» » » АРДАГЕРЛЕР ҚАЙ ІСТЕ ДЕ ҚҰНДЫ ПІКІР БІЛДІРІП ОТЫРАДЫ

АРДАГЕРЛЕР ҚАЙ ІСТЕ ДЕ ҚҰНДЫ ПІКІР БІЛДІРІП ОТЫРАДЫ

Қазан айының алғашқы датасында елімізде Қарттар күні мерекесі аталып өтеді. Бұл күнде кешегі күннің шежіресі, бүгінгі күннің жас ұрпақ үлгі тұтар өнегесі болған ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың өмір жолы насихатталып, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Біз де мереке қарсаңында «Руханият орталығында» болып, онда аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, қаламгер Шегебай Құндақбайұлымен сұхбаттасқан едік.
– Шегебай аға, мерекеде өзіңізбен сұхбат құрғанымызға қуаныштымыз. Әрбір нәрсенің бастау қайнары болатыны сияқты, адамның да балалық, жастық шағы болады. Әңгімемізді сіздің балалық шақтан бастасақ. Отбасында қандай бала болдыңыз?
– Көңіл бөліп, сұхбаттасып жатқан өздеріңе де рақмет. Сұраққа келер болсам, көпбалалы отбасынан шыққанмын. Анамыз он екі құрсақ көтерген жан. Соның төртеуі егіз. Мен жалқылардың қатарына жатамын. 1951 жылы туғанмын. 1950-1958 жылдары елдің жағдайы онша бір тойыншылық болған жоқ. Әкеміз «қалай осы кызым келді, солай тойына, киіне бастадық» деп айтып отыратын менен кейінгі Бақыткүл қарындасымды жақсы көріп. Отбасында тату өмір сүрдік. Сол он екіден қазір екеуміз бармыз. Барлығымызды түгел болмағанымен, әкеміз бізді жоғары оқу орнына оқытты. Қолынан келгенше жағдайымызды жасап, солай өмір сүрді. Әкеден қалыптасқан отбасылық бірліктің әлі күнге жібі жалғануда. Одан алған үлгімізді балаларымызға берген болып жатырмыз. Мен бәлендей жаман да, жақсы да бала болмаған болуым керек. Орташа бала болдым. Әкеміз анау айтқандай, қатал да, жұмсақ та ұстаған жоқ біздерді, өзінің ақылымен ұстады. Сондықтан да бұзық атанбадық. Оқыдық, шопан баласының оқуында қазіргідей қосымша сабақ, басқа сабақ деген болмайды. Қатынап оқыдық. Интернатта жаттық. Әкеміз мал бақты. Шалғасқаттан велосипедпен қатынап оқыдық. Әкеміз есті әңгімесімен, ақылымен тәрбиеледі. Сабағаны, ұрғаны есімде жоқ. Менің балаларыма, немерелеріне де қисса-дастан, батырлар жырын, ертегілер айтып, балалар жастайынан жаттап өсті. Осының бәрі менің емес, әкеміздің тәрбиесінің жемісі. Сөзіне қызықтыратын. Діни сауатты болды. Ағайын Қойшыбай молда деген кісіден оқыған. Арабша жазып та, оқи да білетін. Өмірі Құранды оқып отыратын. 1980 жылдары аудандағы молдалардың жиырмалығында болып, діни дәстүрлерге қатысып, азан шақырып үлесін қосты.
– Әкеңізді таныдық, ал енді өзіңіз қандай әкесіз?
– 5 баланың ата-анасымыз. Қыздарым Алматы, Астана қаласында тұрады. 1975 жылы Шәкәркүл Исаева есімді Алдашбай ахун ауылының қызына үйлендім. Алматыда оқып жүргенімізде таныстық. Үйленген соң мен №186 мектепте бір жыл мұғалім, жеті жыл оқу ісінің меңгерушісі болдым. Одан соң аудандық оқу бөлімінде алдымен әдіскер, әдістемелік кабинеттің жетекшісі, мектеп инспекторы қызметтерін атқардым. 1987 жылы Қуаңдарияға мектеп директоры етіп жіберді. 