» » » ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНЫ

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНЫ

№15 аудандық олимпиадалық резерв­тің мамандандырылған мектебіндегі «Тоғыз­құ­ма­­лақ» үйірмесінің жаттықтырушысы Төре­маханов Әбу Әлжанұлы ұлттық ойынды дәріптеп жүрген жандардың бірі. Мектеп бітіргеннен соң Қызылорда қаласындағы жоғары оқу орнына денешынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түскен жас жігіттің қабілеті ұшқыр еді. «Жігітке жеті өнер де аз» демей ме халқымыз. Қолынан ер азамат істейтін жұмыстың барлығы ке­ле­тін маман ойлау қабілеті жағынан да осал болмады. Кенжелеп қалған ұлттық ойындардың бірі тоғызқұмалақты ауданда  алғаш қолға алып, жастарға үйретуге бет бұрды. Тоғызқұмалақтың тарихы, ойын әдістері туралы кітаптар іздестіріп, ойға алған ойын туралы нәтиже шығармақ үшін тоғызқұмалақтан ардагерлер арасында Қазақ­станның бірнеше дүркін чемпионы, жат­тық­тырушы  Қырмызы Секинадан сабақ алды. Осылайша аз уақыттың ішінде ізденісінің арқасында ұлттық ойынды ұмыт қалдырмауға тырысқан  талабымен ойынның қыр- сырын тез меңгеріп алды.
2002 жылдан бері №15 балалар мен жас­өспірімдер спорт мектебінде ашылған «То­ғызқұмалақ» үйірмесіне  жетекшілік етіп, көп жастардың қызығушылығын оятып,  кен­же­леп қалған ойынның деңгейін көтеріп, аудан, облыс, республика көлемінде өткізілген сайыс­тарда топ жарар шәкірттер тәрбиелеуде.
Ойынның тарихымен, әдіс тәсілдерімен өзіміз де оқырман да таныссын деген ниетпен үйірме жетекшісі Әбу Әлжанұлын әңгімеге тартқанбыз.
-Ұлттық ойынды жаңғырту мақ­са­тында көптеген жұмыстар қолға алынып ке­ле­ді. Оның ішінде ауданымыздың өзінде тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойындарынан жастар мен ересектер арасында жарыстар жиі өткізіліп жүр. Жалпы ойынның ережесі мен ерекшелігін айтсаңыз?
-Тоғызқұмалақ-қазақтың ұлттық ойыны. Бұл ойынды «Қойшылар алгебрасы» деп те атайды. Себебі тоғызқұмалақты  алғашында өрісте қойларын жусатып жіберген қойшылар ойнайтын болған. Жерден ұя-шұңқырлар қазы­лып, құмалақпен ойналған бұл ойын қазір он сегіз отаудан және екі қазаннан тұра­тын арнайы тақтада жүз алпыс екі таспен ойналады.
Тоғызқұмалақ ойыны – тақ сандар мен жұп сандардың өзара тартысы. Бастапқыда әр отау­да тоғыз құмалақтан орналасады. Ойынды солдан оңға қарай кез келген отаудан бастап жүруге болады. Ол үшін жүріс жасалатын отаудан орнына бір құмалақ қана қалдырып, қалған сегіз құмалақты түгелімен аласыз да келесі отаудан бастап әрбір отауға қолдағы құмалақ біткенше бір-бірден салып шығасыз. Ойыншылардың мақсаты – неғұрлым көп құ­ма­лақ алу. Сондықтан ойын үстінде әрбір ойыншы өз отауларындағы құмалақтарды ша­масы келгенше жұп ұстауға, қарсы жақтың отауларын тақ жасап отыруға тырысады. Тақ санды отауларға үздіксіз шабуыл жасалады. Қазандарға ойыншылардың ұтыстары жазы­ла­ды.
«Тоғызқұмалақ» ойыншының жылдам ойлауына, есептеудің түрлі тәсілдерін мең­гер­уі­не ықпал етеді және бабаларымыздың осал адам­дар болмағанына көз жеткізеді.
