» » ҮШ ЖҮЗДІҢ ПІРІ

ҮШ ЖҮЗДІҢ ПІРІ

Марал ишан қазіргі Қостанай облысы аймағында 1780 жылы дүниеге келген. Бұқара қаласында діни білім алған оның өмір жолы ислам ағартушылығымен тығыз байланысты.   
«Үш жүздің пірі» атанған ол өз заманында әулиелігімен де танылып, ислам құндылықтарын насихаттаушы, халықтың ақылшы-жанашыры әрі имандылық жолына бағыттаушы рухани шырақшысы болды.
Марал Құрманұлы-ислам ағартушылығының көрнекті тұлғасы. Оның ерекше қасиеттері халық арасында әлі күнге аңыз болып айтылып жүр.
Қазақ жерінде ғұламалар, әулие-әмбиелер, қарапайым халық Әбу Ханифа мәзхабын ұстанған. Осы жол арқылы олар елдің ауызбірлігін, ынтымағын сақтап отырған.
Әулие баба Жалаңаяқ ишаннан тәрбие алып, оның сынақтарынан сүрінбей өткен алғашқы шәкірті екен. Жам тауындағы мешіт-медресенің ғұламасы, аты көпке мәшһүр Жалаңаяқ әулие де шәкіртін құрметтей, бағалай білген көрінеді. Марал бала кезден оқуға зеректігімен, рухани адалдығымен, тазалығымен ерекше көзге түскен.
Ол қазақ елін, жерін иеленгілері және дініне зорлық жасағылары келетіндермен күреске шығады. Кенесары хан орыстарға қарсы шайқасып жатқанда, Марал ишан бабамыз Құсмұрын атырабында дін соғысын жүргізеді. Мұның негізінде осы өңірде орыстардың қазақтарды еріксіз өзге дінге шоқындыруы жатқан болатын.     
Көрнекті тұлғаның ұлт тарихында Ресейдің отаршылдық саясатына және Хиуа хандығы басқыншылығына қарсы болған халық қозғалысына қатысуы айрықша маңыздыорын алады. Марал ишан Кенесары хандығының рухани көсемі қызметін атқарады және қандай бір туындаған мәселелерде әділ шешімдер шығарып, оны шариғат заңдылықтарымен реттеп отырған. Тақуаның хан әскерінің жорықтарда жеңіске жетуіне, абырой-беделінің артуына еңбегі көп еді.
«Сыр бойына келген соң жергілікті халықты діни ислам жолына насихаттап, бір жағынан сауатын ашып, мәдениетін көтеруге Марал ишан көп еңбек етеді. Сырдарияның бір саласы-«Қараөзектен» тарайтын «Сасық өзектің» бойында жағалай бірнеше жерден мешіт салдырады. Сол атырапта Марал салдырған 7 мешіт-медресе бар. Бұлай атау себебіміз, мешітте жұрт намаз оқып, Аллаға құлшылық ғибадатын жасаса, екінші жағынан, жергілікті елдің балалары оқып, діни тәлім алған, сөйтіп медресенің де қызметін атқарған»,-деп жазды С.Нұртайұлы «Ислам және Марал баба» атты кітабында.
Марал ишан 1841 жылы 61 жасқа қараған шағында Арқа елінде мәңгілік сапарға аттанады.
Әулиенің анасы Қармақшы ауданы маңындағы «Қамыр» қорымына жерленген. Анасы көзі тірісінде «Алла қаласа сен де осында келесің» деп өсиет етіпті. Арқа жерінде дүниеден озған бабаны ана өсиетімен Сыр бойына әкеліп, «Қамыр» қорымына арулап жер қойнына тапсырады.
Құран нұрынан нәр алған Марал бабамыз анасына осылай құрмет, қызмет жасапты.
Бұл жерді жергілікті тұрғындар «Марал ишан қорымы» деп атайды.
Ауруына шипа, еміне дауа іздегендер осы қасиетті орынға келіп тілек тілеп, зиярат етеді. Құран оқытып, мал шалады. Шипалы суынан ем тапқандар да жетерлік.
Қазақ тарихындағы ұлттық құндылықтарымыз бен Марал баба Құрманұлы сияқты рухани көшбасшыларымызды ұлықтау-бүгінгі буынның басты парызы деп білеміз. Өйткені, осындай кесек тұлғаларды қастерлеу арқылы біз қазақ халқының көшін алға жылжытып, рухани қуаттана түсеріміз анық.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ.    
26 желтоқсан 2017 ж. 3 373 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 473

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 544

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031