» » » ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ ТУЫНДЫ

ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ ТУЫНДЫ

Қай жерде, қай ауылда болмасын артында ізгілікті іс, берекелі белгі қалдырған жақсылар мен жайсаңдар қай уақытта да болған және бола бермек. Ондай азаматтардың өз ортасында қашанда сый-құрметке лайық. Біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкері – болмысы қарапайым, мінезі сырбаз, ғалым-ұстаз Бауыржан Елеусіновтің өмірі де кейінгі жастарға үлгі.
Баукең туралы сөз қозғала қалса, оған «Азамат» деген тіркесті қосақтай айту әдетке айналған. Бұл жай ғана айтыл­ған сөз тіркесі емес, ақынжанды азаматтың шығармашы­лық мұратын көрсететін мағыналы айқындауыш. 40 жылға жуық уақыт шығармашылық жолда жүрген Баукең осы бір «азамат» деген абыройлы атағына дақ түсірмей, қайта оны бар бол­мысымен жарқырата таны­тып жүрген зиялы тұлға.
Сыр бойындағы білім мен ғылымның қарашаңырағы Н.Гоголь атындағы Қы­зыл­орда педагогикалық институтын (қазіргі Қорқыт ата атындағы ҚМУ) бітір­геннен кейін Тарас Шевченко атындағы Киев Ұлттық университетінде аспирантурада оқыды, оны тәмамдаған бойда 30 жасқа толмаған жасында сол университеттің Ғылыми Кеңесінде фи­зика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне диссертациясын қорғады. Әлемге әйгілі физиктер, 2 мәрте Социалистік Еңбек Ері, академик Б.Патон, Социалистік Еңбек Ері, академик Ю.Липатов және физика-математика ғылымдарының докторы, профессор В.Сперкачтардан алған білімін ілім қуған қазақтың бар баласына түгелімен беріп жүрген Бауыржан Тәжімағанбетұлы қа­зіргі уақытта 5 монография, 4 оқу құралы, әртүрлі тақырыптарға арнап 5 кітап жазған, АҚШ, Испания, Жапония, Корея, Польша, Норвегия, Чехия, Ресей, Украина және Қазақстанның белгілі ғылыми басылымдарында 400-ге жуық ғылыми, ғылыми-әдістемелік мақалалары жария­лан­ған көрнекті ғалым.
Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша орта мектепке арналып жа­зылған «Физика және астрономия» оқулығының (қазақ, орыс, өзбек және ұйғыр тілдерінде 300 мың дана) авторы ретінде қазақ жұртшылығына таныл­ған ғалым. Қазіргі уақытта «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық Орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры болып қызмет атқаруда. Баукең Қармақшы топырағындағы Иіркөл ауы­лының тумасы, аудан орталығындағы №183 мектептің түлегі.
Халықаралық ақпараттану академия­сының академигі, профессор Бауыржан Тәжімағанбетұлы сүйікті саласы физикамен қатар, алыс-жақын шетелдің тарихы мен мәдениетін, рухани әлемін, әдебиетін тарқата айтып, жазған еңбектерін мысал ретінде қолданып, оқырмандары мен тыңдаушыларын үнемі таңғалдырып жүреді.
Жаны лирикаға жақын болғандықтан болар, Баукең достыққа адал, сөзіне берік, ісі нық, үлкенге құрмет, артынан ерген інілеріне ағалық қамқорлығымен ерекшеленеді. Әдемі әзілімен айнала­сын­дағыларға мейіріммен қарап, әріп­тестерінің шын ықылас-ниетіне бөленіп, адамгершілік қасиеттерімен өз ортасын баурай біледі.
Баукеңнің шығармалары-өмірдің та­за боямасыз көрінісін, уақыттың психологиясын дөп басады. Автор өз шығармаларында қым-қуыт тіршілікті суреттеп, боямасыз өмір бейнелерін көз алдыңа келтіреді. Өмірдің нәзік иірімдері мен сан түрлі құбылысын сезіп-біліп, оны ақ қағаздың бетіне шеберлікпен кестелеу шын таланттың ғана қолынан келмек. Өзіндік қолтаңбасын байқататындай философиялық тақырыпқа арнаған танымал болып кеткен өлеңдері жеткілікті.
Бұл ойымыз ғалымның жақында жарық көрген «Уақыт, шіркін, өткендей жылжып баяу тым...» атты поэзиялық-прозалық естелік-жинағында айқын көрініс тапқандай. Жинақ Бауыржан Елеусіновтың өмір атты үлкен мектептен алған тағылымдары мен шығармашылығына арналған. Аталы сөз бен баталы ойдың қадірін білетін, шығармашылықтың табиғатын терең түсінетін, көкірек-көзі ояу, санасы сергек оқырман үшін тағылымы мен тәлімі мол, құнды дүние.