1990 жылы кеңшарда партия ұйымының хатшысы болдым. Кәсіпорындардың ең алғашқы жұмыс істей бастаған жылдары. Содан техника, мал алып, 1996 жылға дейін басшылық еттім. Ауыл шалғайда жатқасын кәсіп ұйымдастыру оңай болмады. Бұрынғы жүйемен жүргесін кәсібіміз өрістей қоймады. Сол уақытта аудандық мәслихаттың депутаты едім. Соның есебінен аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағалығына келдім. Өкілеттілігіміз аяқталғасын аудан әкімі аппаратының ішінде ішкі саясат бөлімі бар тұғым. Сонда бөлім басшысы болып қызмет жасасам, одан әрі аудандық газеттің бас редакторы, №105 мектеп директоры, аудандық Оқушылар үйінде әдіскерлік жұмыстарын атқардым. 2009 жылдан бастап төрт аудан әкімінің тұсында баспасөз хатшысы болдым. 2014 жылы зейнет демалысына шыққанша баспасөз хатшысы қызметінде істедім. Бірнеше жыл аудандық сайлау комиссиясының хатшысы болдым. 2015 жылы «Ұлт бірлігі – Қармақшы» ҚБ ашып, бүгінге дейін жұмыс істеудемін. Сонымен қатар Қазақстан Ассамблеясы аясында Ақсақалдар кеңесі құрылған, соның аудандық кеңесінің төрағасымын.
– Бір қарағанда ардагерлердің ұйымы көрінетін Ардагерлер кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің нендей айырмашылығы бар. Сол жағын түсіндіре кетсеңіз?
– Ардагерлер кеңесі өзінің статусы қалыптасқан, бұрыннан келе жатқан үлкен ұйым. Ақсақалдар кеңесі бұл – Ассамблеяның жанынан медиаторлық қызмет, аналар кеңесі дегендер құрылып, аудандарда жұмыс жүргізіп жатыр. Ақтауда өткен жиында Президент осы ұйымдарды Ассамблеяның жанынан құруға бастама көтерген. Аудандық жерлерде аудан әкімі аппаратына тапсырылған. Ауданымызда қоғамдық даму бөлімі арқылы біздің жұмысымыз үйлестіріледі. 15 адамнан тұратын ақсақалдар кеңесі құрылған. Соның төрағасы болып жұмыс істеудеміз. Біздер аудандағы іс-шаралардың, ақылдасатын шаруалардың ортасында жүреміз. Ауданның әлеуметтік-экономикалық салаларында атқарылған іс те, атқарылатын жұмыстар да аз емес. Өмір тәжірибесі, көрген-білгені мол адам ретінде пікірімізді білдіріп отырамыз. Екі ұйым да бір-біріне ұқсап кетіпті демес үшін, бір-бірімізді қайталамауға тырысамыз.
– Түрлі салада қызмет еттіңіз, жаныңызға жақыны қайсысы?
– Еңбек жолында мұғалім болып бір жыл ғана жұмыс істеппін. Біреу «сен өзің кімсің?» деп сұраса, мұғаліммін деп жауап беремін. Себебі бастағы оқыған оқуым, мамандығым – мұғалімдік. Екінші бір қырым – қоғамдық жұмысқа жастайымнан араласқанмын. Үшіншіден, әркімнің өзінің хоббиі болады ғой – ол менің анда-санда мақала жазып, оқып ізденіп жүретінім жататын болу керек.
– Өмірден не түйдіңіз, адами құндылық дегенді қалай түсінесіз?
– Адамның өмір сүруі өзіне байланысты. Қандай адам болып қалыптасуы – әсіресе мінезіне байланысты болмақ. «Халыққа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп айтқандай, жеке адамның мінезі ұшпаққа шығарса да, жамандық көрсе де, өзінің мінезінен.
Адами құндылық ол – бұл да сол адамның өмірге көзқарастарынан туады. Адамның бәрі өмірге бірдей болып келеді, бірақ қанша адам келсе, сонша түрлі мінезі, құндылығы, тағдыры болады. Бәрі де мінезіне білімін ұштастыруына, ең бастысы – қоғамдық қарымқатынасына бек байланысты. Адами құндылықтың шыңына шығу оңай емес. Ол үшін мінезді бірінші орынға қоямын. Адамдармен болатын байланыс, сыйластық, құрметті жоғары санаймын. Ауызбіршілікте, түсінушілікте сол жерден шығады. Адам да, өскенөркендеген қоғам да солай. Мәселен, «қоғам қандай қиын болып барады, геосаяси жағдайлардан қалай қорғанамыз. Біз жақсы өмір сүрдік, балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы