Музей – өткенді бүгінмен байланыстыратын киелі орын

Киелі өлкеміздің тарихы терең. Көптеген жәдігер бүгінде өлкетану-музейінде жинақталған. Бұл ретте музей қызметкерлерінің еңбегі зор. Әрбір жәдігерді ұқыппен ұстау, археологиялық қазба байлықтарына реставрация жасау, жергілікті жердің жер, су, табиғат, тарихи ерекшеліктерін насихаттау, басқа да жұмыстарын жүргізу осы саланың мамандарына жүктелген жоғары міндет. Осы тұрғыда Халықаралық музей күніне орай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Тимур Леденёвпен сұхбат құрған едік.
– Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын. Сөз басын музейдің мән-маңызынан сабақтасақ?
– Рақмет. Музей – халықтың рухани қазынасын сақтайтын, өткен тарих пен бүгінгі ұрпақты байланыстыратын ерекше мәдени мекеме. Ол тек көне жәдігерлер сақталатын орын ғана емес, ол – ұлттың жады, тарихтың айнасы, мәдениеттің алтын көпірі. Әрбір музей экспонаты халқымыздың өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрі мен өнерінен сыр шертеді. Сондай-ақ ағартушылық рөлі де зор. Мұнда оқушылар, студенттер, жалпы келушілер халқымыздың тарихымен тереңірек танысып, білімін арттырады. Әсіресе жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастыруда музейдің орны айрықша. Музей ғылыми-зерттеу орталығы ретінде де қызмет атқарады. Тарихшылар, археологтар, ғалымдар музей қорындағы құнды деректер арқылы көптеген жаңалық ашады. Бұл ұлттық мұраны сақтап қана қоймай, оны әлемге танытуға мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, музей – қоғамның рухани дамуына ықпал ететін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін аса маңызды орталық. Халықтың тарихы мен мәдениеті сақталған жерде ұлттың болашағы да берік бола түспек.
– Музейдің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айта өтсеңіз?
– Біз өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау және насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Қазіргі таңда музей қорында 6500-ден аса тарихи жәдігер сақтаулы. Олардың қатарында археологиялық бұйымдар, этнографиялық жәдігерлер, сирек құжаттар, тарихи фотосуреттер мен өнер туындылары бар. Жыл сайын музей қорын толықтыру жұмыстары жүргізіледі. Экспедициялар ұйымдастырылып, ел ішіндегі құнды дүниелерді зерттеп, жинақтаймыз. Ғылыми қызметкерлер әр жәдігердің тарихын зерттеп, ғылыми айналымға енгізумен айналысады. Біз тек жәдігерлерді сақтап қана қоймай, халыққа қолжетімді әрі қызықты форматта ұсынуға басымдық береміз. Түрлі көрме, танымдық кездесу, тарихи дәріс, мәдени кештер ұйымдастырамыз.
– Енді сөз бұйдасын музейдің бүгінгі құрылымы мен негізгі жұмыс бағытына қарай аударсақ?
– Бүгінде музей тарихи маңызы зор экспонаттарды жинақтау, зерттеу және оларды келешек ұрпаққа аманат ету бағытында әрі бірнеше салаға бөлінген құрылым арқылы жұмыс жүргізуде. Музей қызметі негізінен қор, ғылыми қызметкерлер, экскурсиялық-көпшілік және әдістемелік бөлімдерге бөлінген. Әр бөлімнің өзіне тән міндеті мен жұмыс бағыты болғанымен, барлығы ортақ бір мақсатқа – ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға бағытталған. Атап айтқанда, ғылыми қызметкерлер бөлімі өлке тарихына қатысты жаңа деректерді, музейлік құндылығы бар жәдігерлерді жинақтап, зерттеу жұмыстарын жүргізсе, қор бөлімі сол құндылықтарды қабылдап, жүйелеп, сақтайды. Ал экскурсиялық-көпшілік бөлім осы жинақталған материалдарды келушілерге жан-жақты таныстырып, музей экспозициясын халыққа түсінікті әрі қызықты форматта жеткізеді. Әдістемелік бөлім болса, түрлі мәдени іс-шараларды жоспарлап, ұйымдастырумен қатар, ақпараттық-баспалық және жарнамалық жұмыстарды үйлестіреді. Сонымен бірге музей қызметкерлері жыл бойы атаулы мерекелік күндер мен тарихи тұлғалардың мерейтойларына орай халықпен кездесулер, әдеби-танымдық кештер, жылжымалы көрме, экскурсия, ғылыми экспедициялар және тақырыптық дәрістер өткізіп отырады. Бұл жұмыстардың барлығы аудан тұрғындары мен қонақтарының рухани сұранысын өтеуге, тарихи сананы қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға жұмылдырылады.
