ТАЛАНТТЫ ОҚУШЫ – БОЛАШАҚТЫҢ ШАМШЫРАҒЫ
Қай қоғамда болсын өркендеу мен ілгерілеудің негізгі тірегі – білімді, дарынды ұрпақ екені анық. Өйткені ел ертеңін айқындап, оның дамуына серпін беретін де бүгінгі жас буын. Кез келген мектеп қабырғасында жүрген әрбір оқушының бойында өзіндік қабілет, ерекше талант бар. Сол қасиетті дер кезінде байқап, дұрыс бағытбағдар беру – ұстаз бен ата-ананың ортақ міндеті.
Мектебімізде қабілетімен ерекшеленіп жүрген жас өрендердің бірі – бастауыш сынып оқушысы Гүлсім Меңлібек. Жас болса да, алысқа қарап армандай білетін, өнерге жақын шәкірттің болашағынан зор үміт күтуге толық негіз бар.
Жақында Гүлсім Түркістан қаласында өткен «Анама сыйлық» атты республикалық балалар шығармашылық байқауында ерекше өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Бұл байқау бүлдіршіндер, мектеп оқушылары және жасөспірімдер арасында ұйымдастырылып, жас таланттардың өнерін шыңдауға, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған. Шәкіртіміздің жеңісі оған үлкен мүмкіндік сыйлады. Ол Түркия қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама алып, енді ел намысын халықаралық деңгейде қорғауға дайындалуда. Бұл – тек шәкірт үшін ғана емес, оны тәрбиелеп отырған ұстазы мен ата-анасы үшін де үлкен мақтаныш.
Әрбір жетістік – табанды еңбектің жемісі. Гүлсімнің бойындағы өнерді байқап, оны дамытуға үлес қосқан бастауыш сынып мұғалімі Тамара Қатарбекқызы да арнайы марапатқа ие болды. Бұл – ұстаз еңбегінің еленіп, шәкірт жетістігі арқылы бағалануының жарқын көрінісі.
Дарынды баланың қанатын қатайтып, биікке самғауына жағдай жасау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осындай талапты да талантты оқушылар көбейген сайын еліміздің болашағы да нұрлы болмақ.
Т.КӘРІҚҰЛОВА,
№29 мектеп мұғалімі















