» » » ТӨЛ ӨНЕР ТӨРГЕ ОЗСА

ТӨЛ ӨНЕР ТӨРГЕ ОЗСА

Қазақ халқының рухани қазынасы, мыңжылдықтар мәдениетінің мәйегі-ұлттық өнерімізден тін тартады. Осы қаймағы бұзылмай жеткен жыраулық өнерді насихаттауда аудандық жыраулар үйінің орны бөлек. 2017 жыл қорытындысымен «Жыл үздігі» аталымының иегері,халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, республикалық жыраулар байқауының бірнеше мәрте бас жүлдегері, Венгрия, Ресей, Түркменстан, Азербайжан, Түркия, Германия мемлекеттерінде дәстүрлі өнердің дәрпін көтерген К.Рүстембеков атындағы  аудандық жыраулар үйінің директоры Серік Жақсығұловпен сұхбаттасқан едік.
-Қармақшы-талайды тамсандырған шайырлардың мекені. Жырау-жыршы дегенің қазақтың саф алтынын насихаттаушылар. Ал олардың өзі бір мектептен, бір ұстаздан тәлім алады. Осы Қармақшы өңірінде қанша жыраулар мектебі бар?
-Сан ғасыр қойнауынан жеткен жыраулық дәстүр түркі халқының кемеңгер ойшылы Қорқыт бабадан бастау алады. Сыр бойындағы жыраулық дәстүрді ғалымдар үш мектепке бөліп қарастырады. Олар: Нартай ақын мектебі, Жиенбай жырау және Нұртуған жыр мектебі. Ал, қасиетті Қармақшы топырағынан жүзден жүйрік, мыңнан саңлақ шыққаны белгілі. Оның ішінде ілгеріректе Ешнияз сал, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Жиенбай жырау секілді ірі тұлғалардың өзі бір-бір мектептің ізін қалап кеткен. Біз көзін көрген  Сүйінбай Ақбаев, Жаппар Тұңғышбаев, Шәмшат Төлепова, Қуандық Бүрлібаев, Орақ Дәнекеров, Бидас Рүстембеков, Алмас Алматовтар осы жыраулық дәстүрдің киесі іспетті. Үлкендердің айтуы бойынша, Кетеге өлең қонған, Шөмекейге түстенген деп отырады. Сол Кетенің өзінде Жиенбай жырау мен Тасберген жырау мектебі өзінше мақам қалыптастырған. Ал, Шөмекейде Балқы Базар мен Дүр Оңғардың ізін жалғаған Тұрымбет пен Метей Молдахметті құлағымызға сіңіріп өсірді. Орақ әкеміз Сейітжан ақынның жырларының бірден-бір орындаушысы, насихаттаушысы болып өз өрнегімен, мақам-саз ерекшелігімен ол да бір мектепті қалыптастырды. Қожагелді Сәрсенбай жырау өзінің қажырлы еңбегінің арқасында ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға өнерін мирас етті.      
-Сол иірімі бөлек, толғанысы тым басқа мектептердің насихатталуы қай деңгейде?
-Егеменді еліміздің түкпір-түкпірінде ән мен жырды насихаттау кемшін емес. Себебі, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық өнердің дамып, насихатталуына баса мән берді.Осыған орай, 2017 жылдың мамыр айында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан халықтары Ассамблеясының төрағасы Дархан Мыңбаевтар бірге К.Рүстембеков атындағы «Жыраулар үйінде» болып, оның жұмысымен танысты, қара шаңыраққа оң бағасын бере отырып, жыраулық дәстүрдің әрбір өңір қармақшылықтардай дамытса екен дген ұсынысында жеткізді.  Жыраулар үйі 2006 жылы ашылғалы бері халыққа аянбай қызмет етуде. Оның ішінде ұлттық өнерімізді дәріптейтін жобалар да аз емес. Айталық, оған жылда дәстүрлі түрде «Домбырасын моншақтаған жыр жампоздары» атты Шамшат Төлепованы еске алу мақсатында ұйымдастырылатын облыстық қыз-келіншектер фестивалі, «Қорқыттан қалған қоңыр үн» атты облыстық балалар шығармашылығын дамытуға бағытталған байқау куә.    
-Қазіргі жастардың талғамы тым басқа. Кю-поп, рэп, рок рокн-ролл сынды бастыстық сарындағы әуендерге әуес. Осы қазақтың үніне баланған дәстүрлі өнерді жастардың бойына қалай дарытамыз?
