» » » Орамал төңірегіндегі ой

Орамал төңірегіндегі ой

Бүгінде орамал тақпау сәнге айналып барады. Өкінішке орай бүгінде ас үй ханшайымдарының басынан орамалды сирек кездестіруге болады. Көпшілік жиылып, Құран оқытқанда басында орамалының жоқтығына қипақтап, «салфетка» жауып жүрген нәзік жандыларды көз көріп жүр.

Аталы сөзден аттамай салтын сақтап, дәс­түрін дәріптеген, қасиеті қанына сіңген қазақ халқының өнегеге толы өмірінің бір бөлшегіне айналған басындағы ақ орамалы. Орамал – қыз баланың бойжетіп, отбасылық өмірге жасалған қадамының көрінісі емес пе?! Қазақта «Әйел орамал тақпаса арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі» деген сөз бар. Бұл рас дүние. Ұлттың арын да, өзін де сақтап қалатын ең әуелі қыздары. Қызымыз текті, тәрбиелі, инабатты болса елді ешқашан жау алмақ емес. Дегенмен осы тектілікті, оның арын, ұлттық белгісін көрсететін қыздың өзі ме? Жоқ, әрине. Қыздың қылығы, жүріс-тұрысы және басына таққан орамалы.

Орамалдың қасиеті жайында не білеміз?
Ауыздан-ауызға тараған аңызға сүйенсек, жаугершілік заманда қыз-келіншектер орамалын көтеріп даудың алдын алып, тоқтатқан сәттер болған. Қолына қару алған батырдың бәрі орамалдың алдында дәрменсіз болған еді. Тіпті орамалсыз әйелге көз жанарын салмай, ақ орамалдан аттамаған.
Орамал тазалыққа үйретеді. Келіндер көбіне-көп ас үйде жүреді. Ас әзірлеп, тамақ дайындайды. Ал жалаңбас жүретін болса, асқа шаш түсіп кетуі әдбен мүмкін. Сол себепті «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп тоқмейілсімей, күнделікті үй жағдайында, ас әзірлегенде, бала емізгенде орамалды тағуы міндетті.

Ал дін не дейді?
Діни түсінік бойынша орамалсыз жүрген әйелдің иманы қырық қадам алыс жүреді. Емізулі баласы бар әйелдің басында орамалы жоқ болса қайызғағын шайтан баланың аузына салып жібереді деген түсінік бар. Ондай бала есейгенде анадан безіп, қайырымсыз болады деп ұққан. Осыдан-ақ ананың ақ сүтімен даритын баланың тәрбиесінде ақ орамалдың алатын орны ерекше екенін аңғаруға болады.

Мұнан бөлек «Орамал тон болмайды, жол болады» деген аталы сөз бар. Ертеректе орамалды сый-сияпат ретінде берген. Алыстан ат терлетіп келген қонақ үйдің отанасына орамал сыйлап жатады. Сыйдың қайтарымы ретінде үй иесі де кетер кезде орамалды көйлектік пұлмен бірге салып береді. Бір қуанарлығы, бұл дәстүр күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.

Түйін
Бүгінде орамалды күнделікті тағудан бас тартып, тек қана Құдайы тамақ беру сынды жиын үшін тағатындар көбейді. Ақ жаулықты аналарымыз салып кеткен дара жолды жалғаушылардың қатары азайып бара жатқаны қынжылтады. Заман алға қанша көш ілгерілегенімен, бір орамал адам сұлулығына сын келтірмесі анық. Мұхтар Әуезовтің «Адамдық негізі – әйел» мақаласында, баланың тәрбиелі болып өсуі үйдегі әйелден дейді. Көзін ашқалы жанынан табылатын анасынан не көрсе, соны үлгі етеді. Ақ жаулықты аналарымыз салып кеткен дара жолды жалғап, ұлттық құндылығымызды жоғалтып алмасақ игі.
Ақнұр САҒЫНТАЙ

Тақырыпқа тұздық:
Зейнегүл Ахметова:
– Келіндердің орамал тартудан неліктен бас тартатынын түсінбеймін. Орамалды таққанның өзі үлкендерге деген құрметті білдіреді. Себебі келіннің тәлім-тәрбиесі сол орамал арқылы дариды. Ол мейлі жас келін болсын, тіпті үлкен әже болсын әйел затының орамал таққаны дұрыс. Өзім бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырғаныма 30 жылдан асты. Келін болып түскеннен бастап, орамалды тастамай тағып жүремін.

Бибінұр Серікқызы:
– Келін болып түскеніме бес жылдан асты. Әлі күнге дейін орамалды басымнан шешкен емеспін. Ата-енеммен бірге тұрамыз. Үлкен кісілерге сәлем салғанда басыңда орамалыңның болғаны жақсы ғой. Осылайша үлкендердің батасын алып, келіндік міндетімді мінсіз атқарғым келеді.
19 тамыз 2019 ж. 3 415 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 234

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 337

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930