АСТАНА САРАЙЫНДАҒЫ ЖАҢА ЖЫЛ
Жаңа жыл мерекесі биыл да балаларға қуанышты сәттер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Айталық, аудан әкімінің Жаңажылдық шыршасына 120 оқушы қатысты. Түрлі деңгейдегі пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар, өнер, спорт түрлері бойынша жеңімпаздар және көпбалалы отбасы балалары жасыл шырша жанында шаттыққа бөленді.
Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған «Астана сарайындағы Жаңа жыл» атты мерекелік салтанат №250 мектеп-лицейінде өтті.
Көздері күлімдеп, көңілдері бал-бұл жанған балаларды аудан әкімі Сұлтан Мақашов құттықтап, Жаңа жылда жаңа биіктер мен белестерді бағындыра берулеріне тілектестігін білдірді.
-Еліміздің барлық өңірлерінде Жаңа жыл мерекесі тойлануда. Айтулы күнде балалар арман-тілектерінің орындалғанын күтеді. Сіздер ғажайып Қазақстан атты тәуелсіз елде бақытты ғұмыр кешіп жатырсыздар. Еліміздің болашағы да тірегі-сіздерсіздер. Ұрпақтың бақыты-елдің бақыты. Ата-бабаларымыз армандаған, аңсаған тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атуда. Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш. 2017 жыл-Қазақстан халқы үшін жетістікке толы жыл болды. Астана қаласы бүкіл әлемге «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесін паш етті. Ауданымызда балабақшалар салынып, қолданысқа берілді. Басты жаңалығымыз-өңірімізге көгілдір отын жүргізіліп жатыр. ҚР Президенті Қорқыт ата атындағы мемориалдық кешенінде болып, баба басына зиярат етті.
Білім-өшпейтін шырақ, сөнбейтін қуат. Білім, өнер, спорт салалары мен шығармашылық байқауларда оза шауып жүргендеріңіз мені қуантады. Елбасымыз салып берген сара жолмен тек қана алға қадам баса беріңіздер. Болашақта сіздердің әрбіріңіздің ел мақтанышы атанып, тұғырлы тәуелсіздігіміздің байрағын көкте желбіретер мықты азаматтар болатындарыңызға сенемін,-деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы үздік жаңажылдық киім киген №121 мектептің 2 сынып оқушысы Кәусар Асылбекке, №250 мектеп-лицейінің 4 сынып оқушысы Әділ Кәрібаевқа, №199 мектептің 7 сынып оқушысы Айшолпан Бөрібаеваға планшет, сөмке, жұмсақ ойыншықтар сыйға тартып, барлық қатысушыларға мерекелік тәтті торт үлестірді.
Салтанаттың басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен қойылымдар тамашаланды. Қойылым орыс халқының «Күлше қыз» ертегісінің желісіне құрылды. Ертегілер әлемінің кейіпкерлері, шырша шамдары, отшашу, мерекелік сыйлықтар бала жанын бақытқа бөлегендей.
Осылайша, аудан әкімінің шыршасында балалар Жаңажылдық мерекеде ескі Тауық жылын шығарып салып, жаңа Ит жылын қарсы қалды.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ.