«МӘДЕНИЕТІМ - МӘРТЕБЕМ»
Қай кезеңде де мәдениет пен өнер – ұлт руханиятының алтын арқауы. Өнер арқылы еліміздің мәдениеті мен дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Сондықтан осы салада еңбек етіп жүрген жандардың қоғамдағы орны қашан да ерекше. Осы мақсатта бүгін Шамшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің тапсырмасымен 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Мәдениетім – мәртебем» атты мерекелік іс-шара өтті.
Тағылымды кеште аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев мерейтой иелерін кәсіби мерекемен құттықтап:
«Жүз жырауын жүзіктеген қасиетті Қармақшы елінде атқарылған игі істер, жеткен толағай жетістіктер жетерлік. Осы ретте өнегелі өнерімізді әрі қарай дамыту жолындағы қызметтеріңізге шынайы алғысымды білдіремін! Халықтың ықыласына бөленіп, өнердің биік тұғырынан көріне беріңіздер», – деді.
Іс-шара барысында бірқатар сала мамандары облыс әкімі мен орынбасарының, аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Сондай-ақ «Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісі және мәдениет басқармасы басшысының «Алғыс хаттары» табысталды.
Салтанатты кеш аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласып, ән мен күйден шашу шашылған өнер кеші көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Айта кетсек ұлттың рухани қазынасын байытып келе жатқан мәдениет қызметкерлерінің еңбегін дәріптеуге арналған бұл мереке елімізде 2013 жылдан бастап ресми түрде аталып өтіп келеді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
















