» » ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ, КЕЛЕР ЖЫЛДАН КҮТЕР КӨП

ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ, КЕЛЕР ЖЫЛДАН КҮТЕР КӨП

 
ҚАҢТАР.Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы­на арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» дәстүрлі Жолдауы  жарияланды. Форматы басқаша, яғни, баспасөз арқылы жасалған бұл бағдарламалық құжаттың мазмұны да жылдағыдан қысқа әрі нұсқа. Елбасы Жолдауында Қазақстан үшін басымдыққа ие мақсаттар мен міндеттер алғаш рет қысқа мер­зімге белгіленген. Бұл ретте, Мемлекет басшысы елі­міздің 2050 жылға қарай әлем­дегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиістігін тағы бір еске салды. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер, әрі тарихи сын-қатер әрі ұлтқа берілген мүмкіндік. Бұл Қазақстанды Үшінші жаңғырту, яғни елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру міндетін алға қояды. «Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі. Мен оның бес негізгі басымдығын көріп отырмын. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған» деді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы.
 
АҚПАН. Бұл айда Алматыда 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада өз мәресіне жетті. Биыл Қазақстан құрамасы қысқы Универсиада тарихында ең жоғары нәтиже көрсетіп, ІІ орынға ие болды. Айта кететін жайт, 2015 жылы Испанияның Гранада қаласында өткен ойындарда қазақ жастары ІІІ орынды иеленген болатын. 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға 57 елден спортшылар мен делегаттар қатысып, рекордтық көрсеткіш орнатылды. Оған дейін қысқы Универсиадаға қатысушы елдер саны бойынша рекордқа ие болған ел Түркия болатын. Ерзурум қаласында өткен қысқы Универсиадаға 52 елден спортшылар мен делегаттар қатысқан еді. 28-ші қысқы Универсиада 60 елден 30 мыңнан астам қонақтар мен туристерді қарсы алды. Кез келген ірі шара секілді қысқы Универсиадаға еріктілер тартылды. Олардың жалпы саны 3000 адамға жетті.
 
22 ақпан күні Қазақстанның "Еңбек ерлері" "Ұлттық нейрохирургия орталығы" АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының доқторы Серік Ақшолақов пен "Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы" АҚ басқарма төрағасы Юрий Пя ұлттар арасындағы достықтың алтын белгісіне айналған тарихи елді мекен ІІІ Интернационал ауылында болып, жергілікті халықпен кездесті.
 
НАУРЫЗ. Қорқыт ата кесенесі «Экспо-2017» көрмесінің туристік бағытына қосылды. Қорқыт бейнесі арқылы өңіріміздің рухани-тарихи мұраларының қайта жаңғыруына жол ашылды. Бұл аймағымыздың жаһандық деңгейде паш етудің таптырмас мүмкіндігі болып табылады.
 
Наурыз айының 21 жұлдызында Алматы қаласындағы қазақ күресінен ересектер арасында Қазақстан Республикасының кезекті чемпионаты болып өткен болатын. 74 келіде боз кілем үстінде өнер көрсеткен Ғалымжан Әбдірахманов өз салмағында ел чемпионы атанса, жерлестеріміз Айбек Серікбаев 100 келі салмақта жүлделі ІІ орынға, ал 90 келіде Нұрым Сәлімгереев жүлделі ІІІ орынға көтеріліп,Сыр бойы халқының мерейін тасытты.
 
СӘУІР. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Ұлт көшбасшысы ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы баяндай келе, бәсекелестік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау жөнінде айтты.
 
Халықаралық күлкі күніне орай облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығы мен Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен "Мінекей, Мейірманның ізбасарлары" атты әзіл-сықақ отауларының аймақтық байқауы өтті. Байқауға Қызылорда қаласы мен аудандардан алдын ала іріктеу турларынан өткен өнер ұжымдарымен қатар, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарынан барлығы 9 әзіл-сықақ отауы қатысып, үздіктер анықталды. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Қармақша аудандық "Думан" халықтық әзіл-сықақ отауы иеленді.
 
Даңғайыр жырау, Сыр сүлейі Базар Оңдасұлының туғанына 175 жыл толуына орай аудан әкімдігінің қолдауымен және аудандық жыраулар үйінің ұйымдастырумен "Жамиғи қазақ бір туған" тақырыбында облыстық жыршы-жыраулар байқауы өтті. Байқау қорытындысында Тұрмағамбет ауылының тумасы Әділхан Қуаңбаевтың мерейі үстем болып, бас жүлдені қанжығасына байлады
 
МАМЫР .Биыл ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл. Осы жылдары Жоғары Бас қолбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының арқасында ҚР Қарулы Күштері егемен елімізбен бірге өсіп, заман талабына сай жарақтанып, қазіргі заманның кез келген қауіп-қатеріне жауап беретін жинақы да ұтқыр кәсіби әскерге айналды.
 
