Білікті ұстаз сыйақы иеленді
Жас ұрпақты біліммен сусындатып, оны үлкен өмірге қанаттандыру – ұстаз алдына қойылған зор міндеттің бірі. Сондай-ақ, «ұстаз» деген ұлағатты есімге кір келтірмей, оны абыроймен алып жүру де зор жауапкершілік артады. Білім саласының дамуы мемлекет назарындағы кезек күттірмес мәселенің бірі. Сондықтан да ұстаздар қашанда қоғам назарында. Өткен жылдың қорытындысына сай облыста «Мәртебелі ұстаз ¬– ел мерейі» атты салтанатты кеш ұйымдастырылған болатын. Онда білім саласының дамуына ерекше үлес қосып жүрген ұстаздарға құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова конкурс негізінде үздік деп танылғандарға төсбелгі мен сыйақы табыстады. Осындай марапатқа лайықты он мұғалімнің бірі – жерлесіміз Серік Ниязов.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының құрмет грамотасын, республикалық деңгейде «Үздік ауыл мұғалімі – 2019» номинациясын иеленген. Онан бөлек, жетістіктер қатарын республикадағы белді жоғары оқу орнының сертификаттары толықтырған. Жаңашыл әрі талапшыл ұстаздың оқушылары да биік белесті бағындырып, топ жарып жүрген озаттар. ҰБТ бойынша оқушылары алтын белгі, үздік аттестат иеленсе, таңдау пәні бойынша толық 40 ұпай жинаған шәкірттері де бар. Сондай-ақ озат мұғалімнің оқушылары республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі түрлі байқау, ғылыми жобаны қорғау, олимпиадаларда жүлдегер атануда.
– Менің ойымша, ұстаздың басты мақсаты – оқушыға белгілі бір шамада білім беріп қоймай, білім, білік, дағдыларын жетілдіріп, жеке тұлға етіп қалыптастыру. Осы күнге дейін мектептің педагогикалық үдерісіне елеулі өзгерістер енгізбесек те, жасаған жұмыстарым өз нәтижесін беріп келеді. «Өзгеріс өткінші оқиға емес, ол уақытты және төзімділікті талап етеді» дегендей, сапалы педагогикалық қызмет көрсету үшін табысты да құзырлы мұғалім болып қалыптасуға деген шын ниетім бар. Бұл – менің мұғалімдік қызметімдегі әрбір ісімнің нәтижелі болуына жол ашатын қасиетім. Ұстаз – келер күннің ұстасы, балалардың қалыптасып келе жатқан дүниетанымының, өмірге деген көзқарастарының иесі. Ендеше, ұрпағымыздың ертеңінің қалай қалыптаспағы – біздің бүгінгі арқалар жүгіміз болмақ, – дейді білікті ұстаз Серік Ниязов.
Облыстық жиыннан олжалы оралған ұстазды білім бөлімінің басшысы Дастан Нәзікбаев қабылдап, алдағы уақытта ел игілігі үшін еңбек етіп, егемен еліміздің ертеңі болатын өрелі өрендерді тәрбиелеуде талмай еңбек етуіне тілектестігін білдірді.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