» » ҚАЛҚАЙ ИШАННЫҢ ҚАСИЕТІ

ҚАЛҚАЙ ИШАННЫҢ ҚАСИЕТІ

Қызылорда облысында мемлекет қамқорлығына алынған тарихи ғимараттар өте көп. Соның бірі–Қармақшы ауданы аумағында орналасқан Қалмұхаммед (Қалқай ишан) Маралұлының кесенесі.
1815-1870 жылдары өмір сүрген Қалқай ишан Марал ишанның үлкен баласы. Әкесінен тағылым алып, кейін Бұхара мен Бағдат қалаларындағы медреселерден ілім алуға барған. Ишан мешіт-медресе ұстап, жастарды руханиятқа сусындатып қана қоймай, елді егіншілік кәсібіне баулыған. Шығыстың қисса-дастандарын жатқа білген, тіпті жырларды жазып жинақтаған.
Айта кетейік, ишанның кесенесі Жосалы кентінен шығысқа қарай 18 шақырым қашықтықтағы «Марал баба» қорымында орналасқан. Әулиенің басына келіп, рухына тағзым етушілер көп. Ауруына шипа, дертіне дауа, жанына медет сұрайтындардың қатары үзілген емес.
«Мен Қызылорда қаласынан келіп тұрмын. Арнайы Марал ишан,оның баласы  Қалқай ишанға біраздан бері зиярат қылуды ойлап жүргем. Енді міне оның сәті түсіп отыр. Осында келсем жүрегім тыныш табады, еңсені басқан күйбең тірліктің қаралығын Құдай сүйікті құлдарының құрметіне жуып-шайып тастағандай күй кешем. Әрі ойға алған жұмыстарыма, отбасыма береке сұраймын», – дейді зияратшылардың бірі Еркін Асылбаев.
Шырақшы Бекболат Ералиевтің айтуынша, зиярат етушілер еліміздің әр қиырынан, яғни Қызылорда, Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарынан, Астанадан, сондай-ақ Өзбекстаннан да келеді.
«Бабаға тағзым етуге науқас жандар, бала таппаған аналар да келеді. Олардың ниеттері қабыл болып жатады. Біреуі балдағымды тастадым, енді бірі рухани қуат алдым дейді. Бәрі–Алланың құдіреті, бабаның шарапаты. Бірде Қалқай ишанның басында Ақтөбеден келген 13-14 жастағы қызға қасиет бітіп, зиярат етіп кеп отырған үш-төрт адамды тұрғызып жіберді. «Сіздер отырған жерде адам жерленген» деп, жарты метр тереңдіктен көк тас шықты. Сол тас ишан кесенесінің алдында тұр. Мұндай мысал көп. Жосалыда тұратын аяғы ауыр бір келіншек «екі мәрте УЗИ-ге түстім, дәрігерлер ішіңдегі балаң өлі деп айтты» деп бабалардың кесенесіне келді. Әулиенің кереметін қараңыз, үш-төрт күннен кейін әлгі келіншек аппаратқа қайта түссе, баланың жаны бар, оның дамуы қалыпқа түсіпті. Кейіннен сол келіншек қыз босандым деп сүйінші сұрап келді. 2013 жылы мұнда Меккенің азаншысы да ат басын бұрып, жалаңаяқ зиярат қылды»,–дейді шырақшы.
Ел арасында Қалқай ишан жайлы әңгімелер мен жырлар көп сақталған. Шырақшы Бекболат Ералиевтің айтуынша, әулие Марал бабаны жерлегеннен кейін жиналған жұрт көпке дейін тарамапты.
«Ағайын, тума-туыстары, құда-жекжаттары қатты қайғырған. «Арқа сүйер асқар тауымыздан айрылдық, күніміз не болады енді» деп жылаған екен. Қалқай ишан оларды шүкірлік қылуға шақырып, басу айтса да қоймапты. Сонда ишан: «Қоймадыңдар ғой, көтеріңдерқолдарыңды! Көңілдеріңде не армандарың бар, тілеңдер Құдайдан!»-депті. Жиналған жұртқа емірене, бар шын ықыласымен бата беріп, «Аллаһу акбар» деп бетін сипаған екен. Келер жылы сол уақытта ұлсыздар ұлды, қызсыздар қызды болды, не тілесе сонысы қабыл болыпты»,-дейді Бекболат Ералиев.
Ертеден жеткен тағы бір әңгіме бар. Қалқай ишан әкесі Марал бабаны қатты құрметтеген. Қартайған шағында Қалқай балаларын жинап алып: «Ертеңгі күні мен өлгенде не істейсіңдер, соны айтыңдаршы. Өз құлағыммен естіп кетейін»,–депті. Сонда бір баласы Мамырбай ишан: «Сен өлсең, басыңа Маралдікінен де үлкен, биік үйтам саламыз»,-деген. Шынында да, ол осы ойын іске асырар деп қауіптенген Қалқай балаларына: «Қанша биік болса да төбе басындағы әкемнің үйтамынан төмен болсын», – деген оймен «мені осы араға қойыңдар»,–деп, атасының шығыс жағындағы ойпаңнан жер көрсеткен екен.
«Балалары Қалқайдың үйтамын Қожа Ахмет Яссауи ғимаратының үлгісімен үлкен де биік етіп салдырған. Халықтың ишанға құрметі сондай, кесенені қымызбен илеп тұрғызған. Ал, суды Қараөзектен алған. Адамдар сол жерден кесенеге дейін бір қатарға тізіліп, шелекті қолдан қолға жалғап беріп тұрған деседі. Кесененің алдыңғы босаға маңдайының биіктігі 14 метрдей. Оны салған кезде жоғары күмбез мойнағы Марал үйтамынан қарыс сүйем биік өріліпті. Ертеңіне келсе сол артық жер опырылып, ортасына түсіпті. Қайтадан өріп, иіп келтіреді. Оның ертеңіне де тап солай бұзылған. Ақыры төбесін сол тесік күйінше қалдырыпты. Қазір басына барғандар оны өз көзімен көреді», – дейді шырақшы.
Қазақ халқының мақтанышы Шоқан Уәлиханов туғанда атын қойып, ақ батасын берген–осы Қалқай ишан болатын. Шоқан жайлы осы бір тұсты «Аққан жұлдыз» романында Сәбит Мұқанов төмендегіше баян етеді:
«...Шыңғыстың үйінде қонақтап жатқан Қалқай ишанға:
– Әулие, сіз қойып беріңіз нәрестенің атын!–деп өтінді Уәли тұқымдары. Зейнеп ұл тапқаннан кейін Қалқайдың сенімінде, бүкіл ислам тарихындағы ең зор ғазауатшы: Мұхаммед пайғамбардың қызы Фатиманы алған күйеуі,әрі әскерінің бас қолбасшысы Хазіреті–Ғали. Оның үш әйелінен он сегіз ұлы болған, бәрі де батыр болған. Солардың ішіндегі ең батыры–Мұхаммед-Ханафия дейтін ұлы екен, әкесіне еріп, ғазауат соғысын жүргізген деседі.
«Болашақтың Мұхаммед-Ханафиясы болар ма екен?» деген тілекпен Қалқай ишан Зейнептен туған ұлдың атын–Мұхаммед-Ханафия қояды. Былайда шолжың Зейнептің бұл есімге тілі келмей, сәбиін «Қанаш» деп, былайғы жұрт «Шоқан» деп кетті. Шоқанды бір жасынан сөйлеп кетті деген әңгіме бар».
Бұған біздің ел аузында жүрген әңгімеден азын-аулақ қосатынымыз бар. Уәли ханның бәйбішесі Айғаным баланың атын қойып беруді сұрап, көтеріп әкеп әулиенің қолына берген кезде Қалқай нәрестені ұстап отырып:
– Пай. Пай! Мына бала алтыннан да ауыр ғой!–деп, Айғанымның өзіне қайтарып беріп, бата жасапты.
– Оғы белден өтсін,
Даты дұшпанына жетсін.
Құдайым Қалқайдың айтқанын қабыл етсін.
Аты Мұхаммед-Ханафия болсын,
Атағы аталарынан да асып, Ахиретке жетсін, Аллаһу Акбар! – деп, бетін сипапты да, ойланып отырып тағы мынаны айтыпты:
– Арғы атаң Уәлихан мен Қасым,
Олардан да атақ-даңқың болар басым.
Ел жұртың құрмет тұтып,
Әуелден ақырға жетер атың.
Әулиеге қатты разы болған Айғаным сұлу Қалқайдың үстіне жанат ішік жапса, Шыңғыс сұлтан Стамбулдың қалы кілемін жауып, атақты көк жорғасын есікке кесе көлденең тартыпты.
Сонда Қалқай:
– Жанат ішік Қалқайдың бүйірін жылытсын.
Қалы кілем Құдайдың  үйіне бұйырсын.
Көк жорға үш жүздің бәйгесіне мінілсін, - деп бата беріпті.
Артынан, көк жорғаны қимаған Шыңғыс, орнына бір уыс жүз сомдық ақшаны санамай беріп, атты өзі алып қапты.
Мұны естіген Қалқай:
– Әттеген-ай! Бекер жасаған екен. Атағанын беруі керек еді ғой! «Жақсы ат – жан садағасы, жан деген ар садағасы» демеуші ме еді, атаған затты қимағаны болмаған екен, өміріне ілік болмаса болар еді,–деген екен. «Шоқанның өмірден жастай өтуі осы «ілік» шығар, бәлкім!- дейді көнекөздер.
Зиярат етіп болып, қайтайын деп жатқанымызда шырақшы Бекболат Ералиев қазіргі таңда дәстүрлі исламды ата жауындай көретін, әулиелердің жолын жоққа шығаратын діндарсымақтарды сынап өтті.
«Мұндайлар еліміздің рухани жаңғыруын қаламайтындар. Олардың сөзіне еріп, жүрекке күмәннің көлеңкесін түсірмеу керек. Бірде Қалқай ишанды
 «Сыбағаңызды жеңіз» деп қонаққа шақырыпты. Сонда ата салтымен ишан үй толы адамдарға ет асатыпты. Тек бір жігіт «тойып тұрмын» деп келмепті. «Кел, аса!» деп әулие үш айтса да әлгі жігіт қасарысып «тойып тұрмын» дегенінен жазбапты. Бейәдеп қылған жігітке реніштен Қалқай ишан: «Әй, тойып қаларсың!»-депті. Сол жігіт дүниеден ұрпақсыз өткен екен. Сондықтан Құдайдың сүйікті құлдары әулиелерге көзі тірісінде де, дүниеден озғаннан кейін де бейәдеп қылық жасамай құрмет көрсетсек, жанымызға жылылық ұялап, елімізде береке орнайды»,–дейді Бекболат Ералиев.
Д.ОМАРОВ.
25 желтоқсан 2017 ж. 4 059 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 929

Сұхбат

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031