» » » ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАҒАН КІТАП

ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАҒАН КІТАП

Ұстаз – ұлы тұлға. Ол өзінің уақытын аямайтын, өзгенің уақытын аялайтын асыл жан. Ұстаз болу – шыдамдылықты, төзімділікті, табандылықты талап етеді. Осы орайда қасиетті қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология, журналистика факультеттерінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдіманұлының «Менің ұстаздарым» деп аталатын кітабы оның азамат болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген ұстаздары мен тәлімгерлері туралы ой толғанысы болашақ ғалымдарға үлкен өмір мектебі десек артық айтқандық емес.
«Ұлық болсаң кішік бол» демекші, ұлы ұстаздардың кішіпейіл қасиетінен үлгі алған және соны келешек жас ұрпаққа тәлім мен тағылым ретінде көрсете білген әдебиеттанушы ол Өмірхан Әбдіманұлы. Аталған кітапта ұстаздардың ұстазы Тұрсынбек Кәкішұлы, сөз өнерінің көсемдері Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Бердібаев, тағы басқа тұлғалар әңгімеге арқау болады.
Ең алғаш ҚазМУ табалдырығын аттап студент атанған шағында Өмірхан әдебиет пәнінің мұғалімі Алма Қыраубаева сынды ұстаздан тәлім алады. Оқу басталғалы біраз уақыт өтіп студенттер өз-өзіне келе бастаған кезінде олар ақылдасып, сөз өнерінің майталманы болған Зейнолла Қабдоловты кездесуге шақырады. Көсемдік те, шешендік те бір бойынан үйлесім тапқан Зейнолла Қабдоловтың сол кештегі оқыған Ғали Ормановтың:
Аттанып ауыл анадан,
Оқуға кеттім қалаға.
Жабыла маған қараған,
Жаутаңдай кеттім далаға.
Жаман тұмақ, жалбыр тон,
Жалпылдап кетті үстімде,
Жанайын деген бір шырақ,
Жалтылдап кетті ішімде,-деген өлеңі келешек ұрпаққа мирас болып қалады.
Келесі кезекте Өмірхан өз естелігін былайша сабақтайды: -Бірде мынадай қызық болды. Сол жылы алты жылдан кейін «Сөз өнері» деген атпен З.Қабдоловтың «Әдебиет теориясының негіздері» кітабының екінші басылымы жарық көрді. Кітап сондай әдемі болып шықты. Қоңыр түсті кітаптың сыртындағы алтынмен зерлеп жазылған Зекең қолтаңбасын танытатын «Сөз өнері» атты астарлы атауы білімнің алты қазынасына шақырып тұрғандай бедерлі де бейнелі екен. Бәріміз кітаптың бір-біреуін сатып алып, ұстазымыздан қолтаңба алдық. Қолымыздан тастамаймыз. Бір күні сабақта отырып, Зекең оқып жатқан тақырыпты кітаппен салыстыра қалмасым бар ма? Мұндай таң қалмаспын! Зекең кітаптың үтір, нүктесіне дейін жаттап алған сынды. Сонда ғана барып, Зейнолла Қабдоловтай дана ұстаздың «Сөз өнерін» үлкен жауапкершілікпен «жүз ойланып, мың толғанып», әдебиет теориясының өзекті мәселелерін жан жүрегінің сығындысы етіп жазып шыққанына көзім жетті. Сондықтан да ол ұстаз жадынан өшпестей орын алып, кез келген сәтте көз алдына келе қалар сананың сәулелі суреті болып сақталған.
Осыдан кейін Зейнолла Қабдоловтың мұрындық болуымен Өмірхан Әбдіманұлы ҚазМУ-дің аспиранты атанады. Алайда, оны көрген Тұрсынбек Кәкішұлы: -Бұл жігітті маған бер, Шыңғысты зерттейтін қырғыз-орыс көп, бір қазақ тақырып алмай қалғаннан оның ештеңесі кеміп кетпес. Өмірханды білем, мұны алаш әдебиетіне салу керек,-деп отырып алады. Тұрсекеңдей әріптес досының «Мұндай жігіттерді Алаш әдебиетіне салайық» деген бір ауыз сөзіне жығылып, әрі дос көңілін қимай, Зекең бізге Тұрсекеңді жетекші етіп бекітеді. Сөйтіп бір қиырдан бір қиырға ұрындық,-дейді өз естелігінде Өмірхан.
Расымен өзі орын сұрап аспирантураға түсірген адамды басқа біреуге кім береді. Тұрсекеңе мені Зекең «Алаш» деген сөзді аузына алғаны, өзінің алашқа деген адалдығы үшін ғана қиды десе болады. Әйтпесе, бір жыл бойы жұмыс істеп, біраз шаруаның басын қайырып тастаған жетекші мен шәкірттің басқа бағытқа бұрыла қоюы қиынның қиыны дейді.
