ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАҒАН КҮН
Сыр елі – жыр елі. Сыр бойының ежелден қалыптасқан бұл атауы – ақын, жырау, жыршы, термешілік өнерінің осы өңірде саф алтындай сақталып атадан балаға, ұрпақтанұрпаққа мирас болып бойтұмардай сақталуымен маңызды. Осы сақталған мұра қос ішекті қасиетті домбырамен қосыла толғанып, жанды жадыратар жақсы әуез, сырлы мақаммен киелі Қармақшы топырағында оның ішінде жырдың туын тіккен Тұрмағамбет ауылында жалғасын табуда. Жыр жанашырларының басты мақсаты – осы телегей-теңіз рухани азық боларлық асыл мұраларды төкпейшашпай жинақтап, тереңірек зерттеп, қыр-сырын түгел ашып, толымды түрде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу.
Кеңес дәуірінде жыраулық дәстүрдің кейбір аймақтарда жойылып кету қаупі жырсүйер қауымды қатты алаңдатты. Өйткені бұл ғасырдан ғасырға жалғасқан ата-бабамыздың асыл мұрасы еді. 1975 жылы әдебиетші ғалым Рахманқұл Бердібаев «Сыр бойының терме саздары» атты мақаласында «Бұрын күндіз түні таңды-таңға жалғастырып, жыр жырлап, қалың тыңдаушының шөлін қандыратын жыраулар көп болғаны, қазір Қазақстанның біраз аймағында терме сазының ұмытылып бара жатқаны, сол терме сазын Қызылорда облысы көлемінде дамытып, республикаға, әлемдік аренаға шығарсақ үлкен мақтанышымыз болар еді» деген ойы жас ғалым Алма Құнанбаеваның халықтық өнерге деген құштарлығын арттырды. Ол сонау Ленинградтан Қармақшы өңіріне келіп, көнекөз қариялармен тілдесіп, термешілермен дидарласып, жырларын магнитафонға түсіріп алып кетеді. Сөйтіп ғылыми, қоғамдық мекемелерге қайта-қайта ұсыныс тастайды. Мәскеуге арнайы барып бүкілодақтық шығармашылық орталықтың сектор меңгерушісі Б.Малицкаяға кіріп өтінішін жеткізеді. Б.Малицкая бастамасымен зерттеу комиссиясы құрылады. Нәтижесінде 1986 жылы Қармақшы ауданында төрт жыраулық мектеп ашылады. Сәрсенбай жырау мектебі Ақжар ауылынан ашылып, оған ұрпағы Алшынбай Сәрсенбаев жетекшілік етеді. Тасберген жырау мектебі Тұрмағамбет ауылында ашылып, оған ақын, жыршы, күйші ұстаз Сүйінбай Ақбаев жетекшілік етеді. Мәдениет үйі жанынан ашылған екі жыраулық мектепке жыршы Шәмшат Төлепова апамыз бен жыршы Бидас Рүстембеков ағамыз жетекшілік етеді. Қармақшы өңірінде жыраулық дәстүрдің күшті дамуына осы мектептердің, жыршы ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз. Тұрмағамбет ауылынан ашылған Тасберген жырау мектебіне жетекшілік еткен ұстазымыз Сүйінбай Ақбаев ағайды 4 қазанда Тұрмағамбет ауылында Қ.Бүрлібаев атындағы клуб үйінде ұстаздар мерекесіне орай ұрпақтарының демеушілігімен, қалың елінің еске алып қолдауымен «Жауһар жырдың жанашыры – Сүйінбай ұстаз» тақырыбында жыршыжыраулар фестивалі өтті.
Мерекелік шараны ауыл әкімі С.Зайыров ашып, әдемі естеліктерін айтып сәттілік тіледі. 1979 жылы зейнетке шығып, ауылда домбырашылар оркестрін құрып жыр мұраны дамытып жүргенде жыраулық мектептің ашылуы ұстазымыз Сүйінбай ағайды қанаттандырып, елдегі домбыраға бейімділігі бар балаларды ақысыз, пұлсыз оқытып күн сайын шәкірттерін жырмен сусындатты. Сол алдынан тәлім алған шәкірттері жыраулар фестивалінде ұстазын еске алып, естеліктер айтып жыр жырлады. Шәкірттері жырау Қасарбек Кәрібаев, Зәуре Кәрібаева, Жадыра Қожатаева, Әділхан Қуаңбаев әдемі естеліктерін айтып тебіренді. Жыраулар Серік Жақсығұлов, Балтабай Бедебаев жас жыраулар Байбол Көшеней, Алмат Азаматов, Әлішер Мырзағалиев, Ақжар ауылынан келген жыршы бала Талант Балтабай өте керемет жыр жырлады. Мектеп жанындағы Жиенбай, Тасберген жырау мектептерінің тыңдаушылары жырау Дінислам Тоқсанбаевтың шәкірттері Зере Қалдыбек, Фатима Мархабатова, Аружан Оразбек, Мағжан Бақтиярұлы, Таңшолпан Берікболқызы, Жазира Бекжасар, Айару Нұрлыбек, Ноян Ерсұлтан, Ардақ Муслима жырдан шашу шашып, көрерменнің көңілінен шығып сүйсіндірді. Сүйінбай Ақбаев ұстазымыз ақын-жыршы болуымен қатар белгілі күйшілер Құрманғазы, Дина, Дәулеткерейді насихаттап жүрген күйші әрі күй жанашыры. Осы қырынан танытуда Қызылорда қаласынан келген Тұрмағамбет ауылының перзенті Әділхан Қуаңбаевтың қызы Айым Әділханқызы күй тартып, қалың көрерменнің көңілінен шықса, 5-сынып оқушысы Әнуарбек Айару Сүйінбай атаға арнаған «Жыр мұра» арнау өлеңін оқып берді. Жыр кеші барысында Бітімбек Пазлиев ағамыз көркем ой пікірін ортаға салып ризашылық білдірсе, ақын Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Үрліхан Өңдібаева арнау өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ ұстаз С.Ақбаевтың өнегелі өмір жолын да әңгімелеп берді.
Кеш соңында ұрпақтары Гүлназ Қожатаева, Рая Ақбаева, Жадыра Қожатаевалар ел халыққа ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Жыршы-жырауларға, жасөспірім оқушыларға сый-сияпаттарын жасап, ыстық ықыласын білдірді. Жыр фестиваліне қатысқан барлық ақынжыршыға ауыл әкімінің алғыс хаты табысталды.
Мұнан соң Сүйінбай ағайға арнап ас беріліп, Құран бағышталып ауыл ақсақалдары ұрпақтарына батасын берді. Жыр әуені халықты керемет жыр бесігінде тербегендей әсерімен есте қалды.
Зарипа ТАСЫМОВА,
ардагер ұстаз