ЖЫРДЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ
Алматы қаласында биыл 27-інші мәрте өткен «Бозторғай» балалар шығармашылығының халықаралық байқауы жас дарындардың өнерін жарқыратып, шығармашылық әлеуетін аша түсуге зор мүмкіндік берді.
Бұл байқау тек талантты балалардың өнерін көрсету ғана емес, олардың өз қабілеттерін жетілдіріп, жаңа биіктерге ұмтылуына серпін беретін рухани іс-шара «Бозторғай» өзінің ұзақ жылдық тарихында көптеген жас таланттардың шығармашылық жолына алғашқы қадам бола білді. Байқаудың басты мақсаты – жас өнерпаздарды қолдау, олардың музыкалық және көркемдік мәдениетін дамыту, түрлі елдер арасындағы мәдениетті нығайту, сондай-ақ балалардың өнердегі шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік беру.
Байқауға қатысқан жерлесіміз Талант Балтабай жыр-терме бағыты бойынша бақ сынап, көрерменді таңдай қақтырып, гран-при сыйлығын жеңіп алды. Талант жыршының Сырдың сырлы мақамдарымен нақышына келтіре орындаған шығармалары Алматы аспанын әуелетіп көпшілікті тәнті етті. Өнерде жетекшісі, өмірде әкесі Балтабай Бедебаевтың бұл жолда төккен тері мен еткен еңбегін айтпай кетуге болмас. Ол киелі өлкенің дәстүрлі жыраулық өнерінің дамуы мен насихаттау жолын абыроймен атқарып, ауданымыздың, облысымыздың қоғамдық-саяси, мәденирухани өміріне белсене араласып, жас ұрпақты дәстүрлі жыраулық өнерге тәрбиелеуде жемісті еңбек етіп жүр. Ал туған жердің атын шығарып, ауданның, облыстың мерейін асқақтатқан Талант Балтабай Ақжар ауылында «Рүстембек жырау» үйірмесінде жыраулық өнер бойынша 4 жылдан бері дәріс алып келеді. Биыл ауылдағы №28 орта мектептің 8 сыныбын аяқтады.
«Бозторғай» байқауы – жас дарындарды қолдау мен олардың шығармашылығын дамытудың таптырмас алаңы. Жыл сайын бұл байқау көптеген жас таланттарға жаңа мүмкіндік сыйлап, өнердегі сапарын жарқын етіп, үлкен сахналарға жол ашады. Әрбір қатысушыға байқау – жаңа тәжірибе, өзінің өнерін тереңдетуге ұмтылыс береді. Жеңімпаз жерлесіміз Таланттың да талабы жанып, әрдайым өнері биік белестерге жетелей берсін деген тілектеміз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