– Тұрғындардың музейге қызығушылығы қалай?
– Қазіргі таңда музейге келушілердің қызығушылығы артып келеді деп сеніммен айтуға болады. Әсіресе, жастар мен мектеп оқушыларының музейге деген ықыласы ерекше байқалады. Бұл – тарихи санасы қалыптасқан, елдің өткені мен мәдени мұрасына құрметпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеудегі маңызды көрсеткіш. Бүгінгі жастар ақпаратты визуалды әрі интерактивті форматта қабылдағанды ұнатады. Осыған байланысты музейде экскурсиялар заманауи үлгіде ұйымдастыру қолға алынып, көрмелерде мультимедиялық технологиялар қолданылуда. Мұндай жаңашыл тәсілдер келушілердің қызығушылығын арттырып, музей жұмысын жандандыра түсуде.
Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі белсенді жұмыс та өз нәтижесін беріп отыр. Көпшілік музей жаңалықтары мен көрмелер туралы ақпаратты интернет арқылы алдын ала алып, музей қызметімен тұрақты танысып отырады. Сондай-ақ өздеріңізге белгілі, музей 2024 жылы жаңадан бой көтерген «Руханият» орталығы ғимаратына көшірілді. Барлық талапқа сай жаңа әрі заманауи ғимаратта жұмыс жүргізуде. Мұнда заманауи экспозициялық залмен қатар, стандартқа сай жабдықталған музей қоры орналасқан. Жаңа орталық келушілерге қолайлы жағдай жасаумен қоса, сапа мен мазмұн деңгейге көтеруге үлкен мүмкіндік беріп отыр.
– Музей қорындағы ерекше тарихи жәдігерлер туралы айтып берсеңіз?
– Әрбір жәдігердің өзіндік тағдыр, тарихы бар. Дегенмен, келушілер ерекше қызығушылық танытатын бірқатар құнды экспонат бар. Олардың ішінде көне археологиялық бұйымдар, тарихи тұлғаларға қатысты құжаттар мен заттар ерекше орын алады. Аудан тарихына қатысты сирек фотосуреттер мен сирек кездесетін кітаптар да келушілерге өте қызықты. Кейбір жәдігерлер бірнеше ғасырлық тарихты сақтап тұр. Осындай құндылықтарды көрген кезде келушілер ата-бабаларымыздың өмір салты мен мәдениетіне тереңірек үңіледі. Біздің мақсат – жәдігерлердің артына тұрған тарихты халыққа жеткізу. Өйткені музейдегі әрбір зат – үнсіз тарих.
– Соңғы уақытта музейде халықаралық ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
– Иә, музейіміз тек мәдени-ағартушылық бағытта ғана емес, ғылыми-зерттеу саласында да жүйелі жұмыс атқарады. Соңғы жылдары халықаралық әріптестік аясында бірқатар маңызды зерттеулер жүргізілді. Тоқталар болсақ, өткен жылы Жапонияның Мэйдзи университетінің жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы Эндо Эйко арнайы келіп, музей қорындағы археологиялық жәдігерлерге зертханалық талдау жұмысын жүргізді. Зерттеу нысаны ретінде 2015-2024 жылдары Бәбіш-мола кешені аумағынан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған қыш ыдыстар алынды. Зерттеу барысында ежелгі қыш ыдыстардағы органикалық қалдықтарға, нақтырақ айтқанда дән қалдықтарына талдау жасалды. Нәтижесінде, олжалардан тары дақылының ізі анықталып, бұл дерек өңірдің ерте темір дәуіріндегі тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылық жүйесін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Мамандардың пікірінше, бұл Арал өңіріндегі ерте кезеңге жататын ең көне дәнді дақылдардың бірі болуы мүмкін. Осындай халықаралық деңгейдегі зерттеулер өңір тарихын жаңа қырынан танып-білуге жол ашып, музейдің ғылыми әлеуетін арттыруға үлкен үлес қосуда.
