Білім – биіктік баспалдағы
Еліміз еркіндік алған соң тың идеялар мен серпінді бағдарламаларды қабылдап, дамудың жаңа сатысына қадам басты. Соның нәтижесінде 2009 жылы қабылданған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында көптеген ауыл жасы туған ауылына оралып, ел дамуына тәжірибелі үлес қосуда.Ауыл-аймақты қажетті әлеуметтік, техникалық мамандармен қамтамасыз етуді мақсат еткен бұл бағдарлама – ұлт болашағы үшін жасалған ұтымды жобалардың бірі. Осы бағдарлама аясында қажетті білімін меңгеріп, еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп жүрген жас мамандар аз емес.
Мемлекет басымдық берген «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы ауылдық елді-мекендердегі маман тапшылығын шешуге сеп болуда. Бұл бағдарламаның шапағатын да көріп жүрген жастар аз емес. Солардың бірі – Алтынай Абдрахманова. Ол 1990 жылы 17-тамызда Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде дүниеге келген. С.Есқараев атындағы №27 орта мектепте білім алып, 2007 жылы түлеп ұшады. Осы жылы Қызылорда облысы «Болашақ» университетіне «Педагогика және психология» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2011 жылы тәмамдады. Басшылыққа сұраныс беріп, 2011 жылғы оқу жылынан бастап Ү.Томанов атындағы №183 орта мектебіне өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі болып қызметке тұрады. Дарынды ұстаз қара шаңырақта жеті жыл талмай еңбек етуінің арқасында көптеген дипломмен марапатталды.
Еліміздің жастарға жасаған үлкен мүмкіндігін тиімді пайдалана білген абзал. Ауылымыздың өркендеуі – еліміздің көркеюіне сеп болмақ. Биік шыңға жету үшін белгілі бір мақсат болуы керек. Еңбек жолымды ең алғаш ауылдан бастасам деген ниетім болды. Осы бағдарлама бойынша туған жеріме оралып, өз үлесімді қосудамын. Білім – биікке бағыттайтын баспалдақ. Шәкіртің жақсы тәрбие алып, саналы ұрпақ болып ел алғысына ие болса, ұстаз үшін одан асқан мәртебе жоқ. Бар ғұмырымды шәкірттеріме сапалы білім беруге арнағым келеді, – дейді Алтынай Абдрахманова.Сенім – адам серігі дейді. Ал сенімді маманды қоғам қашан да қажет етеді. Бүгінде Алтынай арқалаған сенімге селкеу түсірген емес.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».