Ойын негізінен екі ойыншының арасында өтеді. «Тоғызқұмалақ тақтасы» деп аталатын арнаулы тақтада ойналады. Ойын мақсаты-ойыншы өз қазанына кемінде 82 құмалақ жинап жеңіске жету.
-Үйірмеге үзбей қатысып, жетістікке жет­кен шәкірттеріңіз бар ма? Жалпы жас­тар­дың ойынға қызығушылығы қандай?
-Үнемі сабақ алып, республикалық тур­нир­лерде топ жарған шәкірттерім бар. Ай­ге­рім Қалжанқызы, Наурызбай Жұмағұлов, Қырмызы Өмірзақова, Ердос Асқаров, Сая Жұмағұлова, Наурыз Жұмағұлов, Гүлжан Орынбаева, Мажырасын Шаһзадаева, Айдос Жанәлиев, Досбол Айтілесов, Мәлік Әлжанов, Бекмұрат Әлімхановтар спорт мектептері арасында өткізілген сайыстардан жоғары көр­сеткіш көрсетіп келеді. Ойын туралы ақ­парат, жарнама жақсы айтылса, бұл ойыннан жа­рыстар жиі өткізілсе, әрине әрбір жастың қыз­ғу­шылығы оянады. 
-Қазір сізден басқа «Тоғызқұмалақ» үйір­ме­сінен дәріс беретін ауданда қанша жат­тық­тырушы бар?
-Қазіргі таңда Гүлнар Серікбаева екеу­міз  60-қа жуық шәкірт тәрбиелеудеміз. Біздің үйірмеге қатысқан жастардың алды мектептерде математика пәнінен дәріс беріп жүрсе, көбі медициналық академиялардың студенттері. Яғни, ойлау қабілеті ұшқыр, зерек жастар ғана біздің ойынды тез меңгеріп алып, одан міндетті түрде нәтиже шығарады.
-Отбасыңызда спортқа жақын жандар бар ма? Өнер қаннан дариды дегенге келісесіз бе?
- Жалпы бізді спортшылар отбасы деуге то­лық негіз бар. Әжем Жұмагүл Тоғымова ар­да­герлер арасында суға жүзудің жеңімпазы болса, әкеміз Әлжан Әлімханұлы есімі республикаға белгілі спорт шебері. Жастайымыздан әке жолын жалғап, отбасымызбеносы саланы дамытуға үлес қосып келеміз. Жолдасым Рада Жақанова оқу­­шылар үйінің жанынан ашылған «Тоғыз­құмалақ» үйірмесінде сабақ беруде. №183 мектептің 9-сыныбында оқитын үлкен ұлым Мәліктің болашағынан көп үміт күтеміз. Себебі, қазір тоғызқұмалақтан облыстық сайыс­тарға жиі қатысып, жүлделі орындар алып жүр,-дейді әңгімесінде үйірме жетекшісі.
Өнерді үйрен де жирен. Спорт үлкен өнер. Өнер болғанда да бүгінгі қазақ жастарының сүйіп айналысатын, тіпті халықаралық жастар қатынасының діңгегі болып отырған өнер.
Спорттың да өнер ретінде таңдап алар түрі көп. Бір түрі-бұла күштің толысуына әкелсе, екіншісі жылдамдыққа, үшіншісі табандылыққа бастайды. Ал, төртінші бір спорт түрі жас адамды ойлылыққа, күрделі істің күрмеулі жібін тез шешуге дағдыландырады, бау­лиды. Мұндай спорт түрлерінің қатарында  әрине шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ бар.
Қазақ деген дархан пейілді ел барда оның салт-дәстүрлері мен киімдері, ұлттық ас­тары, ойындары ұмыт қалмауы тиіс. Оны жаң­ғыртатын да, жандандыратын да, әрине жастар.
Сайып келгенде Әбу Әлжанұлы сынды ұлттық ойынға жанашыр жандар барда бұл өнер, бұл ойын міндетті түрде  өз маңыз­ды­лы­ғын жоймай, жетістігімен қуанта береді.
Г.ӘМІРҚЫЗЫ.
04 қаңтар 2018 ж. 4 085 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031