» » » СУРЕТТЕРМЕН СЫР ТҮЙГЕН

СУРЕТТЕРМЕН СЫР ТҮЙГЕН

Жүзін танымасам да Саматтың атына бұрыннан қанықпын. Оның есімі   байқау, көрмелерде жиі аталып та, айтылып та жүреді. Естуімше, қолынан көп нәрсе келеді. Сырттан келетін меймандарға ұсынылатын естелік кәдесыйлардың бірсыпырасы осы Саматтыңқолынан шыққан бұйымдар.  Шығармашылығына іштей риза болып жүретінмін. Өкінішке орай, қазір қолөнермен айналысатындар қарасы аз. Көз шырымы, қол күші мен ой, қиялұшқырлығын қажет ететін шығармашылық жұмысты кез келген адам таңдай бермейтіні сол себептен болар. Оның үстіне бұл атадан балаға берілетін ерекше қасиет екені тағы бар. 
Аудандық оқушылар үйінде безендіруші және «Шебер қолдар» үйірмесіне жетекшілік ететін Самат Өскелеңовті жұмыс орнынан таптық. Кісі жатырқамайды екен. Ашық-жарқын амандасып болған соң, үстел үстінде тұрған ағаш, мүйіз, майлы бояумен салынған мүсін, макет, Қорқыт композициясымен таныстыра бастады.
-Сыр елінің азаматы болғандықтан шығармашылық жұмыстарым Қорқыт атаға арналады. «Жер кіндігі», «Күй», «Күй толқыны» атты туындыларыма ағаш пен ірі қара малының мүйізін пайдаландым. Оңай деп айта алмаймын. Себебі, бір шығарманың өзіне кейде бір айдан астам уақыт кететін кездер болады. Ойылады, иіледі, кептіріледі дегендей. Сазбен де жұмыстар жасаймын. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарыққа шыққаннан бері ұмыт бола бастаған әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз қайта түлеуде. Өзіңіз білесіз, станоктан шыққан зат пен адамның қолымен жасалған бұйымның арасы жер мен көктей. Осындайда сонау дәуірлердегі қыш құмыралар, ыдыс-аяқтар, зергерлік бұйымдардың араға  ғасырлар салып бүгінгі күнге бүлінбей жеткеніне таңқаласың.
Оқушылар үйінде балаларға саздан қыш құмыралар жасауды үйретудемін. Оларға сазбен жұмыс жасаған өте қызықты. Гипстен мүсіндер құямын. Балық сүйегінен де сан түрлі нәрселер шығаруға болады. Тек ынта мен ықылас-ниетің болса болды,-дейді С.Мұсағалиұлы.
Әрі қарай оның майлы бояулармен салынған «Кешкі мұң», «Бұғылар махаббаты» тақырыбындағы картиналарын тамашаладым.
Саматтың сурет өнеріне қабілеті жас кезінен байқалған. 4 сыныпта оқып жүрген кезінен-ақ ол теледидардан көрген ертегі кейіпкерлерінің суреттерін айнытпай сала бастаған. Ер жете келе оны осы қабілеті Алматы қаласындағы О.Таңсықбаев атындағы сәндік қолданбалы өнер колледжіне жетелейді. Оқу орнын «Суретші-шебер» мамандығы бойынша бітіріп шығады.  
Сегіз қырлы, бір сырлы шеберге бұл қасиет екі жақтан да дарыса керек.
-Өз жағымда әкемнің ағасы Иса Қасенов ат әбзелдерін жасайтын ағаш  ұстасы болса, інісі Төребек Өскелеңовтің де қолынан бірқатар шығармалар дүниеге келген. Нағашы жағымда Кенжеқара атам қазақтың ұлттық аспабы-домбыра жасаудың шебері болған екен.  
Ал, менің суретші, этнодизайнер болуыма әпкем Ләззат ықпал еткен еді. Бала кезімізде ол да киім шебері болуды армандаған. Менің қиялымды самғатып,  суретшілік өнерге  тартқан бірден-бір жан осы әпкем,-дейді ол ризалық сезіммен.
Үлгілі отбасынан өсіп-өнген Саматтың әкесі Мұсағали Өскелеңовтің  көркейту-көгалдандыру, бау-бақша сүйікті ісі. Анасы Ұлболсын Кенжеқараева әуез мектебінің ардагер-ұстазы. Домбыра, баянда ән салады.
Бұдан бөлек Самат үйінде  жеке шеберхана жабдықтаған. Онда жиһаздар құрап, ескілерін жаңартады. Домбыра, қобызға, тұрғын үйлерге ұлттық нақышта  қазақы ою-өрнектермен безендіруге тапсырыстар қабылдайды.  
-Оқушылар үйінде еңбек еткеніме 8 жыл болыпты. Осы уақытта 100-ден аса сурет, мүсін, тағы басқа дүниелерім сыйға тартылды. Әлем назарын өзіне аударған «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында да ізденістер жасалды.
Бүгінде оқушылар үйінде шәкірттер тәрбиелеудемін. Олардың арасынан дарынды балалар шығатынына сенімдімін. Құммен сурет салатын Жансая Кенжалиеваның болашағынан үлкен үміт күтемін. Көктемге қарай Қорқыт атаға арналған туындыларымнан көрме ұйымдастырмақпын,-дейді жақсылыққа жаны құмар қолөнер шебері.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ.
25 желтоқсан 2017 ж. 2 336 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 474

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 545

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031