-Қазақтың өнері деп отырғанымыз-қазақы таным-түйсік пен тікелей табиғатына қатысты. Өзін қазақпын дейтін әрбір азамат туған елінің түтінін, туған жерінің әрбір сай-тасын, төл өнерінің әрбір ән-күйін сүйіп өседі. Тарихқа шегініс жасасақ, қазақ халқының, жерінен айыру үшін қаншама шапқыншылық жүрді емес пе?! Бұл жерде мәселе талғамда емес, ұлттық өнерді менсінбеу, тыңдамау арқылы оны өзінің жанындай сүймеуі. Мүлдем қабылдамау-ол біздің төл өнеріміздің тамырына балта шабу. Жастарымыз түрлі бағытта музыка тыңдағанмен жас ерекшеліктеріне байланысты өсе келе ұлттық өнердің орны ерекше екенін түсінеді. Осы орайда, адам қандай рухани азық алса, оның жандүниесі де сол іспетті қалыптасады. Құнар-құндылығы жоғары өнерді бағалап, сүйіп тыңдайтын адамның айтар сөзі де, өмірлік ұстанымы да, болмыс-бітімі де басқаша болады. Біз айтып отырған шетелден келген немесе бағыты жоқ бұралқы музыка тыңдаған кейбіржандар ой-өрісі де, ұстанымы да, киім киісі мен дене бітімі де біртүрлі болып келеді.   
-Жыраулар үйінде ілкімді тірлік барын білеміз. Бірақ, дәстүрлі өнерді дәріптеген байқаулар елге не беріп жатыр?
-Әрбір байқаудың өзінің жемісі болады. Міндетті түрде өнер сайысқа түсіп отыруы керек. Мысал үшін, Балқы Базардың 175 жылдық мерейтойына орай облыстық «Жәмиғы қазақ бір туған» жыршы-жыраулар байқауын ұйымдастырдық. Онда жерлесіміз Әділхан Қуаңбаев байқау жеңімпазы атанса, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 135 жылдығына орай «Тау тұлға-Тұрмағамбет» атты облыстық ақындар мүшәйрасында қызылордалық Биболат Сәтжан, «Тұрмағамбет жырлары-жаңа ғасыр көгінде» атты аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің сайысында №277 мектептің 3-сынып оқушысы Мәди Жәнібеков, «Қорқыттан қалған қоңыр үн» атты облыстық балалар шығармашылығын дамыту байқауында дәстүрлі жыр жанры бойынша қармақшылық Меруерт Ұзақбаева, күй жанры бойынша қызылордалық Балнұр Кеңесбай бас жүлдені иеленді. Міне, осы өнерпаздарымыз жүлде салып, елге таныла отырып, күннен-күнге өздерінің өнерін шыңдап келеді. Әрбір байқаудың мақсаты-дарынды жасты елге таныту. Мен де осындай байқаулар арқасында өнерімді шыңдап, биік белестерді бағындырып, елге танылған өнерпазбын.   
-Бірнеше жылдың жүзі болды, қазақтың үнін жеткізуші домбыраны электронды жүйеге көшіру процесі басталып кетті. Бұрын тоқпен істейтін гитаралар болушы еді, қазір домбыра сол күйге көшуде. Осындай жаңғыртушылықтан екі ішекті құдіреттің күмбірін жойып алмаймыз ба?
-Не нәрсенің жақсы және жаман жағы тең жүреді. Модернизация-ол музыканың емес, соған үн қосамын, ерекше бағытта дамытамын деген тұлғалардың әрекеті. Дәстүрлі ән, жыр, күй үшін мұның маңызы жоқтың қасы. Басты себеп, біз электронды домбыраны пайдалану арқылы қара домбыраны көшіп, жұртта қалдырғандай болмауымыз керек. Электронды домбыраны ол этномузыканы дамытудың эстрадаға қарай қазақтың ән-күй, жырын әлемдік аренаға көрсетудің құралы ретінде пайдаланады. Дәстүрді ұстанушы әрбір өнерпаз электронды аспапты қажет ете қоймайды. Оны кәсіби орындаушылар жүрегімен қабылдаған жоқ. Электронды домбыраны насихаттаушылар қалай айтса да, ол электронды домбыра болып қала береді. Қазақ үшін қасиетті қара домбыраның қасиетті де, құндылығы да төмендемейді.   
-Бүгінде жыраулар үйінде қандай тірлік бар? Үйірмелердің саны қанша, бағыты қандай?