– Жапон ғалымының музей қызметкерлерімен тәжірибе алмасуы қалай өтті?
– Эндо Эйко музей қызметкерлеріне шеберлік сағатын өткізіп, археоботаникалық зерттеу әдістерімен таныстырды. Ежелгі дәуір ескерткіштерінен табылған қыш ыдыстарға ғылыми талдау жасау жолдары, дән қалдықтарын анықтау тәсілдері және зертханалық жұмыстардың кезеңдері жан-жақты түсіндірілді. Мұндай ғылыми байланыстар музей қызметкерлерінің кәсіби тәжірибесін арттырып қана қоймай, өңірдегі археологиялық мұраларды заманауи ғылыми әдістер арқылы зерттеуге жол ашатыны анық.
– Аудан аумағында жыл сайын археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп тұратынынан хабарымыз бар.
– Дұрыс айтасыз. Бұл – өңірдің көне тарихын, әсіресе Жетіасар мәдениеті мен өлке аумағындағы ежелгі қоныстарды жан-жақты зерттеуге бағытталған. Соның ішінде Құрайлы асар, Қара асар, Шірік-Рабат, Бәбіш мола сияқты көне қалашықтарда тұрақты экспедициялар ұйымдастырылып, олардың тарихи қабаттары мен мәдени мұрасы зерттелуде. Мақсат – ежелгі тұрғындардың өмір салтын, шаруашылығын, аймақтың тарихи дамуын ғылыми тұрғыда анықтау. Мұндай археологиялық зерттеулерде музейдің атқаратын рөлі өте маңызды. Музейдің ғылыми қызметкерлері экспедиция құрамына қатысып, қазба барысымен танысады. Археолог мамандармен табылған заттарды алғашқы ғылыми сипаттау, тіркеу жұмыстарын жүзеге асырады. Табылған артефактілер музей қорына қабылданып, жүйеленеді, кейін ғылыми зерттеулер мен көрмелерде пайдаланылады. Осы арқылы музей археологиялық мұраны тек сақтап қана қоймай, оны көпшілікке таныстыруға және тарихи білімді кеңейтуге үлесін қосады.
– Музейде еліміздің өзге өңірлерінен әкелінген көшпелі көрмелер ұйымдастырылып, аудан тұрғындарының назарына ұсынылуда. Бұл өте дұрыс тәжірибе деп ойлаймыз...
– Иә, бұл – біздің музей қызметіндегі соңғы жылдары жақсы қарқын алған маңызды бағыт. Көшпелі көрмелерді ұйымдастыру арқылы біз аудан тұрғындарын тек жергілікті мұрамен ғана емес, еліміздің әр өңіріндегі тарихи-мәдени құндылықтармен де таныстыруды мақсат етеміз. Бұл – мәдени байланысты нығайтатын, музейлер арасындағы ынтымақтастықты күшейтетін тиімді әдіс.
Өткен жылы музейімізде Қазақстанның тұңғыш кәсіби мүсіншісі, Халық суретшісі Хакімжан Наурызбаевтың 100 жылдығына арналған Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы студенттерінің «Жастар үні: Хакімжан Наурызбаевтың ізімен» атты шығармашылық көрме өткізіліп, аудан тұрғындарына ұсынылды. Көрме жергілікті көрерменге ұлттық мүсін өнерінің дамуын жаңа қырынан танытты. Биыл, Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай өткен Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының «Отырар алқабының қалалық мәдениеті және тарихи-мәдени мұрасы» атты көшпелі көрмесі келушілердің қызығушылығын тудырды. Көрме арқылы Отырар өркениетінің тарихи қабаттары, қалалық мәдениет ерекшеліктері мен археологиялық мұралары кеңінен таныстырылымда болды. Жалпы, мұндай көшпелі көрмелер музейді тек жергілікті деңгеймен шектемей, оны аймақаралық мәдени диалог алаңына айналдырады. Алдағы уақытта да еліміздің әртүрлі музейлерімен бірлескен жобалар жалғасып, аудан тұрғындарына жаңа мазмұндағы көрмелер тұрақты түрде ұсынылатын болады.
