ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ
21 мамыр – еліміздің рухани қазынасын байытып, мәдени мұрамызды көздің қарашығындай сақтап, оны болашақ ұрпаққа аманаттап жүрген шығармашылық иелерінің төл мерекесі.
Мәдениет – халықтың болмысын, тарихын, салтдәстүрі мен рухани құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін алтын көпір. Мәдениет саласының мамандары – қоғамның рухани дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген жандар. Олар ұлттық өнерді дәріптеп, төл тарихымыз бен дәстүрімізді насихаттау арқылы елдің рухани тұтастығын нығайтуға қызмет етеді.
Айтулы мереке қарсаңында Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Мәдениетім – мәртебем» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, руханият саласының майталмандарына құрмет көрсетілді. Ұлттың өнері мен мәдениетін өркендетіп, халықтың рухани дүниесін байыту жолында аянбай еңбек етіп жүрген мәдениет қызметкерлеріне арналған кеш ерекше әсерге толы болды.
Тағылымы мол мерекелік кешке ауданның мәдениет және өнер саласының ардагерлері, кітапханашылар, клуб қызметкерлері, өнерпаздар мен сала мамандары қатысып, рухани ортадағы өзара сыйластық пен шығармашылық байланыстың маңызын айшықтады. Кеш шымылдығы ұлттық өнерді дәріптеген әсерлі әнмен ашылып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Салтанатты шара барысында аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев мәдениет қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен еңбегінің маңыздылығына тоқталды.
– Қасиетті Сыр бойындағы киелі Қармақшы елі – жыр мен өнердің алтын бесігі. Бұл – қобыздың киесін түркі дүниесіне танытқан Қорқыт баба мен жыраулық өнердің жауһарларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген тұлғалардың мекені. Бүгінде сол асыл мұраны жалғап жүрген мәдениет саласының қызметкерлері ел руханиятының шамшырағы болып келеді. Жүз жырауын жүзіктеген қасиетті Қармақшы топырағында мәдениет пен өнердің орны қашанда ерекше. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, рухани мұрамызды кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында сіздердің еңбектеріңіз зор. Халықтың ықыласына бөленіп, өнердің биік тұғырынан көріне беріңіздер. Сіздерге шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді ол.
Кеш аясында мәдениет саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар мамандар марапат төрінен көрінді. Оларға облыс әкімі мен облыс әкімінің орынбасарының, аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталып, еңбектері жоғары бағаланды. Сонымен қатар Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісі мен мәдениет басқармасы басшысының Алғыс хаттары иелеріне салтанатты түрде тапсырылды.
Мерекелік кеш одан әрі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ















