» » » ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ ТУЫНДЫ

ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ ТУЫНДЫ

Қай жерде, қай ауылда болмасын артында ізгілікті іс, берекелі белгі қалдырған жақсылар мен жайсаңдар әр уақытта болған және бола да бермек. Ондай азаматтардың өз ортасында қашанда сый-құрметке лайық болатыны анық. Біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкері болмысы қарапайым, мінезі сырбаз, ғалым-ұстаз Бауыржан Елеусіновтің өмірі де кейінгі жастарға үлгі боларлықтай. 
Халқымызда «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» - деген аталы сөз бар. Әр азаматтың өзінің шығатын биігі бар десек, Сыр өңірінде сондай бір асқар биіктен көрінген жанның бірі Бауыржан Тәжімағанбетұлы деп айтуға әбден болады.
Баукең туралы сөз қозғала қалса, оған «Азамат» деген тіркесті қосақтай айту әдетке айналған секілді. Бұл жай ғана айтылған сөз тіркесі емес, ақынжанды азаматтың шығармашылық мұратын көрсететін мағыналы айқындауыш. 40 жылға жуық уақыт шығармашылық жолда жүрген Баукең осы бір «азамат» деген абыройлы атағына дақ түсірмей, қайта оны бар болмысымен жарқырата танытып жүрген зиялы тұлға.  
Сыр бойындағы білім мен ғылымның қарашаңырағы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогткалық институтын (қазіргі Қорқыт ата атындағы ҚМУ) бітіргеннен кейін Тарас Шевченко атындағы Киев Ұлттық университетінде аспирантурада оқыды, оны тәмамдаған бойда 30 жасқа толмаған жасында сол университеттің Ғылыми Кеңесінде физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне диссертациясын қорғады. Әлемге әйгілі физиктер, 2 мәрте Социалистік Еңбек Ері, академик Б.Е.Патон, Социалистік Еңбек Ері, академик Ю.С.Липатов және физика-математика ғылымдарының докторы, профессор В.С. Сперкачтардан  алған білімін ілім қуған қазақтың бар баласына түгелімен беріп жүрген Бауыржан Тәжімағанбетұлы қазіргі уақытта 5 монография, 4 оқу құралы, әртүрлі тақырыптарға арнап 5 кітап жазған,  АҚШ, Испания, Жапония, Корея, Польша, Норвегия, Чехия, Ресей, Украина және Қазақстанның белгілі ғылыми басылымдарында 400-ге жуық ғылыми, ғылыми-әдістемелік мақалалары жарияланған  көрнекті ғалым.
Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша орта мектепке арналып жазылған «Физика және астрономия. 9 сынып» оқулығының (қазақ, орыс, өзбек және ұйғыр тілдерінде, 300 мың дана) авторы ретінде қазақ жұртшылығына танылған ғалым. Қазіргі уақытта «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық Орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры болып қызмет атқаруда. Баукең Қармақшы топырағындағы Иіркөл ауылының тумасы, аудан орталығындағы №183 мектептің түлегі.
Ілгергі бабалар аманатын арқалаған халықаралық ақпараттану академиясының академигі, профессор Бауыржан Тәжімағанбетұлы сүйікті саласы физикамен қатар, алыс-жақын шетелдің тарихы мен мәдениетін, рухани әлемін, әдебиетін тарқата айтып, жазған еңбектерін мысал ретінде қолданып, оқырмандары мен тыңдаушыларын үнемі таңғалдырып жүреді.
Жаны лирикаға жақын болғандықтан болар, ғалым-әріптесіміз Баукең достыққа адал, сөзіне берік, ісі нық, үлкенге құрмет, артынан ерген інілеріне ағалық қамқорлығымен ерекшеленеді. Әдемі әзілімен айналасындағыларға мейіріммен қарап, әріптестерінің шын ықылас-ниетіне бөленіп, адамгершілік қасиеттерімен өз ортасын баурай біледі.
Баукеңнің шығармалары-өмірдің таза боямасыз көрінісін, уақыттың психологиясын дөп басады. Автор өз шығармаларында қым-қуыт тіршілікті суреттеп, боямасыз өмір бейнелерін көз алдыңа келтіреді. Өмірдің нәзік иірімдері мен сан түрлі құбылыстарын сезіп-біліп, оны ақ қағаздың бетіне шеберлікпен кестелей білу шын таланттың ғана қолынан келмек. Өзіндік қолтаңбасын байқататындай философиялық тақырыпқа арнаған танымал болып кеткен өлеңдері жеткілікті.