– Музейде қандай жобалар жүзеге асуда?
– Аудандық тарихи-өлкетану музейінде тарихи-мәдени мұраны жинақтау, зерттеу және насихаттауға бағытталған бірқатар маңызды жоба жүзеге асуда. Атап айтқанда, «Деректер қоймасы» музейлік жобасы аудан тарихына қатысты архивтік құжаттарды, сирек фотосуреттер мен өзге де құнды деректерді жинақтап, музей қорын толықтыруға бағытталған. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны ғылыми тұрғыда зерделеп, аудан тарихының жүйелі деректер базасын қалыптастыруды көздейді. Жоба аясында музейдің ғылыми қызметкерлері Алматы қаласындағы ҚР Орталық мемлекеттік архиві мен Қызылорда қаласындағы Облыстық архив және Қоғамдық-саяси тарихи архиві қорларында жұмыс жүргізіп, аудан тарихына қатысты құнды материалдарды жинақтауда. «Тарих тұнған Тұрмағамбет: жыр мен жыраулар мекені» жобасы жергілікті жыраулық дәстүрді зерттеуге арналса, бұл бағытта жыраулардың өмірі мен шығармашылығы, ауыз әдебиеті үлгілері, тарихи деректер және жыраулар пайдаланған заттар жинақталып, ғылыми тұрғыда жүйеленеді. «Туған өлкемнің киелі мұрасы» жобасы аудан тұрғындары мен мектеп оқушыларының тарихи орындарға және музейге экскурсияларын ұйымдастыруға арналған. Жоба аясында экскурсия, танымдық сабақтар мен мәдени-рухани іс-шаралар өткізіліп, жас ұрпақтың туған өлке тарихына деген ықыласын арттырады. Аталған жобалардың барлығы музейдің ғылыми-зерттеу және ағартушылық қызметін күшейтіп, ұлттық мұраны келер ұрпаққа жеткізуге қызмет етеді.
– Біраз тың мәліметке қанық болғандаймыз. Алда қандай жоспар жасап отырсыздар?
– Алдағы уақытта жаңа көрмелер ұйымдастырып, музей қорын толықтыруды жалғастырамыз. Талапқа сай, цифрлық жобаларды көбейтіп, ауданаралық, облысаралық музейлік байланыстарды жетілдіру жоспарымызда бар. Мұндағы мұратымыз – музейді халыққа жақындатып, оны заманауи мәдени орталыққа айналдыру. Тарихқа қызығатын жастардың қатарын көбейту де маңызды саналады.
Музей саласында жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік. Себебі, сіз халықтың тарихи мұрасын сақтауға үлес қосасыз. Жәдігер – баға жетпес аманат. Оны келер ұрпаққа бүлдірмей аманаттау – біздің борышымыз. Музей қызметкері тек тарихты білетін маман ғана емес, ол – зерттеуші, насихаттаушы, ағартушы да. Бұл сала үлкен төзімділікті, ұқыптылықты және өз ісіне сүйіспеншілікті талап етеді.
– Төл мерекеге орай қандай іс-шаралар өткізбекшісіздер?
– Биылғы мерекеге орай арнайы мәдени-танымдық бағдарламалар әзірленді. «Ашық есік күні» ұйымдастырылып, келушілер музейді тегін аралай алады. Тақырыптық көрмелер, тарихи экскурсиялар, шеберлік сағаттары, викториналар өткізіледі. Жастар арасында танымдық квест ойындарын ұйымдастыру жоспарда бар. Мұндай іс-шаралар арқылы келушілер тарихты қызықты форматта қабылдайды. Дәстүрге айналған «Музейге сый» акциясы ұйымдастырылады.
Осы алаңды пайдаланып, әріптестерімді, ұжымымды Халықаралық музей күнімен құттықтаймын. Еңбектеріне табыс, отбасыларына бақыт, дендеріне саулық тілеймін. Ұлттық мұрамызды бірге сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізейік дегім келеді.
– «Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – келешек жоқ» дегендей, оқырманға ой саларлық жақсы сұхбат болды деп сенеміз. Әңгімеңізге көп рақмет.
Сұхбаттасқан Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ














