ҰЛТТЫҢ РУХАНИ ТІРЕГІ
Ұстаз – әр адамның жүрегіне жылулық нұрын себетін аяулы тұлға. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі – ұстаз. Ұстаз қарапайым маман иесі болғанмен, олар әрқашан аты үлкен әріппен жазылуға тиісті ұлы тұлға, дара мамандықтың иесі. Осы орайда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының ұйымдастыруымен аудандық Жыраулар үйінде 5-қазан – Мұғалімдер күніне орай «Ұстаз – ұлттың рухани тірегі» тақырыбында мерекелік кездесу өтті.
«Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Гүлжауһар Төлегенқызы ауданның білім саласындағы бастауыш ұйымдарындағы тіл жанашырларын мұғалімдер күнімен құттықтап, олардың қоғамдағы орнын, ұрпақ бойына білім мен тәрбие берудегі елге сіңірген өлшеусіз еңбегін айта отырып, шынайы лебізін білдірді.
– Сіздер – ел болашағының жарқын жолын жарық етіп, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп жүрген ерекше жандарсыздар. Әрбір балаға бағыт-бағдар беріп, жүрегіңізден жылу, біліміңізден нәр беріп келесіздер. Ұстаз деген ұлы есім – құрмет пен жауапкершілікті, жанашырлық пен жанкештілікті қатар алып жүретін мәртебелі мамандық. «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі атынан ұлттың рухани тірегі – ана тілімізді ұлықтап, оның қадір-қасиетін шәкірт бойына сіңіріп жүрген сіздерге зор алғыс білдіреміз. Мықты денсаулық, сарқылмас шабыт, шығармашылық табыс және шәкірттеріңіздің биік белестерден көрінуін тілейміз. Еңбектеріңіз жана берсін, мерейлеріңіз үстем болсын, – деді Гүлжауһар Төлегенқызы.
Сонымен бірге аудандық филиалдың алқа мүшесі, қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов ұстаздарды құттықтап, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларды айта келіп, оларға адал еңбектері үшін алғысын білдірді.
Бір топ тіл белсенділеріне бірлестіктің, облыстың, аудандық филиалдың алғыс хаттары мен сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ кездесуде ұстаз туралы ән шырқалып, көпшілікке керемет көңіл-күй сыйланды.
Ұстаз – ұлттың ұлы тұлғасын тәрбиелейтін, болашаққа жол сілтейтін шырақшы. Білім мен тәрбие беру жолында талмай еңбек етіп жүрген мұғалімдердің еңбегі әрдайым құрметке лайық. Еліміздің ертеңі – бүгінгі шәкірт десек, сол шәкірттің санасына сәуле құятын, жүрегіне жол табатын жан – ұстаз екені даусыз. Сондықтан, ұстазға деген алғыс пен құрмет – әрбір саналы азаматтың парызы.
Гүлнар БИСЕНҚҰЛОВА,
«Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының қызметкері