» » » МАҚПАЛ МЫСА, АҚЫН: ШАБЫТ – ПЕРІШТЕ КҮЙІ

МАҚПАЛ МЫСА, АҚЫН: ШАБЫТ – ПЕРІШТЕ КҮЙІ

Өткен жылы ақын Ресей Жазушылар одағы М.Лермонтов атындағы комитеттің шешімімен балқар ақыны Керим Отаров атындағы алтын медальдің иегері атанды. «Мейірім мен пейілге, шапағат пен нұрға толған қазақы ауылдың жан-жүрегін сезініп өскен» Мақпал Мыса – Нарынқол өңірінің тумасы. «Нарынқол өңірінде ақ күмістей сақалын салалап қойып, тереңнен тартып, елдік жайлы толғанатын Бекберген атамды білмейтіндер кемде-кем. Қазақ үшін аңызға айналған Шоған абыздың тікелей ұрпағы деп ұялмай көрсететін, ХХІ ғасыр табалдырығын аттап, бақиға аттанған атамның көкірегінен сыр, көңілінен жыр төгілуші еді. Атамның тізесінде отырған бүлдіршін кезімнен ғасырлар үнін тыңдап отырғандай күй кешуші едім. Сол ауыл, сол туған үй, сол дария маған алғаш қалам ұстатты. Тырнақалды дегенде, туған жер, аспантау жайлы өлеңдер еді ғой. Бүгінгі көзбен қарағанда, көркемдігі төмен болса да, өзіме сондай ыстық» дейтін Мақпалдың өлеңдерінде туған жерге, аспантауға деген сағыныш бар.
– Жанымды жыр қыла гөр,
таңымды нұр.
Қос ішек пернесінен ағып дүбір.
Тамылжытшы, тамсанып мен
тыңдайын,
Мақпал жайлы салшы, аға,
әніңді бір!
Жазиралы сол кездің жазына енем,
Сағынышты сарғайтқан
сазыңа ерем.
Әуеніңнен ән болып үзіледі,
Мақпал қызға арналған нағыз өлең.
Аспан, жердің арасы –
Мақпал…Мақпал,
Сал-серінің сазынан тапқан бақ бар.
Өз алдына өлеңнің өрімі де,
Көз алдыма келеді ақтаңдақтар, – деп жырлаған ақын қыздың жан­са­райына үңіліп көріп едік.
– Мақпал, хакім Абай «Өлең – сөз­дің патшасы, сөз сарасы» десе, Мұ­қағали ақын «Поэзия, сен менімен егіз бе едің» деп жырлайды. Сен болсаң, «Менің ханзадам – поэзия» деп жыр толғайсың. Өлең ақын өмірінің өлшемі бола ала ма?
– Ақын үшін өмірінің өлшемі өлең болмағанда қайтеді? Мен үшін өмір деген қараңғы мен жарықтың, ақ пен қараның, ізгілік пен зұлымдықтың мәңгілік тартысы. Осы бір алмағайып дүниелер жүрек шіркінге тыным берсін бе?
«Өлең – сөздің патшасы» Абай екі­нің біріне жалын сипата бермейтін құдірет. Фариза ақын: «Дара күндерім­нің, нала түндерімнің серігі болғаның үшін, сенімі болғаның үшін, мен сені аялаймын» – дейді. Ақынның серігі де, өмірінің өлшемі де – Өлең!
– Мендік ғұмыр ақындау менен гөрі,
Елік көңіл сәт сайын өлеңдеді.
Мен өлеңді жазбайтын секілдімін,
Жазып жатқан секілді Өлең мені, – дейсің. Өлеңнің тууы ақынның көңіл-күйіне байланысты ма?
– Әрине. Шын ақын үшін әрбір өлең – жанының нұры, көңілінің гүлі. Ша­бытсыз қолыма қалам алмаймын. Шабыт деген нәрсенің өзі ғайып дүние. Оның рақатын сезіну, азабын тарту – ешкім тілмен жеткізе алмайтын тылсым. Жыр жазғанда өзің бір бөлшегі болып сана­латын ғаламның кілті қолыңда тұрғандай сезінесің. Ол күйді бәлки, ешбір ақын қызыл тілмен жеткізе алмайтын шығар.
– Мен өлеңді жазбайтын секілдімін,
Жазып жатқан секілді ӨЛЕҢ мені…
Шабыт – періште күйі. Сезім патшалығында құстар сайрап, гүлдер тербеледі. Меніңше, сондай сәтті басынан кешіре алмаған ақын – ақын емес. Әр ақынның өмірінің өзегі, тағдырының тарам-тарам жолдары өлеңінде көрініс табады.
–Лирик қыздар көп. Азаматтық көз­қарасты жырға қосу лирик ақынға мүм­кін бе?
–Қызық сұрақ екен. Лирика дегенді махаббат жыры деп қана түсінуге бол­майды. Азаматтық лирика деген бар емес пе?! Меніңше, кез келген қаламгер, кез келген суреткер – өз елінің азаматы. Қазақтың қызы ретінде, Қазақстан деген қасиетті елдің бір перзенті ретінде туған ұлтымның өткені мен бүгіні өзегімде өлең болып тулап жатса, мен үшін – сол бақыт.