қалай болар екен?» деп уайым шегеміз. Соның барлығы адамдардың құндылығы қоғамдық құндылыққа, ол мемлекеттердің арасындағы байланысқа ұласып, әлем деген құндылыққа әкеледі. Қазір адам бір отбасын не жеке басын ойласа, ол ештеңе де болмайды. Бір республиканы емес, дүниені ойлап отырмасаңыз, ертең кеш болуы мүмкін. Президентіміздің жасанды интеллект дегеннен, жаңа технологияның даму үдересінен қалмауды ескеріп, әр елмен алысберіс, барыс-келіс жасап жатуы – бір мемлекетпен ештеңе шешілмейді, қарым-қатынаста әрқайсысымен жақсы болуы керек деген идеяға әкеліп тірейді. Бұның нәтижесі – бір ізге түсу, бір нәрсеге түсінісу. Сәл нәрсеге түсініспеушіліктің соңы сәтсіздікке ұшыратып жатады. Жеке адамдарда да дәл солай.
– Өскелең ұрпақ үшін әке-аталарымыздың құрметі бөлек, әрине. Сіздің замандастарыңызға, аға буынға берер бағаңыз қандай?
– Оған баға беру оңай емес. Осы тұрғанда ауызбіршілік, басқа сыйластық дегенде бізде үлгілі болатын істер бар деп ойлаймын. Осы жүрісімізді де «ол баяғы сәбет одағынан қалған, партияның солдаттары» дейтін де жастар бар. Бірақ олардікі дұрыс емес деп те айта алмайсыз. Әр уақыттың өз адамы, өз қоғамы болады. Ол қоғамдық дамудың ерекшеліктеріне сәйкес те. Мысалы, біздер, 70-тен асып 80-ге таяғандар жақсы қарым-қатынастамыз, солармен бір-біріміздің сөзімізді, ымымызды ұға қоямыз. Түсінеміз. Себебі сол заманда бірге жұмыс істедік, бірге жүрдік. Бізден кейінгілер өзара ұғысқанымен бізге сәл басқашалау қарайды. Одан кейін технологияның төлдері уақытысымен бір-бірін ығыстырып тұруы – заңдылық, өмірдің диалектикалық ережесі. Мен өзімнің қатарластарымды, ағаларымды сапалы, жүйелі жұмыс істеді деп айта аламын.
– Кітап көп оқитыныңыздан хабардармыз.
– Кезінде аудандық газетке Қанибек Молдахметов «Кітапсүйгіш парторг» деп мақала жазған. Ол кезде жеке кітапханамда үш мың кітабым болған-ды. Көп көшіпқондық. Қуаңдарияға екі бардым, кентке екі көшіп келдім. Сондайда әрі тозады, әрі жоғалады екен. Қазір екі мыңнан аса кітап бар. Оның ішінде Қармақшы топырағынан шыққан авторлардың кітаптарын оқимын. Жергілікті қаламгерлердің, жеке мемуарлық шығармалар жинайтын болдым. Сөздіктерге, аудармаларға құмармын. Оқып, жазып отырғанда қапелімде сөздіктің көмегі қажет болады. Түсіндірме сөздіктің ілгері де, кейін де жарық көрген томдықтарының 6-уы да бар менде. Кез келген уақытта пайдаланамын. Іздегеніңді табасың. Ғылым академиясының жұмысы сол кезде сапалы болған ба деген ойға келемін. Шамамен осы кезге дейін екі мың кітап оқыдым-ау. Кітапты оқығанда жадымыз бұрынғыдай емес. Қазір байқап жүреміз, жас болғанмен есте сақтау қабілеттері сыр беріп жатады. Сондықтан менен «ана кітаптың ішінде не бар, кімдер бар еді?» деп сұрасаңыз, ұмытып қалуым мүмкін. Бірақ оның өзінен қорықпау керек екен. Адам кітапты оқыған кезде тап сол оқып отырған кезде сәулесі санасында жаңғырады. Оның кейіннен ұмытылып кеткені емес, сол кезде оқыдың ба, демек сен өзіңді қалыптастыратын деңгейде сәуле ала алдың деген сөз. Есте сақтай алмай қалады екенмін деп шегінудің керегі жоқ бұдан шығар қорытынды.
– Қаламгерлік сізге қайдан келген қасиет?