Бұл ойымыз ғалымның жақында жарық көрген «Уақыт, шіркін, өткендей жылжып баяу тым...» атты поэзиялық-прозалық естелік-жинағында айқын көрініс тапқандай. Жинақ Бауыржан Елеусіновтың өмір атты үлкен мектептен алған тағылымдары мен шығармашылығына арналған. Аталы сөз бен баталы ойдың қадірін білетін, шығармашылықтың табиғатын терең түсінетін, көкірек-көзі ояу, санасы сергек оқырман қауым үшін тағылымы мен тәлімі мол, құнды дүние болып табылары ақиқат.
Естелік-жинақта автор «Ардақты әкем Тәжімағанбет Елеусінұлының және аяулы анам Зәмзеш Мақанқызының асыл рухтарына арнаймын»,-деп  әкесі мен анасына арнау сөзден бастап, олардың ғибратты өмірлері мен еңбек жолдары жайлы тебірене еске алады.
Уақыт, шіркін, өткендей жылжып баяу тым... атты өлеңінде ол:
...Уақыт, шіркін, өткендей жылжып баяу тым,
Ойласам сені, ардағым әкем, аяулым.
Асқар тау барда шалықтап жүрген көңілім,
Бүгінгі күні қайтемін енді, жаяумын,-деп сыршыл ақындық жүрегімен ардақты әкесіне тебірене жыр жолдарын арнайды.
Аяулы анасы жайлы: «Есте сақтау қабілеті өте жоғары, 30-40 жыл бұрынғы жағдаяттарды қазір болғандай айтып отыратын. Бір сәт те қарап отыра алмайтын еңбекқор және ерекше мейірім шуағын төгіп тұратын жан болатын...»,-деп балалық сағынышпен ой толғайды.
Баукең «Нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат» деген теңеуге лайықты дара тұлға. Оның зерттеушілік, ақындық қырларынан бөлек жазушылық бағыттағы көптеген еңбектері мен мақалалары республикалық, облыстық газеттерде, жорналдарда, көптеген ғылыми конференциялардың жинақтарында жарық көрді.
Қаламгердің «Білімі–терең, ақылы-дария» деп аталатын Сыр бойының абыз ақсақалы, ұлағатты ұстазы Мұста­фа Матайұлы жайындағы мақаласында тұлғаның болмысы мен Сыр топырағының құдіретін ерекше сипаттаған. «Алаштың анасы атанған сұлу Сырдың топырағында сан мыңдаған сүлейлер, топ бастаған ше­шен­дер, шынжыр балақ, шұбар төс батырлармен қоса қаламынан даналық төгілген ғалымдар да көптеп шыққан. Шайы­р­лар туған шат мекеннің топырағы киелі ме, әлде Алланың жазуы солай ма, әйтеуір, Қазалы­дай құтты ордадан шық­қан­дар­дың арасында ел таны­майтыны ілуде біреу шығар...» деп, киелі сөздің иелері шыққан құт мекенге тамсана баға береді.
Мақаланың келесі бір бөлігінде ұстазы жайлы  «Жанға жағымды мінезі мен көпке ұнамды қылығы көп, бейбіт заманның батырына айналған Мұстафа Матайұлы-көк бөрілі байрағын желбіреткен көк түріктің абыз ұрпағы атануға әбден лайықты азамат. Жапан даланы жалғыз жайлаған, бастар ісінің байыбына бойлаған, қазақ халқының барлық жақсы қасиеттерін бойына жинаған, азамат атаулының эталоны іспетті» деп тебірене суреттейді.
«Ұстаз ұлағаты» атты мақаласында «Жылдар жылжып өткен сайын өткен өмір жайлы, өткен жылдар бедерінде тағдыр жолықтырып, санаңызда өшпес із қалдырған жаны жайсаң жандар жайлы ойлар да көбейеді екен. Және де олардың бейнесі ішкі жан дүниеңізде сан қырларынан сәуле шашып, нұр төгіп тұратын жақұт секілді жарқыраған үстіне жарқырай береді екен. Сондай асыл жандардың бірі Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың физика-математика факультетінің «Физика және физиканы оқыту әдістемесі» кафедрасында ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған профессор Базарбек Қашқынбайұлы Қашқынбаев ағайымыз»,-деп ұстазы жайлы тереңнен сыр шертеді.
Оның шығармашылығында «өзіндік үн, өзіндік қолтаңбаның» басты көрінісі-әрбір сөз, сөйлемнің мейлінше қысқалығында. Бұл-сөз таба алмағаннан немесе ой аясының тарлығынан емес, керісінше, аз сөзбен көп мағына беру, бірер штрихпен-ақ айтар ойын тереңнен жеткізу, шығармаларында мысалдарды сөз орайымен таба білу деген сөз. «Краткость-сестра таланта» деген орыстың қанатты сөзін еріксіз еске түсіргендей.
