» » » Ибрагим Бекмаханұлы, ақын: ӨЛЕҢІМ - МЕНІҢ ӨМІРІМ...

Ибрагим Бекмаханұлы, ақын: ӨЛЕҢІМ - МЕНІҢ ӨМІРІМ...

Жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтары­ның мүшесі, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі, республикалық жазба ақындар мүшәйрасының бірнеше мәрте жүлдегері, ақын, журналист Ибрагим Бекмаханұлымен сұқбаттасудың сәті түсті. Ойы нәрлі, тілі әрлі, сөздің құдіретін құрметтейтін белгілі ақынның қаламынан әр жылдары поэзиялық, прозалық, сатиралық кітаптар оқырмандар қолына тиді. Еңбек жолын аудандық басылымнан бастаған ол облыстық, республикалық газеттерде абыройлы қызмет етті. Шығарма­шылықтан қол үзген емес. Қаламгер өзінің туған атасы, Сыр сүлейі Тұрымбет жырау Салқынбайұлының мұраларын да жинақтап, оларды халық кәдесіне жарату жолында ізденісті жұмыс ІСТЕП келеді.
– Аға, елден сәлем. Өлең деген тұлпардың жалын тартқан азаматсыз. Қазіргі шабыт қалай? Жиырмада лирика, отызда таным, қырық пен елуден кейін философия өлеңге арқау болады деуші еді. Сіздің қалам қай тақырыпты қолай көреді?
 – Біріншіден, өзімнің тілші, журналист болып қалыптасуыма тұнық бас­тау болған «Қармақшы таңы» (бұрынғы «Коммунизм шамшырағы») газеті редак­циясының маған үлкен сенім артып, сұқбаттасуға қолқа салғаны үшін шын жүректен ризалығымды білдіремін. Мұны мен туған топырақтың сәлемі деп те сезінем. Өткен жылдың соңына таман осы қарашаңырақтың 85 жылдық мерейтой салтанатына белгілі себептермен қатыса алмадым. Ол үшін ғапу өтінем. Жаңа қоныстарың да, жаңа бас редакторларың да құтты болсын! «Қармақшы таңының» әр саны оқырмандарының рухани жан­дүниесін байытатын мазмұнды да, сапалы, ең маңыздысы, аудан экономикасы мен оның әлеуметтік-мәдени өміріндегі тың өзгерістерді, сондай-ақ, өзекті мәселелерін де уақытында көтеретін салмақты сараптамалық мақалалармен толысып, оқырмандарын қуанта берсін.
Негізгі сұраққа ойысар болсам, өлең деген киелі дүниемен 1964 жылдан бері, яғни, 13 жасымнан сырлас болған екенмін. Сондықтан да өлеңім-өмірім десем де болады. Алғашқы өлеңім 1967 жылы осы аудандық газетте жарық көрді. Өлең жазу шынайы, шын ақын үшін - дертпен тең. Онымен ауырмаған адам өлеңнен аулақ жүргені жөн. Ал, шабыт болмаса, оның қайнар көзі – жүректен шықпаған өлең жүректерге жетпейді. Иә, жастау кезімізде сыршыл  лирикаға  бейімдеу болғанымыз рас.
Өмір бір орнында тұрмайды. Жастық шақ жырақта, Қуан мен Сырдың қы­раттарында қалды. Ол дәурен тек көз алдымда сағым боп бұлдырайды, сағыныш боп бұлаңдайды. Оны да кей-кейде өлең-жырға қосып, шабыттың көкдөненімен көңілді жұбатқан боласың. Әрине, жас ұлғайған сайын салмақтылық пен парасаттылықтың кез келген адамның бойын билейтіні – бұл табиғи нәрсе ғой. Бірақ, сыршыл лирикадан қартайса да қол үзе алмайтын ақындар көп. Ғасыр жасаған Жамбыл атамыздың қартайған кезі болса  керек, Грузияға барған бір сапарында қатты ауырып қалады. Сонда жарықтық бабамыз бөлмесіне Ажари есімді аяжан қыз кіріп келгенде, төсектен басын көтеріп алған көрінеді. Данышпан Абай да: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп бекерден-бекер күңіренбеген шығар... Біздің заманымызда да ғұмыр бойы махаббатты жырлап өткен ақындар көп болған. Мысалы, Тұманбай Молдағалиевтің кез келген жыр кітабын оқып көріңіз.Тұнып тұрған махаббат тақырыбын, сыршыл лириканы жыр-бесігінде тербеткен көрнекті ақының өлеңдерін оқырман қауым ерекше сүйіп оқиды.
