» » Таңдаулы транспорт тарланы

Таңдаулы транспорт тарланы

Теміржол саласында табанды еңбек еткен Қайыпназар Көздібаев есімді ақсақалды қармақшылықтар өте мейірімді, қолында барын бөліп беріп, бәрін демеп, үйлі-баранды еткен жомарт жан деп таниды. 1939 жылы Ұлы Отан соғысы басталған тұста Қайыпназар әкенің отбасында Таңатар есімді ер бала дүниеге келеді. Оның балалық шағы да сол қиын-қыстау кездермен тұспа-тұс еді.
«Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деген. Әкесінен алған тәрбиесімен талайды тәнті еткен ел ағасы қазір сексеннің сеңгірінен асқан. Таңатар Қайыпназарұлы Ресейдегі Ноябрьск қаласында авто­жүргізушілер дайындайтын мектепте білім алып, елге келгеннен кейін халық аузында «Автобаза» атауымен жатталып қалған мекемеге автокөлік жүргізушісі болып жұмысқа қабылданады. Өзінің алғашқы еңбек жолын осы орыннан бастайды. Кейін ұзақ жыл автобус жүргізсе, ірі жүк тасымалдау көліктерін де тізгіндеген. 35 жыл үзіліссіз еңбек еткен азамат құрметті зейнеттік демалысқа шыққанынша түр­лі мақтау мен марапаттардан кенде болмаған. 1975-1977 жылдар аралығында облыстық партия және облыстық атқару кеңесі, сонымен қатар комсомол және кәсіподақ комитеттерінің шешімімен социалистік жарыстың жеңімпазы атанса, 1974-тен 1978 жылға дейін қатарынан 4 рет облыстың «Таңдаулы транспорт қызметкері» атанған. Майталман жүргізуші «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Еңбек ардагері» төсбелгісімен және бірнеше рет аудандық, облыстық, партия және атқару комитеттерінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болған. Өмірлік жары, балаларының анасы, немерелерінің әжесі марқұм Рәзия Базарқызымен бірге 7 ұл-қыз тәрбиелесе, бүгінде олардан 26 немере, 21 шөбере сүйіп отырған бақытты ата.
– Зейнетке шыққаннан соң қарап отыра аламын ба? Бала кезден машықтанған мамандықтан бірден қол үзу де оңайға соқпады. Ойлана келе аулама түрлі жеміс ағаштарын отырғызып, оны күтіп-баптауға кірістім. Қазір бағымда 50-ге жуық түрлі жеміс ағашы бар. Жыл сайын үйіп-төгіп несібесін береді. Оны балаларым мен не­мере-шөберелерім рақаттанып жейді. Еш­қашан картоп сатып алған емеспіз. Өзім егіп, өнімін қыс бойы азық қыламыз. Бір жылдары 500-1000-ға дейін қоян, тауық, үй құстарын асырадым. Қазір қорада төрт түлік бар. Соны ермек қыламын, – дейді еңбек ардагері.
Немересі Айдана Көздібаевамен әңгі­мелескенде ол былай деді. «Мен атамның жалғыз ұлынан тараған алғашқы неме­ресімін. Атам бір қызығы немерелерінің бәріне еркелетіп ат қойған. Ат қойғанда да сол есімі біздің болмысымызбен сәйкес келеді. Мені «Әнші, биші, күйші балапан» дейтін. Содан болар жан-жақты болдым. Сіңілімді «Дана көжек» дейді. Ол өте ақылды. Әрқайсысымыздың балалық шағымыздың ерекше өтуіне бар жағдайды жасаған ата-әжеміз. Ескі автобус көлігінің орындығынан әткеншек жасап беретін. Ал қыс мезгіліне арнап жасаған шанасының дизайны мен құрастырылуы нағыз шеберлік. Ондай ерекше дүниелер тек бізде ғана болды. Көршілер қызығып, сұрайтын. Атам дүние жинаған адам емес. Қайта қолында барын бөліп беріп алғысқа кенеліп отырады. Ер азамат болып әжеме немесе балаларына қатты сөз айтқанын естімегенбіз. Баршамыздың дұрыс сөйлеуімізді қадағалап отырады. Сонымен қатар ізденуге, үйренуге, ұмтылуға машықтандырады. Әжеміз өмірден өтіп кетті. Ата-анамыз жұмыста болған соң көп уақытты атамызбен бірге өткізетінбіз. Оның бау-бақшасының өзі керемет. Бүгінде жеміс ағаштарының көшеттері аудан, қала, тіпті облыс асып жеміс жаюда. Атам қай іс болсын асқан ұқыптылықпен жасайды, әсіресе табиғатқа деген құрметі зор. Талда өскен әрбір жеміске құрмет көрсетуді, күтіп-баптауды, жыл мезгілдеріне сай ауа-райының өзгерістерін алдын ала болжап егінге соған сай жағдай жасайтынбыз. Жаз­дың алғашқы онкүндігінде пісіп бас­тайтын өрік жемісін пісіп кетпесін деп үстін жауып, күннің шығуы мен батуына қарай температурасын бақылап отырып, оқудан келгенімде мәз болып бір шелек қылып теріп беретін. Ал қысқы қауынды сақтап қоятын. Бала кезден табиғатқа жаным жақын өскеннен болар қазіргі мамандығымды меңгеруде еш қиналмадым, тіпті атамның берген білімін университетімде қолданып, үздік болдым. Атамның әрбір сөзі, ісі маған үлкен сабақ. Қызық әңгімелерін ұйып тыңдайтынмын. Болгария мемлекетіне шипажайға барғандарын айтқанда ерекше әсерленгенмін, содан болар магистратурада білім алып жүріп, Болгария мемлекетіне ойламаған жерден оқуға (тағлымдамаға) бардым. Шет елден келген соң бұрынғы Болгария мен қазіргі кезін салыстырып үлкен әңгіме құрып, естеліктермен бөлістім. Жұмысы жайлы айтар болсам, КСРО-ның түкпір-түкпірін аралап, еңбек сіңірген қызметкерлерді тасыған. Жүк көлігін сахна қылып, талай әнші ауыл аралап концерт берген де екен. Техниканың тілін жетік білетіні соншалық, 35 жыл көлік жүргізгенде бірде-бір рет далада қалмадым деп отырады. Әлі күнге дейін газет, кітап оқып, оны жинайды. Құнды әңгімелер мен керекті дүниелерді қиып, сақтап қояды» дейді атасы жайлы ағынан жарылып.
Сөздің емес, істің адамы болған ел ағасы бүгін бүтін бір әулеттің ақылшы тірегі, қамқоры болып отыр. Өзі алған саналы тәрбиені ұрпағының бойына да сіңіре білді. Аузынан тәубесі мен шүкірі, айналайыны мен өркенің өссіні түспейтін Таңатар атамыз сынды қазыналарымыз аман болсын. Әр отбасында елдің бейбітшілігін тілеп, балаларына бағдар бере алатын ата-ана болса, ел татулықта болып, іргесі сөгілмек емес.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (сурет)

22 қаңтар 2022 ж. 503 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 278

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 374

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930