ЖЫРМЕН ӨРІЛГЕН ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХ
Биыл – ел тарихында ерекше орын алатын маңызды белестің жылы. Қазақ халқының алғашқы астанасы болған Қызылорда қаласының мемлекет тарихындағы рөліне тұп-тура 100 жыл толып отыр. Осыған орай К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінде «Астана болған Ақмешіт» атты облыстық жыр мүшәйрасы салтанатты түрде ұйымдастырылып, өнер мен өлеңсүйер қауымды бір арнаға тоғыстырды.
Бұл тағылымды шара – тек поэзия мерекесі ғана емес, тарихқа тағзым, өткенге құрмет, болашаққа бағдар болатын мазмұны терең әдеби басқосу болды.
Жыр мүшәйрасының басты мақсаты – Қызылорданың астана ретінде атқарған тарихи қызметін дәріптеу, жастарды ел тарихын құрметтеуге тәрбиелеу, сондай-ақ жас ақындарға рухани жол ашып, қаламдарын ұштау болды. Бұл – бір ғасыр бұрын қазақ елінің алғашқы астанасы атанған Ақмешіттің шежірелі тағдырын жырмен өрнектеу арқылы жаңа ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған бастама.
Шараның шымылдығы аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсеновтің жүрекжарды лебізімен ашылды. Ол жиналған жұртшылыққа және мүшәйраға қатысушы жас талапкерлерге сәттілік тілеп, Сыр топырағының ежелден сөз өнерінің киелі бесігі болғанын ерекше атап өтті.
Жыр додасына Қызылорда қаласы, Шиелі, Қармақшы, Жалағаш аудандарынан келген жас ақындар қатысты. Олар туған ел мен жерге деген перзенттік махаббатын, Қызылорданың тарихи мәртебесін, Алаш рухын, ұлттық болмысты өлең жолдарымен өрнектеп, тыңдарман жүрегіне жол тартты.
Ақындардың шығармаларын бағалау және әділ шешім шығаратын қазылар алқасының құрамында ақын-тілші, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Алтай Үсенов, ақын, Журналистер одағының мүшесі Дастан Нәзікбаев, ұстаз, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева болды. Олар қатысушылардың шығармашылық деңгейін, сахналық мәдениетін, оқу мәнері мен дауыс ырғағын жан-жақты саралап, лайықты шешім шығарды.
Жыр додасының қорытындысы бойынша бас жүлдені шиелілік Ержігіт Бекжан қанжығасына байлады. Ал I орын жерлесіміз Ердәулет Орынбасаровқа бұйырды. II орынды қызылордалық Өтепберген Нұргелді мен қармақшылық Диас Мүстахимұлы иеленсе, III орынға қармақшылық Аслан Берманов пен жалағаштық Шадыман Теміршеқызы жайғасты. Олардың әрқайсысы өз өнерімен, сөз саптау шеберлігімен, тарихи танымымен көзге түсіп, көрермен ықыласына бөленді.
Жүз жыл бұрын қазақ мемлекетінің алғашқы астанасы ретінде тарих сахнасына көтерілген Ақмешіт, бүгінгі Қызылорда – халқымыздың тағдырлы кезеңдерінің куәсі болған қасиетті мекен. Бұл қаланың әр кірпіші – ел мұратының, ұлт болашағының іргетасы.
Сол бір тарихи сәттің мәні мен маңызын жас ұрпаққа жеткізуде дәл осындай әдеби, рухани шаралардың алатын орны ерекше. Қызылорда – ұлттың үні, даланың тынысы, елдің естелігі.
«Астана болған Ақмешіт» тақырыбында өткен мүшәйра жас ақындардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, ел тарихына терең бойлатқан рухани сабақ болды. Сыр елінің қазыналы қойнауынан нәр алған жаңа буын сөз шеберлері бүгінгі күннің үніне айналып келеді.
Тамыры терең тарих пен жасампаз бүгінді жалғайтын дәл осындай рухани іс-шаралар жиі ұйымдастырылса, елдің ертеңі де жарқын болары анық.
Ақнұр САҒЫНТАЙ