Алайда мұның бәрін Зейнолла Қабдолов өзінің сүйікті шәкірті Өмірханға кейіннен былайша түсіндіреді: -Қарағым, бәріміздің ортақ ісіміз-ғылымды көтеру. Тұрсынбек дұрыс айтып отыр. Алаш тақырыбы қазір ұлтымызға өте қажетті шаруа болып отыр. Тарихшылар қазір оны құлшына бастап кетті. Академиядағы жас жігіттер бұл тақырыпты бөліп алыпты деп естіп отырмын. Бізде оған баратын адам жоқ боп тұр еді, Тұрсынбек сені ұсынды. Саған сеніп отыр. Қалай қимайын. Айналып келгенде кафедраның ортақ ісі ғой. Бұрынғы жұмысым қалып қалды деп өкінбе, жазған-сызғаныңды кейін бір керегіңе жаратарсың. Мынаған бел шеше кіріс. Жалпы алаштық әдебиетке ортақ мәселені алма, сол алаштықтардың біреуінің жеке творчествосын ал. Менің ойымша Ахмет Байтұрсыновты алғаның дұрыс. Ол әдебиетіміздің бас кітабын жазған кісі ғой, жұмысыңа менің де көмегім болады. Әңгіме кімнің жетекші болғанында емес, сенің нәтижелі еңбек еткеніңде. Меніңше, Ахаң саған абырой әпереді. Тың тақырып қашанда адамға өмірлік ғылыми азық. Осыны ұққын. Менен кетіп қалдым деп қамықпа, бірге жұмыс істейміз. Қашанда көмекке әзірмін, қарағым,-деп өзінің ағалық ақылын айтып шығарып салады. Осыдан соң студент Өмірханның көңілі көтеріліп, ертесіне тақырыпты екі ұстазының көмегімен «Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-публицистикалық мұрасы» деп бекітіп алады.
Осыдан кейін Тұрсынбек Кәкішев шәкірті Өмірханға тапсырма береді. «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» деп аталатын оқу құралына «Қазақтағы» әдеби-сыни мақалаға қатысты жинаған материалдарын алып келуін өтінеді. Ертесіне бірнеше беттік материалдан тек қана 5-6 ғана материал іріктеп алғанда, ол қатты өкпелеп қалады. Сонда өзінде «Қазақ» газетін «төтеншеден» қиналып, іздеп жүргенде ол материалдардың өзінде барлығын айтпағанына налиды. Егер айтқан болса, бәрін іздемей, тек жоқтарын қарастыратын едім ғой деп мұңын шағады.
Осы сәтте ұстазы сәл жымиып күледі де былай дейді: -Егер мен саған бұлардың бар екенін айтсам, осының бәрін берсем, онда сенің нең ғалым. Өзің тер төкпей, біреудің тапқанына малданған не еңбек болады. Мен берейін-ақ, сонан-соң сен ары қарай ізденбейсің ғой. Дайын асқа тік қасық болу – ғылымға жат. Өзіңнің ізденісің арқылы қаншама нәрсеге қол жеткіздің. Ол саған аз байлық па? 400 бетке таяу еңбек жаздың. Соның бәрі ізденістің арқасы. Ғылымға келдің екен, біреудікін өзіңдікі қылудан аулақ бол. Қазір енді менде бар, сенде де бар дүниемен ары қарай бірге ізденіп, жұмыс жасауға болады. Ешкім ешкімнің еңбегін жемейді. Солай бала,-деген екен. Шынында Тұрсынбек Кәкішовтың бұл тәрбиесі балапанын ұшуға үйреткенде, шың басынан тастап жіберіп, жерге жеткізбей қағып алатын сұңқар тәрбиесіндей қатал тәртіптің тәлімі болып шәкірт жадында мәңгі сақталады.
Бүгінде табанды еңбек, қажырлы ізденістің арқасында әр адам өз биігінен көрінуге құқылы. Тек кез келген нәрсені ынта-жігерімен бастап, аяғына дейін сабырлы болу керек. Осы ізденіс жолында сабырын сарқып, жұмыс істеген ғалымның өз ұстаздарынан алған үлгі-өнегесі келешек ұрпаққа таптырмас мұра. Әрқайсысы жеке-жеке оқиға болғанмен де кез келген адамның көңілін толқытпай, жүрегін тербетпей қоймайды.
Мұны айтып отырған себебім, мен дипломдық жетекшімді дәл осылай таңдаған сәтте менің де және жетекшімнің де шыр-пыры шығып, қайтадан өз ұстазыма оралған жайым бар. Сондықтан да ұстаздардың ұлағатты істері таусылмайтын кезеңде шәкірттің де ынта-ықыласы жоғалмайтыны ақиқат деп білемін.
Айжан КАНАЛБЕКҚЫЗЫ.
11 қаңтар 2018 ж. 1 790 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 033

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031