АДАМГЕРШІЛІК – ИМАНДЫЛЫҚ БЕЛГІСІ
Үш жүз жыл патшалық Ресейдің, 70 жылдан астам Кеңес одағының қыспағында болған қазақ халқы өзінің ұлттық құндылықтарынан ажырап қалуға жақындап, ұрпақтар санасында қанымызға жат көптеген кереңсіз үлгілерді де қалыптастырғандығы жасырын емес.
Соның салдарынан ұлттық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, ырым-тиымдардың ұрпақтар санасында көмескіленіп, олардың арасынан қатігез, безбүйрек ұлдар мен әдепсіз бойжеткендердің, үйлене сала ажырасушылардың қатары өсуде.
Бұрыңғы ата-бабаларымыздың «Ұят болады, обал болады, сауап болады»- деп берген тәрбиесі ұмытыла бастап, ұятты, обалды, сауапты түсінбейтін ұрпақтар саны артуда.
Қоғамдық сананы, рухани жан-дүниемізді, ұрпақ тәрбиесін, тағыда басқа құндылықтарымызды жаңғырту мақсатындағы Елбасымыздың « Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы дер кезінде жарияланып, бүкіл халықтан кеңінен қолдау тауып, оны жүзеге асырудың көптеген шаралары жүргізілуде.
Мақалада « Жаңғырудың ең басты шарты-ұлттық кодынды сақтай білу» - деп ерекше атап көрсетті. Ұлттық кодтың сан салалы тараулары бар екендігі баршаға аян.
Халқымыздың тарихи дамуы барысында ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатырған салт- сананын, басқа да ұлы қасиеттеріміздің бірі – адамгершілік, адалдық, имандылық екендігіне сөз жоқ. Адамгершілік дегеніміздің өзі – ар, ұят, имандылық, мейірімділікті өз өмірінде басшылыққа алып өмір сүру емес пе?
Осыған байланысты оқыған, естіген, көрген бір-екі оқиғаны азда болса оқырмандарды имандылыққа бет бұруға әсер етеме деген оймен осы мақаламды көпшілікке ұсынып отырмын.
Ақын Д.Нәзікбаевтың аудандық «Қармақшы таңы» газетіне «ой түрткі» айдарымен жарияланып жүрген мақалаларының бірінде ауылдасы Нұрқаш деген азаматтың кезінде Алпуан жерлесінен алған бір бас түйесін оның қайтыс болуы, бұл туралы ұрпақтарының ешнәрсе білмеуіне қарамай, ол түйені өскен төлдерімен көбейтіп балаларына тапсыруы нағыз адамгершілік, азаматтық екендігіне шүбә жоқ.
Белгілі Алдашбай ахунның баласы Омар мақсұм отан соғыс кезінде Ресей жеріндегі ірі өндіріс орнында еңбек армиясы қатарында жүргенде жерлес татар жігіті аштықтан пайда болған ауыр науқастан қайтыс болып, оны жерлеу кезінде киіміненшыққан азын -аулақтиындарын бірнеше жыл қиындықта жүрсе де өзінде сақтап, елге оралған соң оны марқұмның отбасына тапсырған екен. Бұған таң қалған татар жігіттің әкесі: «Мұсылманның барі осы мақсұмдай болса, пенденің барлығы әлде қашан періште болған болар еді» - деп риза болыпты.(Б.Нұржанов «Ахундар әулеті» кітабынан).
Бұл азын аулақ тиын ешкімге байлық әкелмеседе Омар мақсұмның аманатқа адалдығы, ешкімнің ала жібін аттамайтындығы, ешкімге қиянат жасамайтындығы баршаға үлгі болуға тұрарлық емес пе. Ол отбасынан алдындағы бабаларынан осындай тәрбие алып өскен еді.
Бірде маған Қызылорда қаласында № 15 маршрутта жүргізуші болып істейтін, бізге құда болып келетін Дәулет деген жігіттің жақында көлігінің салонының ішінде миллион теңгесі, банкомат карточкасы, сотка телефонымен, квартирасының кілттері салынған сумка тауып алғандығын және оның егесін іздеп тауып, апарып бергендігін айтқан еді.
Сүйтсе бір орта жастағы әйел қажеті үшін банктен кредит алып келе жатып сумкасын маршрут көлігі ішінде ұмыт қалдырған екен. Ол сумкасын көргенде жылап жіберді – дейді Дәулет.
Мен бұл жағдайды баспасөз бетінде жариялайық дегенде бұл менің азаматтық парызым ғой мақтанатын ештеңе жоқ деп сыпайылық көрсеткен еді. Дегенменде бұндай адамгершілік, адалдық екінің бірінің қолынан келе бермейтіндіктен көпшілік арасына үлгі тәрбие болу мақсатында газет бетіне жариялауды жөн көрдім.
Бұл дүние имандыға арман емес
Мал шіркін, ешкімге еріп барған емес
Бұрыңғы пайғамбарлар мен сахабалар
Пайда қып ешкім малын алған емес - деп Қабан жырау жырлағандай дүние –мүліктің, байлықтың арбауына түспей, өзімізден бастап отбасымызда, жүрген ортамызда адамгершілікті, адалдықты, имандылықты насихаттап, баға жетпес ұлттық қадір – қасиетімізді қайта түлетуге ұрпақтар санасына сіңіруге бір кісідей ат салысып, қазіргі рухани жаңғыруға өз үлестерімізді қоссақ нұр үстіне нұр болған болар еді.
Сұлтанбек МЫРЗАБАЕВ,
аудандық ата-аналаркомитетінің төрағасы