» » » АЛТЫ АҒА БІРІГІП ӘКЕ БОЛМАС

АЛТЫ АҒА БІРІГІП ӘКЕ БОЛМАС


Мектептен қуанып шыққан Еркінді анасы күтіп тұрды.
-Бүгін барлық сабақтан бестік алдым. Үйге тезірек барып, әкеме көрсетейікші күнделігімді, -  деп асыға сөйледі.
-Қойшы, сенің әкең не біледі?! - деген анасының мардымсыз жауабы шаттыққа кенелген көңілін су сепкендей басты.
Төмен қараған күйі анасының артынан еріп келеді. Бұл жауапты құлағым шалған менің тұла бойымды суық жел шарпығандай әсердемін. Әкесі ешнәрсе білмейтіндей мүсәпір жан ба екен, әлде маскүнем бе? Ойланып келемін. Небәрі 7-8 жасар баласының әкесіне  деген кіршіксіз пейіліне күдік түсіретіндей не себеп бар екен? Мейлі ол қандай жан болса да бала үшін алып бәйтерек, берік қорған, арқасүйер азамат қой. Әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтынын білеміз. Оның қатулы қабағына қарап-ақ бала бой түзейді. Әке тәрбиесіне сусындаған жас пен әкесіз өскен баланың айырмашылығы жер мен көктей.
Анамыз «Əкең ренжіп қалар», «Əкең жіберсе, бара ғой», «Əкеңе барып сəлем бер», «Əкең дастарханға отырмай асты бастама» деген ишарамен асқар тауымызға құрмет көрсетуді үйретіп отыратын. Ақылы мен пайымы терең әрбір ана балаларын осылайша тəрбиелейді. Мұндай отбасында əрдайым тəртіп, ынтымақ пен бірлік болатыны анық. Бүгінде кейбір шаңырақтағы əйелдердің өктемдігін көріп, баласы алдында әкесінің мәртебесін төмендететіні, ер азаматын менсінбеген сыңай танытатыны, олардың абыройы мен беделін аяқ асты етуі көп кездеседі. 
Ақылының таяздығын аңғартатын кейбір келіншектер тіпті, үлкен-кішінің алдында ер азаматының  беделін түсіріп, «қолыңнан түк келмейді», «істей алмайсың», деп балағаттап жатады. Ал, шешесінің осы сөздерін жиі естіген ұл мен қыз əкесін қалай сыйласын? Мұндай отбасының тәрбиесін көрген қыз бала барған жерінде де көргенін, көңілге түйгенін көрсетпей ме?
Қазақ əкенің тəлімі мен тəрбиесін қашанда қадір тұтып келген. Біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның əкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мадақтайды. «Қазіргі уақытта осындай құрметке ие шаңырақтың тұрақтылығы мен берiк қорғанысының кепiлi – əке өз мiндетiн мүлтiксiз атқарып жүр ме» деген сұрақтар да санаға келеді.
90-жылдары жер-жерде  белең алған жұмыссыздық салдарынан қарапайым отбасында ұрыс-керіс, дау-жанжал көбейді. Осы уақыттары әйел азаматшалар бала-шағаны асыраймыз деп жұмыс таңдамай нәпақа табуға кірісті. Мұнан келіп қызметтік сатыларда еркектерден жоғары тұратын болды. Әйелдің тапқанына үйренген азаматтарымыз жалқаулыққа бой алдыра бастады. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дей тұрғанмен əлеуметтік желілерден түрлі жағдайды көз көріп, құлақ естігенде жаның түршігеді. Баласының ауру екенін білгенде немесе 4-5 баласы  бар ерлердің жауапкершілікті əйелге аударып, өздері қара басының қамын күйттеп, үйден кетіп қалып жатады.
Әйел адам қанша жерден мол табыс әкелгенімен ер азаматтың тапқанындай берекелі болмайды.
Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды. Ұсақ-түйек нәрселер үшін баланың көзінше бет жыртысу әкенің де, ананың да беделін түсіреді, сенімін жоғалтады. Қаржы тапшылығы, тағы басқа түйіткілді мәселелерді балалардың көзінше талқыламауға тырысқан жөн. Қыз-келіншектер көрегенді аналарымыздың жолын жалғап, балаға әке қадірін ұғындырғанда ғана үйде тәртіп пен береке орнайды.
Қандай қиындық болса да ер адамның рөлін төмендетіп, олардың қадірін қашырмау міндет. Өйткені, бəйтерек секілді жанның орны қашанда асқар тау болып қала бермек. Елдің тағдырына алаңдайтын, өз шаңырағының тірегі болатын нағыз ер-азаматтар көбейгенде келешегіміз кемел, болашағымыз баянды болады.
Алты аға бірігіп әке, жеті жеңге бірігіп ананың орнын баса алмайды.
Үкілеп ұл-қыз өсіріп отырған әкелер өз биігінен аласармаса, арқа сүйер азаматтарымыз аттан түспесе екен.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
06 қаңтар 2018 ж. 2 969 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031