Менің айтайын дегенім – лирика  тақырыбы жас талғамауы керек. Кім жазса да, аз не көп жазса да сыршыл лирика жазылуы тиісті. Өз басым тақырып жағынан тоқырап қалғым келмейді. «Шабыт – таланттың жемісі» дейді ғой  ойшылдар. Ден сау болып, шабыт кеудеге маза бермей тұрса, сыршыл өлең қалай жазбайсың?!Ал, өзің айтқан таным, философия тақырыптарына да жиі-жиі қалам тербеймін... Туған ел мен  жер, тәуелсіздік, адамгершілік, парасат тақырыптарын да жиі қаузауды ұнатамын.
– Мінез жайындағы өлеңіңізді жақын тартамын өзіме. Ақындық пен мінез арасында қандай байланыс бар?
– Адам баласы болған соң сан түрлі мінез болады. Ақын да – Құдайдың құлы, Мұхамбеттің үмбеті. Бірақ, ақын­дар­дың басқалардан бір ерекшелігі сол, олардыңбасқалар  көріп, елей бер­мей­тінді тез көргіш, басқалар сезіп, түйсіне бермейтінді тез байқағыш ерекше қа­сие­ті болады. Мұны Тәңірдің сыйы деп те бағалайтындар бар. Ал, ақындық пен мінез арасындағы байланыстың тығыз екені бәсенеден белгілі. Бұған дауылпаз ақын Қасымның, марғасқа ақын Мұқағалидың, қайсар ақын Фаризаның, т.б. қазақтың көрнекті ақындарының өлең-жырларын байыптап оқығандардың көздері анық жететіндігіне шүбам  жоқ. 
Әр ақынның өз әлемі бар. Бірақ, шыншыл, әділ болу – ақындықтың негізгі шарты ғой. Ақындарда  әртүрлімінездер  болады. Қазір бизнестің, қаржы нарығының заманы. Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығару жыл өткен сайын қиындап барады. Бұл жаны нәзік ақындардың жүрегін ауыртпай тұрмайды. Ал, өз қаржысымен кітап шығарудың, оны оқырмандарға таратудың да машақаты көп. Ақындық пен мінез арасындағы байланысқа  айтарым: өз басым өлермендікке, атақ қууға жаным қарсы. Оқырманға өлеңім ұнап жатса, мен үшін содан артық бақыт та, содан артық абырой да жоқ. Жалпы өршілдікті мұрат тұтам.
– «Туған жер – таланттың анасы», - дейді батыстың бір білгірі. Сырдың сыршыл ақынысыз, Арқаның айбынды ақынына айналдыңыз ба?
– Мені тым көтеріп жібердің ғой, қарындасым. Елде жүргенімде біраз өлең жазғаным рас. Олардың көбісі ау­дан­дық, облыстық, республикалық га­зет­терде аракідік жарияланып тұ­ратын. Тұңғыш өлеңдер жинағым – «Ша­пағат» (Алматы-1993, «Санат» баспасы) Ұлытау бөктеріндегі Жезқазған қаласында облыстық газетте жүргенімде жарық көрді. «Ұлытау үні» халық шығармашылығы облыстық фестивалінің  шеңберінде тұнғыш рет шығармашылық кешім өтті. Бұл осы өңірдегі жазба ақындармен тұңғыш ұйымдастырылған кеш болатын. Кенді өлкеде көптеген мерейтойларға арналған республикалық жыр мүшәйраларының  жүлдегері атандым. Мәдениетті қолдау жылында Жезқазған қаласы әкімі тағайындаған  «Жыл ақыны» номинациясына ие болдым.
Елден жырақ жүрсем де, туған топырақтан ешқашан қол үзген емеспін. Ең алғаш Жезқазғанда Орталық Қазақстанның кезінде аға сұлтаны болған Ерден Сандыбавтың өмірінен «Сағымсары», Ұлытаудың  тағы бір даңқты  тұлғасы туралы «Дулыға батыр» дастандарын жазсам, қасиетті Қармақшы өңірінде өмір сүрген Төребай Пышанұлы туралы «Жолбарыс әруақты Төребай би», «Дүр Оңғар», «Ғұлама ғұмыр» (Нияз баба туралы) поэмаларын  жерлестеріме тарту еттім. Ер жасы – елуге толуыма орай Жезқазғанда, Қармақшыда шығармашылық кештерім өтті. Бұл кештер «Сыр мен Арқаны жалғастырған» деген тақырыппен ұйымдастырылған болатын.
