мың жылқының сүйегі табылған. Қазақ халқы ер баласын да қызын да 3 жасынан ат мінуге үйреткен. Атқа міне алмайтын қазақ Кеңес Одағы кезінде де аз кездесетін. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бері 26 жыл өтісімен қазақтың жастары да заманауи бағытымен өзгеріп келе жатыр. Бірақ баяғы атойлап шабатын жауынгер қазақтың қазіргі ұрпақтарының басым көпшілігі атқа міну түгіл, аттың қасына жақындауға қорқады. Жылқы мінезді қазақ тек қана ауылда қалды ма деп ойлайсың осындай да. Қазақтың рухы – жылқыны ауылдарда, әлі де күнделікті өмір де тұрмыс жағдайында, ұлттық сайыстарда қолданатынына мен қуанамын. Әйтпесе, мүлдем жойылып та кетер ме еді?!
Мұнан бөлек, үйіне қонақ келсе астындағы жалғыз атын сойып берер қазақылығымыз бар. «Құдайы қонақпын» деп қолын кеудесіне қойып, босағадан енген жанның астына иіліп төсек болып жайылатын елміз. Төскейде малы, төсекте басы қосылған деп алыс-жақын шетелдіктерді де осылай жайғаймыз. Үлкендері дастарқанда отырса, қолына су құйып батасын аламыз. Сый-сыяпатымызды аямаймыз. Құдаға құйрық-бауыр, күйеуге төс беріп, әр қонақтың өз сыбағасын тартқан елміз. Алайда, бұл дәстүрдің болашағы қалай болмақ?! Кім жандандырып жатыр?! Қазір заманауи қазақ отбасына бара қалсаңыз, етті қақтап-жіліктеп жасы сексенге келген анамыз отырады. Кейінгі ұрпақ аға буынның мойнына мініп, арқа сүйеп алған. Ауылдың өзінде саусақпен санарлықтай азаматтар әрбір жиын-астарда қызмет қылып жүреді. Тіпті, қазір көпшілігі ақылы қызметке айналған. Заманның жаңарғаны ма, жұртшылықтың табар наны ма?! Белгісіз. Әйткенмен, ұмыт қалып бара жатқан қазақы дәстүр мен салт-сананы білім ошақтарында арнайы пән ретінде енгізсе қалай болмақ?! Бұл жайында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлын әңгімеге тартқан едік.
– Бұл мәселеде төтесінен дәстүріміз жойылып барады деп айтуға келмейді. Елді мекендерде қазір әкесінен, атасынан үйреніп аттың құлағында ойнап жүргендер бар. Қалада әрине, бұл ретте мәселе бар. Оның үстіне «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп жатамыз. Жаңарған заман көшіне ілеспей қалатындары да бар. Бірақ қазақ халқы асыл халық, текті халық. Сол тектілігімен де қонақ күту мәселесін қашан да алдыңғы кезекке қояды. Қонақтың қолына су құюдан бастап, табақ тартуға дейін үлкен бір маңызы бар дәстүрдің бір бөлігі. Меніңше, мектептерде дәстүрді арнайы пән ретінде қарастырмай, тарих тәрізді пәндердің аясында мұғалімдер баланың санасына құятындай етіп, айтып отырса, жақсы болар еді... Бұл өз кезегінде ұрпағымыздың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты ұлықтап өсетініне жағдай жасайды, – дейді сенатор.
ТҮЙІН.
Түптеп келгенде ел ішіндегі келелі жиындар мен алқалы басқосуларда тыс қалып жатқан тақырып та емес. Тек рухани жаңғыру атты жаңа әлемге қолымызға шетелдің «айфон», «айпатын» ұстап, астымызға текті «Құлагерді» мініп, қазақы шапанмен «Ассалаумағалейкум» деп еніп барсақ не етер еді?! Ол үшін Шаханов айтатын «компьютербасты пенделерді» емес, еліміздің келешегі болар шаршы топты жарып шығып, көш бастайтын серкелерді тәрбиелеу қажеттігі туып тұр.
Дәулет ҚЫРДАН.
19 ақпан 2018 ж. 1 848 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031