ЖЫР ҚАЗЫНАСЫ – ҚУАНДЫҚ ЖЫРАУ
Сыр бойы – жыраулық өнердің тамыры тереңге тартқан, талай талантты түлеткен қасиетті өлке. Ғасырлардан жеткен жыр дәстүрін бүгінгі ұрпаққа жеткізу, өнер иелерінің мұрасын ұлықтау – рухани сабақтастықтың маңызды көрінісі. Осы мақсатта Тұрмағамбет ауылындағы Қуандық Бүрлібаев атындағы клуб үйінде «Қасиетті жырдың қазынасы – Қуандық жырау» атты облыстық жыраулар фестивалі өтті.
Ұлттық өнерді дәріптеген тағылымды шараға аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев қатысып, Қармақшы топырағының жыраулық дәстүріндегі айрықша орнына тоқталды. Ол Қуандық Бүрлібаевтың Сыр сүлейлерінің мұрасын насихаттауға сіңірген еңбегін атап өтіп, жырау есімінің мәдениет ошағына берілуі – оның өнеріне көрсетілген құрмет әрі кейінгі буынға өнеге екенін жеткізді. Сондай-ақ фестивальге жиналған өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Кештің құрметті қонағы, профессор, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Алмасбек Алматов та жыраулық өнердің ұлттық руханияттағы маңызына тоқталып, Қуандық жыраудың қазақ өнеріне қосқан үлесін сөз етті.
Фестивальде облыстың әр өңірінен келген жыршы-жыраулар дәстүрлі өнердің сан қырын танытып, көрерменге рухани әсер сыйлады. Сахна төрінде орындалған жырлар арқылы Сыр бойының бай мұрасы жаңғырып, жыраулық мектептің жалғастығы көрініс тапты.
Іс-шараның тағы бір тартымды сәті – Қуандық жырау ұрпағының естеліктері болды. Олар әке өнегесі мен өнер аманаты жөнінде ой бөлісіп, жыршының өмірі мен шығармашылық жолына қатысты естеліктерімен бөлісті.
Кеш соңында ұлттық өнерді насихаттап, оның өрісін кеңейтуге үлес қосып жүрген қатысушыларға аудан әкімінің атынан алғыс хат табысталды.
Жырауға арналған бұл фестиваль бір өнерпаздың есімін ұлықтаумен ғана шектелмейтін, Сыр бойындағы жыраулық дәстүрдің қадірін арттырып, ұрпақ сабақтастығын бекемдейтін рухани бастау болды. Халық жадында сақталған жыр қазынасы осындай кездесулер арқылы жаңғырып, келер буынға аманаттала бермек.
«ҚТ» ақпарат













