» » » ҰСТАЗ ӨМІРІ ШӘКІРТТЕРІМЕН ЖАЛҒАСАДЫ

ҰСТАЗ ӨМІРІ ШӘКІРТТЕРІМЕН ЖАЛҒАСАДЫ

«Мұғалім-зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты» деп орыс зиялысы К.Д.Ушинский айтқандай, ұстаз адам баласы үшін ең қымбат та ардақты тұлға.
Әлбетте, ұстазының салиқалы тәлім-тәрбиесі арқылы жолын ұштастырған шә­кірт­тер өсе келе туған еліне адал қызмет етіп, қоғамымыздың дамуына үлес қосады. Өздері де шәкірт тәрбиелеп, олардың адам болып қалыптасуына еңбек етеді.
Міне, менің бүгінгі мақалама кейіпкер болып отырған сондай тұлғалардың бірі, заманында білімге, оның ішінде діни білімге саналы өмірін арнап, көптеген шәкірттерді тәрбиелеп өсірген, Бұқара қаласындағы әйгілі Көкілташ медресесінде білім алған дінтанушы Шоқбар Ізтілеуұлы мен есімі Сыр өңірі халқына кеңінен танымал болған Ешмағамбет молданың туған қарындасы Айшагүл Сақтағанқызының отбасында дүниеге келген Шәкизада Шоқбарұлы.
Шәкизада Шоқбарұлын өңірімізде оның көзін көрген, бірге қызметтес болған бүгінгі қарттар ғана таниды, жас буын өкілдері сол үлкендердің әңгімелері арқылы ғана біледі.
Ал, енді осы атпал азаматтың өнегелі өм­ір жолын оқырмандарға таныстырар болсақ, өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында, яғни елімізде гал­лошекиндік саясаттың жүргізіліп жатқан кезеңінде дүниеге келген Шәкизада өз замандастары сияқты ашаршылықтың қандай болатынын көріп өскендердің бірі. Ол өсе келе ауылдағы мектепте оқып жүрген ке­зінде елімізде Ұлы Отан соғысы басталып, елдегі барлық 18 бен 50 жас аралығындағы азаматтар Отан қорғауға аттанғанда Шәкизада өзі сияқты жалаң аяқ балалармен бірге ата-аналарымен егін егіп, оны жинап, қыста отын-шөп шабуға көмектеседі.
Міне, соғыс та аяқталып, ел қорғауға аттанған азаматтардың бірі жаралы, енді бірі мүгедек болып елге оралады. Олар соғыс кезінде егін даласында, басқа да салалар бойынша орындарында еңбек еткен әйелдер мен қарттарды ауыстырды.
Жас Шәкизада да өзге қатарлары сияқ­ты мектептегі оқуын жалғастырып, оны 1951 жылы тәмамдап шыққан соң, әрі қарай білімін жетілдіру мақсатында облыс орталығындағы арнаулы оқу орнында су шаруашылығы мамандығы бойынша білім а­лады және сол оқу орнының жолдамасымен Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ау­данында өзінің алғашқы еңбек жолын бастайды.
Жас маман Мақтарал ауданында бір­шама уақыт қызмет еткен соң Отан алдындағы азаматтық парызын өтеуге аттанып, өзі қызмет еткен бөлімде әскери қызметтің қыр-сырын терең меңгереді. Бөлім басшыларының тапсырмаларын бұлжытпай орындап, абыройға бөленеді. Сарбаз Шәкизаданың мінсіз қызметін жоғары бағалаған әскери бөлім басшылары оны түрлі марапаттарға ұсынады.
Міне, Шәкизада Шоқбарұлы өзіне мін­деттелген әскери қызметті де абыройлы атқарып, елге оралған соң Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педа­гогикалық институтына «Орыс тілі және әдебиеті» пәні мамандығы бойынша оқуға түседі. Бұл жоғары оқу орнында да ол білімін жетілдіруде білікті сала мамандарынан тәлім алып шығып, жоғары оқу орнының жолдамасымен Тұрмағамбет ауылындағы, яғни өзі тәлім алған №29 орта мектепке ұстаздық қызметке орналасады. Жас маман бұл білім беру мекемесінде 1962 жылға дейін еңбек етеді. Содан кейін Иіркөл ауылындағы №107 орта мектепке, ал бір жылдан соң Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып ауыстырылады.