Ал, 60 жылдық мерейтойым Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде қызмететкен кезімде атап өтілді. Осы газетте менің мерейтойыма орай айқарма бет беріліп, онда қазақтың көрнекті ақындары Кәкімбек Салықов, Темірбек  Медетбеков, Қарағанды мем­лекеттік университетінің профессоры, филология  ғылымдарының  докторы Қойлыбай Асановтың менің шығармашылығыма байланысты салиқалы, сал­мақты мақалалары жарық көрді.  Бел­гілі журналист, айтыс ақыны Ерсін Мұсабековтің «Арқаның ақтангер ақыны» атты мақаласы да менің Арқадағы шығармашылық еңбегімнің дәрежесін айқындап бергендей. Таулары аспанмен таласқан Қарқаралы ауданындағы шығармашылық кездесулер жүрегімде мәңгі жатталып қалыпты.
– Қазір сарай ақыны көп пе, көңіл сарайының ақыны көп пе?
– Қалай десем екен? Сарай ақындары дегеніңіз – көп пе, аз ба, оны санау қиын. Жылқы  ішінде ұшпа аттар болады. Олар алысқа ұзамай, тез шоқырақтап қалады. Тәуба, қазақ дарынды, дана халық ғой. Елімізде көңіл сарайының ақындары көп. Кейінгі буын жас ақындардың, оның ішінде аса таланттыларының  қызғалдақтай  қаулап өсіп келе жатқаны көңіл қуантады.
– Кезінде Александр Дюма «Үш ноян» туындысын мемлекеттік тапсырыс негізінде жазыпты. Парақ санын қуса керек, диалогтарды көбейтіп, тапсырысты орындапты, әйтеуір. Ендігі сұрақ, өнер саудалана ма?
– Жоғарыдағы бір сөзімде қазіргі нарыққа байланысты баспадан кітап шығарудың қиын шаруаға айналғанын айтып өткенмін. Ақындық – үлкен өнер ғой. Лажсыздан өз қаржысына шыққан кітаптарын сататын әріптестерімді жаз­ғыра алмаймын. Бұл – бір. Екіншіден, кітап сатып байыған ақын туралы естімеппін. Біздерден гөрі әнші, асабалардың күні жақсы ғой. Олар мың долларлап ақша  бермесе, тойға барып ән айтудан, той басқарудан бас тартуы әбден мүмкін. Ал, ақын-жазушылардың мемлекеттік тапсырыс бойынша  әупірімдеп жарық  көрген бірлі жарым кітаптарының қаламақысы тым жарытымсыз. Оны жұртқа айтып,жариялап жатудың өзі ұят сияқты.
– Поэзияның дүлділі екеніңізді білеміз, прозаға ойысу ойда бар ма? Сыр бойы тарихқа тұнық, тарихи роман не әңгіме жазасыз ба?
– Прозадан әр жылдары «Сыр мен қырдың перзенті», «Дария ғұмыр», «Бекзат ғұмыр» атты ғұмырнамалық хикаяттарым жарық көрді. Жалпы менің көптеген  поэзиялық кітаптарым («Сыр мен Арқа саздары», «Жарық сәуле», «Жүрегімнің шуағы», «Қасиетті мекен») көбінесе туған жер, атамекен, Сыр өңірі туралы толғаныстардан тұрады. Оншақты дастаным тағы бар. Ал, енді тарихи роман жазам деп айта алмаймын. Эссе, әңгімелер жазуға болатын шығар. Оны да уақыт көрсетеді. Жалпы «Арық сөйлеп, семіз шығатын» Сырдың қазағымын.
– Рухани жаңғыру деп жүрміз, жаңғыру сізге жетті ме?
– Жеткені сол шығар, жандүнием­дегінің бәрін ақтарып жатырмын ғой. Бабалар дәстүрінен, тарихтың терең тамырынан нәр алған  Елбасының «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» бағдарламасы  Мәңгілік ел болуға шын ниет бұрған Тәуелсіз еліміздің адастырмайтын шамшырағы іспетті. Адам баласы үнемі жарыққа, жарқын болашаққа ұмтылады  емес пе! Материалдық дүниеден гөрі, рухани дүниеміз неғұрлым бай болса, алынбайтын асу болмайды.Тұрмысымыз бұрынғыдан  да жақсара  түседі деген сенім ұялатады. Меніңше, бұл жаңғыру, жалпы қараорман халыққа, оның ішінде шығармашылық өнер адамдарына   да үлкенсерпіліс, шалқар шабыт әкелуде. Солардың бірі - өзіміз емес пе?!
– Лайым, солай болсын!
Сұқбаттасқан
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА.
30 қаңтар 2018 ж. 3 408 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031