Естелік-жинақта автор «Ардақты әкем Тәжімағанбет Елеусінұлының және аяулы анам Зәмзеш Мақанқызының асыл рухтарына арнаймын»,-деп әкесі мен анасына арнау сөзден бастап, олардың ғибратты өмірлері мен еңбек жолдары жайлы тебірене еске алады.
«Уақыт, шіркін, өткендей жылжып баяу тым»... атты өлеңінде ол:
...Уақыт, шіркін, өткендей жылжып баяу тым,
Ойласам сені, ардағым әкем, аяулым.
Асқар тау барда шалықтап жүрген көңілім,
Бүгінгі күні қайтемін енді, жаяумын,-деп сыршыл ақындық жүрегімен ардақты әкесіне тебірене жыр жолдарын арнайды.
Аяулы анасы жайлы: «Есте сақтау қабілеті өте жоғары, 30-40 жыл бұрынғы жағдаяттарды қазір болғандай айтып отыратын. Бір сәт те қарап отыра алмайтын еңбекқор және ерекше мейірім шуағын төгіп тұратын жан...»,-деп балалық сағынышпен ой толғайды.
Баукең «Нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат» деген теңеуге лайықты дара тұлға. Оның зерттеушілік, ақындық қыр­ларынан бөлек жазушылық бағыттағы көптеген еңбектері мен мақалалары рес­публикалық, облыстық газеттерде, жор­налдарда, көптеген ғылыми кон­фе­рен­циялардың жинақтарында жарық көрді.
Қаламгердің «Білімі – терең, ақылы – дария» деп аталатын Сыр бойы­ның абыз ақсақалы, ұлағатты ұстазы Мұстафа Матайұлы жайындағы мақа­ла­сында тұлғаның болмысы мен Сыр топырағының құдіретін ерекше си­паттаған. «Алаштың анасы атанған сұлу Сырдың топырағында сан сүлей, топ бастаған шешендер, шынжыр балақ, шұбар төс батырлармен қоса қаламынан даналық төгілген ғалым да көптеп шыққан. Шайырлар туған шат мекеннің топырағы киелі ме, әлде Алланың жазуы солай ма, әйтеуір, Қазалы¬дай құтты ордадан шыққандардың арасында ел танымайтыны ілуде біреу шығар...» деп, киелі сөздің иелері шыққан құт мекенге тамсана баға береді.
«Ұстаз ұлағаты» атты мақаласында «Жылдар жылжып өткен сайын өткен өмір мен жылдар бедерінде тағдыр жолықтырып, санаңызда өшпес із қал­дырған жаны жайсаң жандар жайлы ойлар да көбейеді екен. Және де олардың бейнесі ішкі жан дүниеңізде сан қырларынан сәуле шашып, нұр төгіп тұратын жақұт секілді жарқыраған үстіне жарқырай береді. Сондай асыл жандардың бірі Қорқыт ата атын­дағы ҚМУ-дың физика-математика факуль­тетінің «Физика және физиканы оқыту әдістемесі» кафедрасында ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған профессор Базарбек Қашқынбайұлы Қашқынбаев ағайымыз»,-деп ұстазы жайлы тереңнен сыр шертеді.
Оның шығармашылығында «өзіндік үн, өзіндік қолтаңбаның» басты көріні­сі – әрбір сөз, сөйлемнің мейлінше қысқалығында. Бұл-сөз таба алмағаннан немесе ой аясының тарлығынан емес, керісінше, аз сөзбен көп мағына беру, бірер штрихпен-ақ айтар ойын тереңнен жеткізу, шығармаларында мысалдарды сөз орайымен таба білу деген сөз. «Қысқалық-Таланттың қарындасы» деген орыстың қанатты сөзін еріксіз еске түсіргендей.
Біз бұл ойды қаламгердің «Академик Асқар» деп аталатын М.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік универ­ситетінің түлегі, жерлесіміз Aсқар Жұма­ділдаев жайлы жазылған мақала­сының мына бір жолдарынан көре аламыз: «ХХ ғасыр басында əйгілі комик Ч.Чаплиннің қаңғыбас кейпіндегі рөлін тамашалаған А.Эйнштейн оған «Сіз кереметсіз, əрі жұрттың бəріне де түсініктісіз!»,-деп тамсана телеграмма жолдапты.
1922 жылы А.Эйнштейн Нобель сыйлығын алғанда Ч.Чаплин де: «Сіз де кереметсіз, əйтсе де Сізді ешкім түсін­бейді!»-деп жауап қайырыпты. Осы мысал арқылы автор Ұлы математиктің жұмбақ сырларын түсіндіреді.
Ғалымның жаңа кітабы білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелерді көтерумен қатар, ондағы адамдардың рухани және мәдени болмысын, ғылыми ізденімпаздығын қалың оқырманға шынайы жеткізуімен ерекшеленеді. Ғалым-ұстаздың «Уақыт, шіркін, өткендей жылжып баяу тым...» жинағын оқығаннан кейін осындай ойға келдік.
Шыңғыс Бекенов,
педагогика ғылымдарының магистрі.
09 қаңтар 2018 ж. 1 388 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 032

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031