Мамырдың 6-7 күндері аудандық денешынықтыру және сауықтыру кешенінде самбодан КСРО Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы ХХІІ халықаралық мемориал өтті. Дүбірлі додаға Грузия, Әзірбайжан, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Моңғолия мен еліміздің барлық аймақтарынан  боз кілем шеберлері қатысты.
 
Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 135 жылдық мерейтойы қарсаңында жас жазба ақындар арасында облыстық мүшайра өтті. Мүшайраға қатысушылар "Даңғайыр ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовке арнау" және "Тұрмабамбетше жырлау" кезеңдері бойынша өзара жыр бәсекесіне түсті. Нәтижесінде қызылордалық жас ақын Биболат Сәтжанов бас жүлдеге ие болды.
 
Қазақстан  РеспубликасыБілім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ауданымызда болып, Жосалы кентінде жаңадан пайдалануға берілген 90 орындық «Ертөстік» пен «Айгөлек» балабақшалары  және Қуаңдария ауылдық округіндегі  140 орындық №186 орта мектептің ашылу салтанатына қатысты.
 
МАУСЫМ.  ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы орынбасары Дархан Мыңбай ауданымызда болды. Мәртебелі меймандар Қорқыт ата кешенінде жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.
 
Астанада «Экспо-2017» көрмесі ашылды.   Көрмеде 100-ден астам елдің және 22-халықаралық ұйымның өкілдері шараға келушілерді болашақ технологиясымен таныстырады. Ал қазақстандық өнертапқыштар жаһан назарына тың жобаларын ұсынып, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасты. Айта кету керек, «Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанатына 17 елдің мемлекет және үкімет басшылары қатысты.
 
ШІЛДЕ. Жылдың басты жаңалықтарының бірі саналатын «Қазақстан барысы-2017» турнирінің финалдық белдесуінде 2017 жылғы "Әскер барысы" атанған жерлесіміз қармақшылық Еламан Ерғалиев 2011 жылы тұңғыш "Қазақстан барысы" атанған Ұлан Рысқұлмен белдесіп, қарсыласын таза жеңіспен ұтты. Сөйтіп, ол «Қазақстан Барысы-2017» турнирінің жеңімпазы атанды.  
 
"ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі аясында Қорқыт ата мемориалдық кешені жанынан құрылған этноауылға шетелдік қонақтар келді. Меймандар ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм татып, қазақтың төл ойындарын тамашалады.
 
Оңтүстік Корей Республикасының Бас консулы Чжон Сынг Мин ауданымызда болған іс сапарында ІІІ Интернационал ауылында аялдап, өңірдің тұрмыс-тіршілігімен танысты. Қадірменді қонақ ІІІ Интернационал ауылындағы шаруашылық басқармасының алғашқы төрағасы Еңбек Ері Цай Ден Хактың мұражайында болып, онда қойылған  жәдігерлермен танысты.  

ТАМЫЗ. 9 тамыз күні «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамед Сыр бойы өңірінің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатындағы  жұмыс сапары барысында барша Түркі әлемінің абызы Қорқыт ата мемориалдық кешенінде аялдап, жаңаша кейіпке енген кешен жұмысымен танысты. Сонымен қатар, кешен музейінде болып, ондағы ұлттық құндылықтар мен ата-балаларымыздан мұраға қалған көне жәдігерлерді тамашалады.

 
 "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанада 10-14 тамыз аралығында Қызылорда облысының мәдени күндері өтті. Шара аясында тарихи-өлкетану және қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, спектакльдер мен концерттер, сондай-ақ Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сыр елінің бай мәдени мұрасы мен асыл қазынасынан сыр шертетін экспонаттары көрсетілді. Мұнымен қоса, 25 сәндік-қолданбалы өнер шеберлері «Шығыс базары» жәрмеңкесінде өз өнімдерін ұсынды.
 
ҚЫРКҮЙЕК. Cыр өңірінің даңқты перзенті, соғыс және еңбекардагері, екі мәрте "Отан соғысы", бірнеше медальдармен, дипломдармен, «Октябрь  революциясы», үш  мәрте «Еңбек Қызыл Ту» және «Октябрь  революциясы», ордендерінің иегері Чапаев атындағы ұжшарды (қазіргі Ақтөбе ауылы) ширек ғасырға жуық басқарған білікті басшы Ерназар  Сексенбаевтың 100 жылдық мерейтойы аудан көлемінде аталып өтілді. Мерейтой аясында "Ерлік пен еңбек сарбазы" тақырыбында аймақтық ақындар айтысы, қазақ күресі, ат жарыстар ұйымдастырылды.
 
Атырау қаласында самбодан Қазақстан Республикасы құқық қорғау саласы қызметкерлері және ҚР Ішкі істер министрлігінің кезекті чемпионаты өтті. Үш күнге созылған тартысты  жарыста біздің де жерлестеріміз  бақ сынасты. Жарыс қорытындысымен 82 келіде аймақ намысын қорғаған Ержан Абдуллаев өз салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз атанды.
 
