» » Қалжаның қадірін біліп жүрміз бе?

Қалжаның қадірін біліп жүрміз бе?

Енді ғана босанып келген Ақботаны түсініксіз бір ауру мазалай берді. Денесі қалшылдап, әлі кеткен ол амалсыздан көп күн өтпей аурухананың төсегіне таңылды. «Апыр-ау, бұл не?» дескен жақындарының біраз уайымдап қалғаны бар. Сонда көршісі, жасы егде тартқан Қалима әже жас босанған келінге қалжаның берілмегенін айтып күңкілдеді. Заман ағымымен ұмыт қалып жатқан бұл үрдіске мән бермеген олар тағы да оны бей-жай қалдырып еді...


Расымен, кейде үлкендерге құлақ аспай өзім білемінге салатынымыз бар. Алайда айналып келгенде барлығы бос айтылған сөз емес. Ертеде ата-бабамыз бәрін біліп кеткен дерсіз. Олар сол кездегі ауруханасы, емдер дәрігері жоқ кезде өзіндік тәжірибеден өткізген. Қош. Біле білмейтіні де бар, қалжа деген не? Оның қадіріне жетіп жүрміз бе?

Енді ғана босанған әйел күтіміне, оның денсаулығына қырық күн бойы мән беріледі. Себебі дүниеге сәби әкелуде әйелдің барлық күш-қуаты азайып, әлсіреп қалады. Мұндайда қазақ халқы жас ананы ерекше күтімге алған. “Жас босанған әйелдің тісі әлсіз болады, түсіп қалуы мүмкін” деп суық тигізіп алмасы үшін 40 күн суықтан, суық судан ада қылып отырады. Қырық күн бойы қалжаның етін жегізіп, сорпасын ішкізген. Жақсы қалжалаған келіннің сүйектері ауырмай, тістері түспей, күш-қуатын жинап, аз күннің ішінде үй тіршілігіне араласып кеткен. Дәстүр бойынша, қалжа үшін арнайы қой сойылып, етінен дайындалған сорпаны жас анаға ішкізеді. Ал сойылған қойдың мойыномыртқасын бұзбай қайнатып, пісіріп, «баланың мойны тезірек бекісін» деген ниетпен анасы омыртқаны жеуі керек. Бұл ретте жас анаға қалжа беру бала денсаулығы үшін маңызды екенін көрсетеді. Ынжық, бос, қажырсыз жігіттерді көргенде «Анасы қалжа жемеген ғой» деп қағытып жататыны тағы бар. Ал күш-қайраты тасыған, жігерлі жігітке разы болғаны «ұл тудым деп анасы қалжаны дұрыстап жепті» дейтіні бар. Қалжа босанған әйелдің күйеуінің мойнындағы міндеті саналғанымен, кейде оны келіншектің төркіні де әкеледі. Оның күнделікті тұтынатын еттен айырмашылығы – ана мен баланың сыбағасы екені. Себебі бұл ана сүтін нәрлендіріп, құнарын арттырады. Әрі жеткілікті азықтануына әсерін тигізіп, ұйқыны жақсартады. Ал енді, неге тек қой етінен деген сауал туындайды. Қазақ жас босанған анаға ешкінің етін «суық болады» деп жегізбеген екен. Мәліметтерге зер салсақ, қалжаның тарихы тым тереңде жатыр. Көпшілік арасында тараған аңыздар да бар.

Адам ата мен Хауа ана дүниеге ұлдары Шиш пайғамбар келгенде үлкен бақытқа кенеледі. Бұл кезде көктегі періштелер шаттанып, Адам атаға құтты болсын десе, жер мен көк, он сегіз мың ғалам қуанып, Аллаға мақтау айтыпты.

Жебірейіл періште Адамға келіп:

– Уа, Адам, саған Ұлық Алладан уахи ала келдім. Қазір жұбайың әлсіз. Оған күш-қуат керек. Отардың ішіндегі семіз ұрғашы қойды сойып,
жұбайыңа ас әзірле. Сорпасын ішіп, терлесін. Қойдың қуаты келіншегіңнің күшін қалпына келтіреді. Бойындағы жел-құзы шығады, әрі сәбиіңе құнарлы ас болады, – дейді.

Адам ата Жебірейілдің айтқанын бұлжытпай орындайды. Хауа ана қойдың етін жеп, күш-қуат жинайды. Құнарлы сүт шығады. Кейін келе Хауа анаға сойылған қойды «қалжа» деп атаған. Ал енді бір аңызда «Хауа ана Шиш пайғамбардың мойыны қатайсын деп қойдың омыртқасын ырымдап жеген» деген де дерек кездеседі.

Айнұр Бекмағанбетова, көпбалалы ана:
– Бірінші сәбиімді босанып, үйге шығарылдым. Біздің келуімізге қарсы енем сорпа әзірлеп қойыпты. Ыстықтай ішіп ал деп ұсынды. Жас келін болған соң оның қалжа екенін артынан білдім. Солай қырық күн бойы дәм татып, балам да, өзім де ауырмадық. Одан кейінгілері де осылай қалжалы болдық. Қазір Аллаға шүкір, алды мектепке барады. Белсенді, жаңашылдыққа құмар. Олардың осылай қажырлы болып өсуіне бірден-бір себеп – осы қалжа шығар, кім білсін?

Бегімай Олжасқызы, жас келін:
– Жүктіліктің 37 аптасындамын. Әні-міне дегенше босануға күн жақын. Қалжа дегенді бұрын-соңды естімеппін. Жеңгелерімнің де ондай үрдісті қолданғанына мән бермеппін. Босанамын дегенше ғаламтордан қарап, толықтай біліп аламын. Ата-бабамыздан қалған дәстүр ғой. Орындамасқа болмас.

Тойсұлу Базарбаева, ардагер:
– Енемнен, анамнан көріп өскен осы дәстүрді өзімнен тараған ұрпақтарыма да мұқият қолданамын. Бүгінде шөбере сүйіп отырған бақытты әжемін. Шаңырақта сәби дүние есігін ашқанда әулеттегі келіндеріме қалжаның қасиетін бір сәт те естен шығармау керегін баса айтып отырамын. Қазақта «қайратты ерді қайратты әйел ғана дүниеге әкеледі» деген ұғым бар. Қалжаны қашанда дәстүрдің тозығы емес, озығы деп қабылдау қажет. Ел болашағы – жас ұрпақ. Соны ескерсек, оның дүниеге келгенінен бастап әрбір салт-жоралғыны ерекше орындаудың мәні зор екенін ұмытпаған жөн.

Айнұр ӘЛИ
26 қыркүйек 2020 ж. 1 103 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 066

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031