Аудан ұстаздарына құрмет көрсетілді
Қармақшы ауданының әкімі М. Қалдарбеков кәсіби мереке ұстаздар күні аясында ауданымыздың үздік ұстаздарын қабылдады.
Аудан басшысы білім беру саласындағы табысты жетістіктерді атап өтіп, мерекелік жылы лебізін жеткізді.
- Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында талай елін сүйетін, білімді жастардың қосыларына кәміл сенімдеміз. Ұстаз деген ұлағатты есімді қастерлеп, халқымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі педагогикалық жаңа әдіс-тәсілдермен ұштастыра білген шеберліктеріңіздің арқасында ауданымыздың білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, талантты шәкірттер тәрбиелеп келесіздер. Дана халқымыз «Білім инемен құдық қазғандай» дейді, сол күрделі істе оң нәтижелерге қол жеткізген ұстаздарға деген біздің ризашылығымыз ерекше зор,-деді аудан әкімі.
Сонымен бірге кездесу барысында ауданның үздік педагогтары қатысып, мерекелік лебіздерін білдірді.
Кездесу соңында сала үздіктеріне аудан әкімінің алғыс хаттарын салтанатты түрде табыстады.
Бұл мереке шын мәнінде барша халыққа ортақ. Өйткені, кез келген мамандық, кез келген лауазым иесі ұстаздан білім, тәрбие алады.
Жаңа дәуір талабына сай озық тұрған мұғалім ғана шәкірт алдында беделі биік болары сөзсіз. Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды, білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Нәтижесінде, биылдан бастап педагог және оларға теңестірілген қызметкерлердің еңбекақысы өсуде.
Бұл – ауданымыздың ұстаздарына мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау болып табылады.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі