ӨНЕР ӨРГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ
Өнер – адамның жан дүниесін байытып, қабілеті мен дарынын танытатын асыл қасиет. Әрбір баланың бойында ашылмаған бір талант, бағындырмаған бір белес бар. Өнерлі өрендеріміздің шығармашылық қабілетін шыңдап, сахна төрінде өз өнерлерін көрсетуіне мүмкіндік беру – біздің басты мақсатымыз.
Жақында Түркістан қаласында өткен «Балаларға базарлық» республикалық балалар шығармашылық байқауына Ақай ауылындағы №99 орта мектептің бір топ оқушылары бірнеше жанр бойынша қатысып, өз өнерлері мен таланттарын жоғары деңгейде көрсетті. Байқауда қатысушылар өздерінің ізденімпаздығын, шығармашылық шеберлігін және ерекше қабілеттерін көрсетіп, бірі ән шырқап, бірі би билеп, күй тартып, көркем сөз оқып, өнерлерін паш етті.
Аталған байқаудың нәтижесі бойынша оқушыларымыз жүлделі орындарға ие болып, мектебіміздің мерейін асқақтатты. Атап айтар болсақ, «Вокал» жанры бойынша 9 сынып оқушысы Кәусар Алтынбек бас жүлдені иеленіп, Алматы қаласында өтетін халықаралық байқауға және Түркияда өтетін байқауға жолдамаға ие болды. Сонымен бірге 5 сынып оқушысы Раяна Серіковаға І орын бұйырып, аталған байқауға жолдама алса, 7 сынып оқушысы Сая Сансызбаева ІІІ орынмен марапатталды. Осы оқушыларға жетекшілік еткен Кеңескүл Құдайбергенова апайымыздың еңбегі зор.
«Аспапта ойнау» жанры бойынша күй тартып, үздік өнер көрсеткені үшін 9 сынып оқушысы Алинұр Тойымбетов бас жүлде және шетелде өтетін байқауға жолдама ұтса, ал жетекшісі Гүлнар Науановаға түрік еліне саяхатқа жолдама тапсырылды. Хореография жанры бойынша Аружан Мирамбекқызы жетекшілік ететін «Назар» би тобы бас жүлдені қанжығасына байлап, жолдамаға қол жеткізді.
«Көркем сөз» жанры бойынша 11 сынып оқушысы Сезім Оңдашова (жетекшісі Жазира Байтерекова) М.Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» өлеңін мәнеріне келтіріп оқып бас жүлдені бағындырып, Түркістан қаласындағы «Өнер» университетінің грант иегері атанды.
Қымбат БЕРДЕШ