 Біз бұл ойды қаламгердің «Академик Асқар» деп аталатын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі, жерлесіміз Aсқар Cерқұлұлы Жұмаділдаев жайлы жазылған мақаласының мына бір жолдарынан көре аламыз: «ХХ ғасыр басында əйгілі комик Ч.Чаплиннің қаңғыбас кейпіндегі рөлін тамашалаған А.Эйнштейн оған «Сіз кереметсіз, əрі жұрттың бəріне де түсініктісіз!»,-деп тамсана телеграмма жолдапты.
1922 жылы А.Эйнштейн Нобель сыйлығын алғанда Чаплин де: «Сіз де кереметсіз, əйтсе де Сізді ешкім түсінбейді!»-деп жауап қайырыпты». Осы мысал арқылы автор Ұлы математиктің жұмбақ сырларын түсіндіреді.
Ұтқыр ойлар, салмақты сөздер, тартымды жырлар, кескінделген көріністер Баукеңе таудан аққан мөлдір бұлақтай құлдырай құйылып, сылдырай төгіліп, тартылған садақтың жебесіндей оқталып отырады. Сезім арқылы туындаған әрбір ойдың салмағы терең, сол таудан аққан бұлақтай тап-таза, тұп-тұнық. Уақыттың адамзат баласына қайта айналып оралмайтынын, белгілі бір формадағы өлшемін автор былай сипаттайды:
Салыстырсам мен өмірін адамның,
Уақытымен пайда болған ғаламның.
Материяның өмір сүру формасы,
Уақыт шіркін, адамзатқа сараң тым.
Өлеңде әрбір сөз өз орнын адаспай тауып, шебер қиюласып, жаңа жауған аппақ қардай табиғи жымдасып жатқан ұйқастардан, орайын тауып, айтар оймен бірге қабыса кеткен образдарды байқайсыз.
Баукең өз шығармаларында «уақыт» категориясы ұғымына қайта-қайта оралады. Енді бір шығармасында «Дүние толассыз қозғалыста, бәрі үздіксіз өзгеріске түсуде, бәрі де өткінші. Біреулер мына дүниеге келіп жатады, біреулері кетіп жатады. Өмір құдды бір асау ағыны бір сәт толастамай аққан өзен секілді, тынбай айналған дөңгелек секілді. Тұрақты, мәңгі тек ғана уақыт-құдірет, себебі оның басы да жоқ, аяғы да жоқ» деп ой тұжырымдайды.
Жалпы көркем сөз жайында «Көркем сөз көңілдің жамалындай әрі шуақты, әрі қуатты болып келеді. Қадірін білгенге-қапысыз мұра, қағидалы тарих, болашақтың үні, өмірдің өңін бермес сұлулығы, сырға толы сандықтың сыңғырлаған жауһары. Рухани сұлулықтың сырбаз да, сұңғыла болмысы –шөлдеген жанның тынысы, өлмеген жанның ырысы емес пе?»,-деп толғайды.
Баукең қай тақырыпта жазса да жалған сезім, жылтырақ сөзге әуес емес. Барлық еңбегін тұтастай алғанда, өмірдің дөңгелек, уақыттың өткінші, өмірдің басты құндылығы-адамгершілік деп хаттаған асыл мұралар қатарына жатады.
Қанша лауазымды қызметтердің тізгінін ұстаса да үлкенге-іні, кішіге-аға болуынан танбай, кеуде соғып кердеңдеуді, шалқайып шіренуді білмейтін азамат. Қолында билік тізгіні бола тұра жан баласына жамандық жасамай, керісінше шамасы келгенше қол ұшын беріп, қолтығынан демеп, қолғабыс жасауға асығып тұратын ғалым-ұстаз. Өзін кеңседе де, көшеде де бірқалыпты ұстауы, тау қозғалса да сабырлы қалпынан айнымауы Бауыржан Тәжімағанбетұлының табиғи болмысы деуге болады.
Ғалымның жаңа кітабы білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелерді көтерумен қатар, ондағы адамдардың рухани және мәдени болмысын, ғылыми ізденімпаздығын қалың оқырманға шынайы жеткізуімен ерекшеленеді. Ғалым-ұстаздың «Уақыт, шіркін, өткендей жылжып баяу тым...» жинағын оқығаннан кейін осындай ойға келдік.
Шыңғыс Бекенов,
педагогика ғылымдарының магистрі.
07 қаңтар 2018 ж. 1 159 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031