ЕҢБЕКШІЛ ҰСТАЗ – ЕЛ ҚҰРМЕТТІСІ
Елбасы н.назарбаев өзінің кезекті жолдауында «мен сіздер, бүгінгі жастар, ерекше ұрпақ екендеріңізді, қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз қазақстанда өмірге келдіңіздер, сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты-біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты» деген болатын.
Міне, Елбасының жоғарыда айтылған өсиетін жадында сақтап, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге үлесін қосып жүрген азаматтар арамызда аз емес.
Сондай жастарымыздың бірі – Төретам кенті, Жанқожа батыр атындағы №269 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Нұрбол Есқалиев.
«Болашақтың негізі мектепте қаланады» дегендей, мектептің мерейін білікті мұғалім мен білімді оқушы шығарады. Осындай елеулі еңбектердің арқасында Нұрбол Салматұлының оқушылары да биік белестерді бағындырып келеді. Толығырақ айтқанда, оның шәкірттері арасында аудандық пәндік олимпиадада 9-сынып оқушысы Жайна Байғара құқық пәнінен ІІ орынды иеленсе, 11-сынып оқушысы Перизат Жолмырзаева І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, аудандық пәндік олимпиаданың нәтижесімен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жоғарыда аталған шәкірті, яғни 11-сынып оқушысы Перизат Жолмырзаева ІІІ орынға ие болып, ұстаз мерейін өсірді.
Білімді ұстаздың еңбегі тек облыстық дәрежеде ғана емес, халықаралық байқауда да көрініп жүр. Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында «Ғылымға қадам – болашақ кепілі» атты республикалық мектеп оқушылары арасында өткен ғылыми жоба байқауында 7-сынып оқушысы Ақнұр Қуанышова жүлделі ІІІ орынды иеленіп, тек ұстаз абыройын ғана емес, аймақ мерейін тасытты.
Міне, жаста болса, әріптестері арасында шәкірт тәрбиелеуде өзінің өнегелі өмірімен басқаларға үлгі көрсетіп жүрген Нұрбол Салматұлы облыс әкімінің «Сыр үміті» сыйлығының иегері атанды. Сонымен қатар, аудан әкімі мен аудандық білім бөлімінің алғыс хаттарына және басқа да марапаттарға ие болды. Оның ішінде, ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығы аясында ұстаздық шеберлігін, шығармашылық ізденісін жоғары дәрежеде танытқаны үшін жас маман республикалық «Білім шыңы» қоғамдық бірлестігінің құрмет грамотасымен және «Мәңгілік елдің мәртебелі мұғалімі» төсбелгісімен марапатталды.
«Жастар болашаққа апаратын алтын көпір», –дейді дана халқымыз. Расында да, әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Міне, осы қағиданы ұстанып келе жатқан Нұрбол Салматұлы ұрпақ тәрбиелеуде өз үлесін қосып жүрген, болашағынан үлкен үміт күттіретін жастардың бірі.
Әсем АСЫЛБЕКОВА, №269 орта мектеп мұғалімі