ҚҰДАБАЕВ КӨШЕСІ
1994 жылы аудан әкімі қызметін атқарған Жақай Бодықбаевтың Жосалы кенті мен аудан аумағындағы барлық елді мекендегі көше және әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындар атауын заман талабына сай өзгертуге арналған 10-ақпандағы №192 шешімімен Батыс кварталы көшесі Мәденбай Құдабаев атауына өзгертілді.
Мәденбай Құдабаев 1902 жылы Жосалы кентінде жұмысшы отбасында дүниеге келген. Кент орталығындағы қазіргі №26 орта мектепті бітірген соң еңбек жолын Жосалы стансасында теміржолшы болып бастаған.
Ал, 1930-1938 жылдары Қызылорда стансасында слесарь, вагон қараушы болып еңбек еткен Мәденбай Құдабаев осы салада еңбек ете жүріп, облыс орталығындағы партия мектебінде білімін жетілдіріп, 1938-1943 жылдары Қызылорда теміржол стансасына қарасты №12 теміржол дистанциясы бастығының саяси жұмыс жөніндегі орынбасары, содан кейін, яғни 1943-1948 жылдар аралығында аталмыш стансаға қарасты теміржол тораптық партия комитетінің хатшысы, отын қоймасы әскерилендірілген күзет бөлімінің бастығы қызметін абыроймен атқарады.
Ал, құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін аудандық май зауытының бастығы, Жосалы стансасында аға теміржол қараушы қызметтерін атқарды.
Құрметті теміржолшы еселі еңбегі үшін көптеген мемлекеттік марапатқа ие болады. Оның ішінде, 1952 жылы Мәскеу қаласында халық комиссары М.Калинин оның омырауына «Ленин» орденін тақса, КСРО Теміржол министрі А.Кагановичтан алтын сағат сыйға алады.
Сондай-ақ, ол елімізде теміржол саласының дамуына қосқан орасан еңбегі үшін «Құрметті теміржолшы», «Үздік теміржолшы», «Үздік вагон қараушы» төсбелгілерін иеленді. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі де жоғары бағаланып, «Еңбектегі ерлігі үшін» және «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысындағы үздік еңбегі үшін» медальдарымен, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Мақтау грамотасымен, ҚазССР Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталады. 2 мәрте Қазақстан Орталық комитетінің съезіне делегат болып қатысты.
Құрметті теміржолшы Мәденбай Құдабаев 1982 жылы 70 жасында дүниеден озды.