-Жыраулар үйіне қарасты 5 үйірме жұмыс істейді. Олар: Тұрмағамбет ауылында орналасқан Тасберген жырау үйірмесі, жетекшісі-Зәуре Кәрібаева, Жиенбай жырау үйірмесі, жетекшісі-Дінислам Тоқсанбаев, Ақжар ауылында орналасқан Рүстембек жырау үйірмесі, жетекшісі-Балтабай Бедебаев, Жосалы кентінде орналасқан Көшеней жырау үйірмесі, жетекшісі-Әйгерім Ешбаева және Балқы Базар үйірмесі, жетекшісі-Берік Аққалиев. Осы үйірмелерде 90-ға жуық жасөспірім тегін дәріс алуда. Шәкірттеріміз халықаралық байқаулардың лауреаты Малика Алдамжарова, Арай Оңғарқызы. Арай қызымыз (жетекшісі Зәуре Кәрібаева) Елбасының батасы мен қолынан домбыра алған. Республикалық байқауда Нұрпатшайым Әділбекова, аймақтық байқауда Фариза Хасенова, Динара Шоңбаева, облыстық байқауда Аруна Русланқызының жұлдызы жарқырап, қазақ халқының, қала берді Сыр бойының, қасиетті Қармақшы жұртының айтулы жиындарында атын шығарып жүр.  
-Жыраулық өнердің тәрбиелік мәні айтпасақ та түсінікті. Алайда, Моцарт, Шопен, Бах, Бетховен, Шуберт классикалық әуендерін былай қойғанда, заманауи әуендерге қаныққан жастарды дәстүрлі өнерге сусындату үшін қандай шаралар қолға алынуда?    
-Еліміздің басты арнасы-«Қазақстан» ұлттық арнасынан баба өнерін насихаттайтын дәстүрлі күй, жыр, айтысқа жол ашу қажет. Кейінгі кезде айтыс көрінбей кетті. «Мен қазақпын» жобасында ән, күй, жыр жанры қамтылды. Әлде де жобаны жетілдіретін тұстары көрініп-ақ тұр. Қазақстанда мәдени канал бар. Сол каналда ұлттық өнеріміз дәріптелу керек еді. Соны өкінішке орай, көре алмай жүрміз. 2009 жылы Ашхабадта сапарда болғаным бар. Оларда «Алтын ғасыр» деген канал бар. Содан түркмен халқының тарихы мен өнері үздіксіз насихатталып отырады. Қариялар шежіре айтып, бақшылары жырларын жырлап, кейуаналары ұлттық тәрбиемен айналысып, киім-кешек, тұрмыста тұтынатын бұйымдармен таныстырып, жігіттері ақалтеке арғымақтарға қарғып мініп, ұлттық ойындарды насихаттап, 24 сағат халық санасына сіңдіреді. Бізге де осындай ұлттық арна жетіспейді. Бұдан көп сұрақтың туындап, сауал шешілмегені байқалады.
-«Рухани жаңғыру» дегеніміз өткенді тірілту, өшкенді қайта қалпына келтіру келтіру. Жыраулар үйінің жоспары қандай?
-2018 жылы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бағытында бірқатар жоспарымыз бар. Жергілікті ақын-жыраулардың мерейтойларын атап өту-негізгі мақсатымыздың бірі. Елге белгілі Тұрымбет Салқынбайұлының 150 жылдығына орай қазан айында облыстық жыр мүшәйрасы мен республикалық ақындар айтысын ұйымдастырамыз. Молдахмет Дабыловтың 125 жылдығына сәйкес жыршы-термешілер байқауы, Әлімбай Әлиасқаровтың 110 жылдығына арналған жыршы-термешілер фестивалі,қармақшылық ақын Қали Шыңғысовтың 90 жылдығына орай ақындар мүшәйрасы, белгілі жырау Жаппар Тұңғышбаевтың 85 жылдығы және қазақта шайыр атанған Омар Шорақяұлының 140 жылдығына орай облыстық жыр додаларын өткіземіз. Айтулы шараларды еліміздің айнасы, айбары-Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай «Алтын тұғыр-Ақордам, арайланған Астанам» тақырыбындағы аймақтық жас ақындар айтысымен ашсақ дейміз. 
-Оқырмандарға лебізіңізді білдірсеңіз?
-Ауданда бірнеше буын өкілдері «Қармақшы таңымен» өсіп, өркендеп келеді. Басылым басты рухани қазығымыз. Газет оқырмандары көбейіп, еліміз аман, жұртымыз тыныштықта ғұмыр кешсін. Қазақтың ұлттық өнерін паш ететін жастарымыз көбейе берсін.
-Келелі ой бөліскеніңізге рахмет.
Сұхбаттасқан: Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ.
07 қаңтар 2018 ж. 2 032 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 084

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031