Кейінгі жылдары Қарқара ұлт азат­тық көтерілісі туралы «Рухымның біл­тесі» атты поэма жаздым. Ұрпақ үшін атойлап шапқан өр бабалардың ерлігіне өлеңмен ескерткіш қойғым келді. Сол ерлік ұрпақ рухының білтесін әлі күнге жағып келеді. Осы тақырыпқа барғанда, Ұзақ, Жәмеңке батырлардың арда ар­мандарын аялағым келді. Сол оқиға­лардың ішінде кей сәтте өзім жүргендей сезіндім. Жазып отырып жанарымнан жас ыршыған сәттер болғанын несіне жасырайын?! Мен сенген, мен табынған ақиқатқа оқырманым сенсе, ақын үшін одан артық бақыт жоқ.
Бүгінге дейін ең үлкен шығармам – «Шоған абыз» дастаны. Осы тақырыпқа үлкен дайындықпен келдім. Ес білгелі ғасыр жасаған атам Бекбергеннің абыз бабамыз жайлы аңыз-әпсаналарын зердеме тоқып, көңіліме түйдім. Заманы­нан озған ақыл-парасат иесінің ұрпағы болғанымды мақтан етіп келемін. Шоған абыз ғұмыры тар жол, тайғақ кешу­лерден, сындарлы соқпақтардан тұрады. Оның арманының темірқазығы – ұрпағының бақытты болашағы, елінің амандығы, қазақтың бүтіндігі мен бірлігі. Абыз арманына жеттік. Содан да:
–Тарихымның дара сыры,
Бабамның аманаты, бар асылы.
Аман тұр, айналайын, қазақ елі,
Сен менің көздерімнің қарашығы!
Төбемнен күн күледі,
Ай төнеді,
Ішінде арда жырдың ай төбелі.
Мәуелі МӘҢГІЛІК ЕЛ –ҚАЗАҚСТАН,
Абыздың армандаған бәйтерегі! – деген шумақтармен поэманы түйіндедім.
Тұңғыш Президент қорының «Алтын тобылғы» байқауында бұл поэма бас жүлде алды. Қуандым. Осы шығармалар менің мерейімді өсірді. Оқырман­дарымды қуанттым. Азаматтық тақырып деген – осы.
– Қазақтың ақын қыздарының өлең­дерінде «Сіз» басым. «Сіз» деп жыр толғау сән бе? 
– «Сіз» –лирикалық меннің тара­пынан айтылады. Бәлки, қазақ қыз­дарына тән ізеттіліктен туатын шығар. Осы сауал қалам ұстаған ақын қыздар­дың алдынан жиі шығады. Қазақ әйелі тіпті ерін де сіз деп атаған. Сіз айтып отырған «сән бе?» деген сауалға келсек, мен осы «Сізден» ешбір әбестік көріп отырған жоқпын. Нағыз әбестік – жалаңаштанған жырлар.
– Сен үшін «өмірдегі ең ауыр күнә – сатқындық» екен. Сатқындық жаса­ған сәттер болды ма?
– Мен үшін ғана емес, сатқындық – адамзат үшін ең ауыр күнә.
– Кез келген байқау қаламгердің шығармашылық потенциалын арттыра ала ма?
– Байқауларда жаңа туындылар туып қалатыны рас. Оның бәрін шедевр деп айтуға келмейді. Мәселен, Александр Дюма әйгілі «Үш ноян» шығармасын тап­сырыспен жазыпты. Әлем классика­сының қатарынан орын алды. Бізде әдеби бәйгеге, жыр мүшәйраларына қа­тысып қоятын ақындарды кінәлау тенденциясы байқалады. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Байқаулар – қаламгердің көрінер мінбері. Қазақтың ғажайып ақыны Жәркен Бөдешті алғаш мүшәй­рада оқыған өлеңі арқылы танығам. Сол ақынды қазір үзбей оқимын, қадір тұтамын.
– Саған қуаныш сыйлайтын не нәрсе?
– Менің ең аяулы сәттерім – жыр жазып отырған кездерім. Ең бақытты күндерім – ұлымның қуанған сәттері.
–Уақытыңды ұрлатып,
Жүрегіңді жырлатып.
Ана болу – бір бақыт,
Ақын болу – бір бақыт.
– Мақпалдың шығармашылық өмі­рінде не жаңалық бар?
– Шығармашылықтағы жаңалық­тарым – елімнің көз алдында. Алдағы жоспарларымды ашып айтқым келмейді. Алла біледі. Қазір «Шоған абыз» кітабын үш тілге тәржімалап шығаруды қолға алып жатырмын. Бұйырса, оқырманға жол тартар. Одан бөлек, кейінгі жылдары жазылған өлең, дастандардан құралған бір кітабым дайын тұр.
 
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС
27 қаңтар 2018 ж. 1 838 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031