» » » ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ ДА БАҚЫТ

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ ДА БАҚЫТ

«Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» демеп пе еді дана халқымыз. Кәсіпкер болу әр адамның маңдайына жазылған несібе деп айта алмаймыз. Десек те, өз мүмкіндігіне сене білген, алға ұмтылған әр азамат небір сыннан  сүрінбей өтіп, тынымсыз тірлік кешкенінің арқасында биік белестерді бағындыра алады. Көпке танымал тұлғалардың, оның ішінде ауданға белгілі кәсіпкер азамат Ешниязов Серғали Сыдықұлының  өмір жолдары бұған мысал.
Сыдық әке мен Шолпан ананың отбасында тәрбиеленген 8 баланың екіншісі Серғали 1957 жылы дүниеге келген. №26 орта мектепте оқыған сол кездегі толқындар, яғни оның құрдастарының көбі білім алуға құштар болды. Жоғары оқу орнына түсуді, жақсы мамандық алуды мақсат тұтатын.  Соған жету жолында қатарластарынан қалмай, терең білім алуға талпынған ол арман қуып, Алматыға жол тартты.
Келер күнге құлаш ұрып, үлкен азамат болуды аңсайтын кез келген адамның қиялында өзіне ғана мәлім, ішкі түйсігімен бекіген бір армандар болатыны анық. Ол көп жағдайда мамандық таңдауға келіп тіреледі. Әркімнің болашақ мамандығы оның бала кезінен әуестенетін, қызығушылық танытатын әрекеттерінен көрініп тұрады. Мектепте алғырлығымен ерекшеленіп, діттеген мақсатына жетуге талпынатын Серғали Сыдықұлы 1974 жылы өз білімімен Алматыдағы медициналық институттың фармацевтика факультетіне оқуға түседі. Бүгінге дейін жемісін берген мамандығын жүрек қалауымен таңдап алады.
Жоғары білімі бар мамандар жеткіліксіз тұста оқу орнын тәмамдап келген жас бірден Қызылорда облыстық дәріхана басқармасына инспектор болып жұмысқа орналасады. Еңбек жолы осылайша тек білікті деген мамандар еңбек ететін үлкен ортада басталады. Тәжірибелі тұлғалардың ортасына түскен жас тез ысылып, жұмысқа деген жауапкершілігін күшейтіп, алған білімін тәжірибесімен ұштастыра біледі.Сауатты, өз-өзіне нық сенімді жас жігітті Жалағаш ауданындағы №6 дәріхананың меңгерушілігі қызметіне жібереді. Кейіннен Қармақшы ауданындағы №31, 76 , 26 дәріханалардың меңгерушісі қызметтерін атқарады. Дәрі-дәрмек тапшы, қазіргідей жаңа технологиялар мен техникалар жоқ, түрлі аурулар кең етек алған қиын тұстары,  1990 жылдары күн-түн демей, уақытпен санаспай дәрілер жасап, емхана мен аурухананы қажетті дәрілермен қамтамасыз етуге көп үлес қосқан жандардың бірі осы кісі. Өз ісінің білікті маманының жұмысына сол кездері сұраныс та аз болған жоқ. Бірақ, туған ауылында еңбек етуді міндеті санады. 
1997 жылдан бері «Шапағат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, зайыбы Алма Исабекова екеуі дәрі-дәрмек сатып, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда Жосалы кентінде 3 дәріханасы жұмыс істеп тұр. Қазір басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Қыс айларында тымау, салқын тию секілді аурулардың тіпті күшейетін кезеңі. Сонда дәрі-дәрмексіз ауруымыздан айыға алмай жатамыз. Іздеген дәрілік препараттардың барлығын көпшілік осы дәріханадан табады.  Ондағы бағалар да халықтың көңілінен шығады. Сонымен қоса ол ақысы бюджеттен бөлінетін тегін дәрі-дермектерді аудандық емхананың рецептісімен босату жұмысын жақсы жүргізіп келеді. Оның өзі сұранысы көп, жауапкершілігі мол жұмыс.
Серғали аға мен Алма апай 3 бала тәрбиелесе, тұңғыштары Нұржан Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік құқық университетінде аға оқытушы, әке жолын жалғап провизор мамандығын меңгерген Ержан мен келіні Мөлдір кәсіпкерлікпен айналысады. Үйінің жанындағы 2 қабатты сауда орталығында Ержан компьютерлік қызмет көрсетумен қоса өзінің жеке дәріханасының  жұмысын жүргізіп отыр. Мөлдір заманауи үлгідегі киім-кешектер сатумен айналысады.
Кенжелері Ербол әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультетін бітірген, өз мамандығы бойынша еңбек етеді, қосымша кәсіпкерлікпен айналысады.
Отбасымен кәсіпкерлікпен айналысатын абыройлы азаматқа жастарға қандай ақыл-кеңес айтасыз дегенімізде:
-Бүгінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын жаңа тетіктерді игеру – өз өмірімді өзгертіп, өз деңгейімді өсірем, өз болашағымды қалыптастырсам деген азаматтың бірден-бір ізденіс жолы. Ең бастысы қатардан қалмай ұмтылу және оқып-білуден, үйренуден шаршамау керек,-дейді.
Бүгінгідей нарықтық қарым-қатынастарға негізделген заман кезінде танымал меценаттар мен кәсіпкерлер ауылдық жерлерде мешіт, мектеп салып, ауруханаларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, қарттар үйіне көмектесіп, жетімдерді жебеп, әр саладағы дарынды жастарды қолдап, демеушілік көрсетуде. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жарасымды жалғасын табатынына сенеміз. Қолы ашықтың жолы да ашық. Көршің аш отырғанда, тойып ас ішіп, оған қараспауың күнә болып саналатынына сенетін Серғали Сыдықұлы қолдан келгенше мұқтаж жандарға көмектесуге дайын тұрады. «Кең болсаң кем болмайсың» деген сөзді өмірлік ұстаным еткен. Ол көбіне науқас балаларға ем алуға жағдай жасайды екен. Себебі денсаулықсыз дүние бос дейді.
-Жақсылық жасау да бақыт. Оны жария етудің еш қажеті жоқ. Сен біреуге көмек қолын созсаң, сенің Алла Тағала несібеңді еселеп қайтарады. Бұған сан мәрте көз жеткізгенмін,- дейтін қайырымды кәсіпкер Елбасының саясатын қолдайды, латын әліпбиіне көшуді құптайды. Барша Қармақшы жұртын Тәуелсіздік тойымен құттықтайды.
Біз де егемен елмен бірге еңбектеніп, өз жұмысында жетістікке жетіп, еңбегінің жемісін татып отырған жомарт жүрек кәсіпкердің қызметіне табыс тіледік.

Г.ДҮЗЕНОВА.
26 желтоқсан 2017 ж. 2 284 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031