САЛАУАТТЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕГЕН ҰСТАЗ
Қай заманда да ұстаз мәртебесі биік. Өйткені ел ертеңі – білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек ететін жандардың бірі де бірегейі – осы ұстаз қауымы. Бүгінде білім ордаларын абырой биігіне жетелеп, түрлі додада топ жарып жүрген мұғалімдер аз емес. Солардың қатарында өз ісіне адал, шәкірт тәрбиесінде тың серпін қалыптастырып жүрген білікті педагог – Талант Құлбаев та бар.
Ол – ауданға қарасты Қызылтам елді мекенінің тумасы. Туған жеріне туын тігіп, ауыл мектебінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген ұстаз бүгінде білікті басшы Әсет Тынысбекұлы басқаратын №79 негізгі мектепте табысты еңбек етуде. Осындай ұйымшыл ұжымда қызмет ету – әр ұстаз үшін үлкен жауапкершілік. Ал Талант Мейрамбекұлы бұл сенімді абыроймен ақтап жүрген маман. Осы мектепте он үш жылдан астам уақыт бойы «Дене шынықтыру» пәнінен сабақ беріп келеді. Осы уақыт аралығында өзін ізденімпаз, жаңашыл әрі талапшыл ұстаз ретінде таныта білді. Шәкірттерінің бойына салауатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, оларды спортқа баулып, түрлі жарыстарда жоғары нәтижелерге жетуіне ықпал етуде.
Талант Мейрамбекұлы – жоғары білімді маман. Ол М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжін және Орта Азия инновациялық университетін тәмамдаған. Білімін үнемі жетілдіріп отыратын ұстаз қазіргі таңда ІІ санатқа ие. Сонымен қатар сарапшы, зерттеуші санаттарын иеленуі – оның кәсіби біліктілігінің айқын көрінісі.
Ұстаздың еңбек жолындағы жетістіктері де аз емес. Ол үш мәрте облыстық білім басқармасы мен Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Бұл – оның педагогикалық қызметіне берілген жоғары баға. Сонымен қатар аудандық «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі» байқауында «Жаңашыл мұғалім – 2023» номинациясын иеленуі де – оның шығармашылық ізденісінің нәтижесі.
Мектеп өмірінде белсенділік танытып, әріптестері арасында беделге ие болған Талант Мейрамбекұлы тек сабақ берумен шектелмей, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға да ерекше мән береді. Түрлі спорттық іс-шаралар мен жарыстарды ұйымдастырып, жас жеткіншектердің спортқа деген қызығушылығын арттыруда аянбай еңбек етіп жүр.
Ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірт жетістігі. Осы орайда Таланттың шәкірттері жыл сайын аудандық, облыстық деңгейдегі спорттық сайыстарда топ жарып келеді. Атап айтқанда, «Алтын күз» спартакиадасы, «Ұлттық мектеп лигасы», «Chess Champions» сынды жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, мектеп мерейін үстем етуде. Бұл – ұстаз бен шәкірттің бірлескен еңбегінің сөзсіз нәтижесі.
Бүгінде қоғамда салауатты өмір салтын насихаттау – аса маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта еңбек етіп жүрген дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің орны ерекше.
Әрбір шәкірттің бойынан қабілетті байқап, оны дамыту – ұстаздың басты міндеті болса, осы жолда Талант Құлбаев әр баланың мүмкіндігін ескеріп, олардың спорттағы жетістіктерге жетуіне қолдау көрсетіп келеді. Оның сабағында тәртіп те, талап та бар. Соның арқасында оқушылар арасында спортқа деген қызығушылық артып, салауатты өмір салты қалыптасуда.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
