Білімді де білікті жас маманның ұстаздық қызметі барысындағы елеулі еңбегін ескерген аудандық білім бөлімі басшылығы оған мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін сеніп тапсырады.
1974 жылы білікті маман аудандық білім бөлімінің бұйрығымен Тұрмағамбет ауылындағы №29 орта мектепке дирек­торлық қызметке тағайындалып, оны 8 жыл бойы абыроймен басқарса, кейіннен Ақжар ауылындағы №28 орта мектепке басшылық етеді. Және де осы мектепте құрметпен зейнеткерлік демалысқа шығады.
Міне, бар саналы өмірін шәкірт тәрбие­леуге арнап, туған халқының құрметіне бөлен­ген Шәкизада Шоқбарұлы көптеген білімді азаматтарға тәлім-тәрбие беріп, олар­дың қоғамымыздан өз орындарын табуларына елеулі еңбек сіңіреді.
Бүгінде сондай атпал азаматтан тәлім алған шәкірттер тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда.
Ұлағатты ұстаздың туған елінің экономикасы мен халқының әл-ауқатын арттыруға қосқан ұзақ жылдарғы елеулі еңбектері үкімет тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше рет ол республикалық, облыстық және аудандық партия комитет­терінің құрмет грамоталарымен, сонымен бірге «ҚазССР Оқу ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталады. Сондай-ақ, Шәкизада Шоқбарұлы 2000 жылы аудан әкімінің «Ғасыр ұстазы» номинациясына ие болады.
Өмірлік жары, өнегелі отбасының аяу­лы отанасы Мергенбайқызы Зибашпен бірге 9 бала тәрбиелеп өсіреді.
Бүгінде осындай өнегелі отбасын аудан тұрғындары «ұстаздар әулеті» деп атайды. Оның дәлелі ретінде Шәкизада Шоқбарұлының ұрпақтарының ішінде Сағи­ра мен Карима сынды қыздары, сонымен бір­ге туған қарындасы Әсия, келіндері Зоя мен Сәуле және немересі Арайлар ұстаздық мамандықты таңдап, олардың бәрі де бүгінде шәкірт тәрбиелеуде екенін айтуға болады.
Сонымен қатар, ел-халқының ар­дақ­­тысы атанған ағамыздың басқа да ұрпақтары өздері қалаған мамандықтары бойынша еңбек етуде.
Қасиетті Қармақшы халқына өзінің іс­керлігімен, елжандылығымен есте қалған ұлағатты ұстаз Шәкизада Шоқбарұлы көзі тірісінде шәкірттеріне қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен тарихын естерінде сақтауда көп еңбек сіңірді. Ол ұдайы аудандық «Қармақшы таңы» газетіне «Ел мен жер тарихынан», «Ұрпаққа ұлағат», «Тарих тағылымы» және басқа да тәрбиелік мәні зор тақырыптар бойынша мақалалар жазып, оқырмандардың қолдауына ие болды. Аудандық басылым бетінде аудан тарихы мен өңірімізде өмір сүр­ген тұлғалар туралы жазған оның әрбір мақалаларын қармақшылықтар ұйып оқитын-ды.
«Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, сон­дықтан оны мағыналы етіп өткізу керек» деп орыстың көрнекті жазушысы Николай Островский айтқандай, шәкірт тәрбиелеу және оған білім беру жолында жас ұрпақтың бойына парасаттылықтың, жақсылық пен ізгіліктің асыл қасиеттерін сіңіре білген Шәкизада Шоқбарұлы білімді ұрпақты тәрбиелеудің ұлы бақыт екенін терең түсінген азамат болып өмірден өтті.
Ұлағатты ұстаз өмірі қазір шәкірт­терімен жалғасуда.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.
11 қаңтар 2018 ж. 1 991 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 097

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031