– Әкем әңгімешіл кісі болды. Шешем де мақалмәтелдеп сөйлейтін. Сөзіне қызықтыратын. Мендегі сол әке-шешемнің көлеміндегі қаламгерлік. Ақын болатын шығармын деп өлең жазған кезім болды. Көркем әдебиет не болмаса өлең жазатын ақын-жазушы емеспін, бұл менің хоббиім. Үйде компьютердің алдына барып бір мезгіл отырмасам, бірдеңе жетпейтіндей болып тұрады. Кітапханамда сирек кездесетін деп бағалайтын кітаптарым бар. Оны сейфте сақтаймын. Соның бірі – швед жазушысы Сигизмунд Герберштейннің кітабы. Ондан сұлтан жайлы жазылған. Татар, ноғайлардың тарихы қамтылған. Ескіден – әкемнің Құран, қиссалары бөлек ұстайтын кітаптарым. Одан бөлек, С.Мұқанов, М.Мағауинді қоса айта аламын.
– Қазақстанның болашағын қалай елестетесіз?
– Еліміздің болашағы Қазақстан азаматтарының жақсы оқып, жаңа технологияны меңгеруіне байланысты. Анадан-мынадан қорқып өмір сүргенмен, саған болашақ жасап беретін халық жоқ. Ресей, Қытай, Түркия болсын. Тек өзіңе-өзің берік, сенімді болу, анау мемлекеттерден қалмаймын деген мына дүниенің мәселесін меңгеретін адам тәрбиелегенде ғана нағыз болашақ болады. Бұл арада біздің мемлекетіміздің саясатының мықтылығы біздің болашағымызды белгілейтіні. Қорқып отырғаннан ештеңе шешілмейді. Мәселен, тіл ме, саған біреу келіп тіліңді қорғап бермейді. Сіз бен біз қорғаймыз. Болды. Болашақ дегенді өзімізбен, ұрпақпен байланыстырамын.
– Әлем жапондарды кітапты көп оқитынымен, немістерді тәртібімен, корейлерді еңбекқорлығымен таниды. Қазақ несімен танылып жүр?
– Қазақ дарқандығымен танылып жүр. Даласы қандай кең болса, көңілі де сондай жомарт, дарқан. Сонау ғасырдан бері бабаларымыздың салған ізімен келе жатырмыз. Қазаққа тән қасиет те – осы. Одан талай таяқ та жедік, бірақ осы қасиеттен айнымаған халықпыз.
– Жастарға айтар ақылыңыз?
– Ең бірінші – білім, оқу керек. Жастардың берік көзқарастары болу керек. Отанға, оның келешегіне деген сенім болу керек. Құр сеніп отырмай, білімді, техниканы меңгеру керек. Біздің халқымызды жалқау дейтіндер табылар. Бірақ кезінде істеген жұмыстарына қарап отырсақ, жалқау адамның ісіне ұқсамайды. Енжар болмау керек. Басталған істі аяқтау қажет. Қолды бір сілтеуге болмайды. Одан қоғам құлдырайды. Алға ұмтылу керек. Болашақтың жарқын боларына сенім қажет жастарымызға. Әлеуметтік желіде кейбіреулер күдер үздіріп тастайтын жазбалар жазады. Адамның ішкі иммунитеті соның бәрін жеңіп отыруы керек.
– Қарттар күніне қандай тілек арнайсыз?
– Қарттар дегеніміз – өмірдің қиыншылықтарын, ащы-тұщыны бастарынан өткерген жандар. Ол кісілерге тілейтінім – ұрпағының қызығын көріп, бақытына бөленсін. Бейбіт, тыныш өмір кешсін. Қарттар күні құтты болсын! Олардың табан ет, маңдай термен жасап кеткен еңбектерін ұрпағымыз тиімді, орынды пайдаланып, елді елдей, жерді жердей құрметтеп, біздің ізімізді басатын лайықты ұрпақ болсын деймін!
– Мағыналы әңгімеңізге рақмет, сізге де мереке құтты болсын!
Сұхбатты жүргізген Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
30 қыркүйек 2025 ж. 67 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№74 (10442)

30 қыркүйек 2025 ж.

№73 (10441)

27 қыркүйек 2025 ж.

№72 (10440)

23 қыркүйек 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 525
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 326

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930