ҚАЗАН. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыс сапарымен Сыр өңіріне келді. Мемлекет басшысы алдымен «Байқоңыр» кешені мен Байқоңыр жұлдызды қаласының даму жоспарымен танысты.
Елбасы Қазақстан мен Ресей арасында қабылданған «Байқоңыр» кешеніндегі одан әрі ынтымақтастық тұжырымдамасының іске асырылу барысы, сондай-ақ «Бәйтерек» бірлескен жобасына қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
 
27-29 қазан күндері  Астана қаласында қазақ күресінен Әлем біріншілігі өтті.
Байрақты додаға Қазақстан Республикасы құрама командасы сапында біздің де жерлесіміз, спорт майталманы Әділбек Серікбаевтың үкілеген шәкірті Ғалымжан Әбдірахманов та қатысты. Бұған дейін де  өз салмақ дәрежесі бойынша бір рет Әлем біріншілігін жеңіп алған Ғалымжанел  намысын қорғауда 74 келі салмақ дәрежесі бойынша бозкілем үстінде  барлық қарсыластарын, оның ішінде финалдық белдесудекубалық палуан Карлос Исрайлды  жеңіп, екінші мәрте Әлем жеңімпазы атанды.
 
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.
 
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын өңір тұрғындары арасында кеңінен насихаттау және туған елінің тәуелсіздігі үшін өзінің қайсарлығымен, батырлығымен  ұрпақ жадында мәңгі сақталған батырымыздың бірі  Қарпық батыр баласы Текей батырдың  туғанына 350 жыл толуына байланысты  Қызылордада  26-28 қазан күндері мәдени және спорттық тағылымды шаралар өтті.
 
ҚАРАША. Облыстық Нартай Бекежанов атындағы драма театрында  өңір ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлеріне арналған мерекелік «Алтын дән-2017»  салтанаты өтті. Дала дарабоздарына арналған  мерекелік шараға аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қатысты. Биылғы жылы 91 мың гектар күріштік алқаптан тұңғыш рет облыс тарихында болмаған жарты миллион тоннадан астам алтын дән ел  қамбасынақұйылды. Білікті сала маманы Нұрлан Іздібаев басқаратын "Ақтөбе и К" ЖШС-і "Үздік егін шаруашылығы аталымына ие болды.
 
Жерлесіміз «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының Қармақшы аудандық бөлімшесінің төрағасы, аудандық К.Рүстембеков атындағы «Жыраулар үйінің» маманы Скендиров Айдынбек Айтбайұлы Қазалы ауданы әкімдігі республикалық «Ғани Мұратбаев» атындағы жастар сыйлығына ие болды.  
 
Бұл ай "Қармақшы таңы" редакциясы ұжымы үшін қуанышқа толы болғанын айта кету керек. Аудан айнасы саналатын газетіміз 85 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтіп, жаңа, жайлы ғимаратқа қоныс аударды. Жақсылықтың жаршысы саналатын басылымның  мерейтойы кең көлемде аталып өтілді.
 
ЖЕЛТОҚСАН. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елорданың Астана қаласына көшуінің 20 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысты.  Қазақстан Президенті Астананың іргесін қалауға алғашқы болып атсалысқан азаматтармен кездесті. Мемлекет басшысы «ЭКСПО»  конгресс-орталығы ғимаратында елорданың Астана қаласына көшуінің 20 жылдығына арналған «Президент және Астана» атты фотокөрмесін аралап көрді.  
 
Елбасы күніне арналған мерекелік салтанатты жиында аудандық жыраулар үйінің жанынан құрылған "Жыр жауһары" ансамблінің тұсауы кесілді. Ансамбль жетекшісі белгілі күйші, әнші, жыраулар үйінің қызметкері Берік Аққалиев. 
 
Татарстан Президенті Руслан Меннимханов елімізде болған іс сапары барысында Сыр өңірінде аялдап, Байқоңыр ғарыш айлағындағы кезекті ұшырылымға қатысты. Содан соң, барша түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт ата мемориалдық кешенінде болды.
Қадірменді мейман облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастауымен Қорқыт ата кешенін аралап, баба рухына тағзым етіп, оқылған дұғаға қол жайды.
Сондай-ақ, Қорқыт атаның өмір жолына  арналған музейді аралап, баба жайлы  құнды деректер қойылған көрмені, сонымен қатар қазақ халқының  ата салт-дәстүрі мен тарихын әспеттейтін ұлттық жәдігерлерді тамашалады.
Ақын Алтай Үсенұлының Алматы қаласындағы «Нұрлы әлем» баспасынан «Өміршебер»  атты өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көрді. Бұл кітапқа  ақынның әр жылдары жазған өлеңдері топтастырылған.
 

Дайындаған: Ақнұр САҒЫНТАЙ.
 
 



 
28 желтоқсан 2017 ж. 1 819 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031