» » » АСЫҚ ОЙНАҒАН АЗБАЙДЫ

АСЫҚ ОЙНАҒАН АЗБАЙДЫ

 Наурыз тойы. Кент ор­та­лы­ғында тігіл­ген киіз үйлердің келбеті көз тартарлық. Әр үйдің жанында мерекеге көтеріңкі көңіл-күймен жиналған жандар ән айтып, би билеп, ұлттық ойындар ойнап жатыр. Біз де мерекелік шараларды тамашаламақ бо­лып киіз үйдің бірінің жанына аялдадық. Шүпірлеген балалар абыр-сабыр болып, ешкімге қарайтын емес. Қарамайтын себебі бар. Олар бар ынта-ықыластарымен қа­зақ­тың ұлттық ойыны асық ойнауда.
Біздің жанымыздан анасымен бірге өтіп бара жатқан 5-6 жастағы баланың:     -Мама, бұлар не істеп жатыр, бұл қандай ойын, мен де ойнайыншы,-деп сұрағанын құ­­лағым шалды. Жалт қарадым.
-Ой, бұл ойын қызық емес, түсінбейсің, тезірек жүр, концерт көреміз,-деді де анасы баласының қолынан жетектеп кете бер­ді. Бала асық ойнап жатқан балаларға үзі­ле қарап барады.
Әттеген-ай. Арамызда осындай ұлттық өнерді, қазақтың ойындарын баға­ла­май­тын­дар бар деп айтқаннан, көзбен көрген қиынырақ екен. 
Рас. Асықты осындай мерекелерде ұйым­­дастырушылардың арқасында ой­­на­маса басқа уақыттабалалардың асық ой­нап жатқанын жиі аңғармайсың.
Компьютер, ұялы телефон, планшет. Ба­ланың бар қы­зы­ғушылығы осыларға ауған. Себебі ұлттық ойындар жайлы оларға аз ай­тылады. 
Бұрын қонаққа барған ата-әжелер асық жілікті жеп, асығын алуға таласатын. Бала­лар асық жинап түрлі-түсті бояулармен бояп, арнайы салатын қалта жасайтын. Бұл ойынға бір көшенің бойында тұратын бар­лық бала жи­на­латын. Олардың арасында бауыр­малдық  сезім оянып, бірін-бірі жиі көру­ге асығып, сағынатын. 
Өзіңіз көз алдыңызға елес­тетіп көріңіз­ші, алыстан (бірнеше метр жерден) көз ұшын­да түймедей болып бұлдыраған асыққа сақаңды дәл тигізу нағыз мер­ген­дік­тің белгісі емес пе?! Сондықтан болар, ерте заманда қазақтан небір құралайды көзге атқан мергендер шыққан. Садақ тарту болсын, найза лақтыру болсын, қазақ жауын­­герлері ешкімге дес бермеген.
Асық-қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Иір­генде түскен қалпына қарай асық-ал­шы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны  сақа, жақсылары оңқай аталады.
Ойыншы саны неғұрлым көп болса, ойын соғұрлым қызықты өтеді. Мақсат -көп асық ұтып алу. Ойнаушылар арасы  20 қадам екі көмбе сызады да көмбенің тең ортасына сызық бойына әрқайсысы екі асықтан тігеді. Тігілген асықтардың тап ортасына бір асықты омпысынан тұрғызады. Балалар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны атып түсіріп, асық ұтып алуға кіріседі. Егер атушы омпыға бірден тигізсе, онда тігілген бар асықты сол алады, ал омпыға тигізе алмай, тұрған асықтардың біреуі­не тигізсе, сол асықты ғана алады. Асық жаңартыла тігіліп, ойын жалғаса береді.
Жүгіреді, секіреді, көздейді, тигізеді, ерегеседі, жеңеді, жеңіледі, ұтады, ұты­лады, асыққа бай болады, жоқ болады. Таза бәсеке, таза тәрбие. Өтірігі, арамдығы, жал­ғандығы жоқ. Болмайды да. Ұлттық тәрбие. Ұлттық ойын. Спорт ойыны, спорт­тық бәсеке. Шеберлікке, мергендікке, батыл­дыққа, шешімдікке, ырымға, ырысқа тәр­биелейді.
Осындай ұлттық ойындарымыз жыл жылжып, ғасыр өтсе де ұмыт қалмаса екен. Әр ата-ана қазақта бар ұлттық дәстүр мен ойындарды балаларына жиі айтып, на­сихаттап жүрсе нұр үстіне нұр болар еді.
 
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА.
 
04 қаңтар 2018 ж. 2 665 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031