» » » ӘН – АДАМ ЖАНЫМЕН ЕГІЗ

ӘН – АДАМ ЖАНЫМЕН ЕГІЗ

Біздің анықтама: Оның әндерінде сыршылдық бар. Сезім қылын шертетін сазды үн бар. Әуезділігі, әуенділігі лирикалық толқыныспен ұштасып жататын мұңлы күй де жоқ емес. Иә, ол композитор. Ел ішінде осынау киелі өнердің туын биікке көтеріп жүрген азамат. Есімі –Жарасхан. Тегі – Төлебай.Қазалының тумасы.
– Қазақ эстрадасында айтылып жүрген əндердің басым бөлігінде сіздің қолтаңбаңыз бар. Туындысы сұранысқа ие сазгердің жағдайы қандай екен?
– Аллаға шүкір, ыңылдап ән шығара бастағаныма көп болмаса да, аз уақыттың ішінде біраз ән жазып үлгердім. Бастамасы жаман емес сияқты. Ел қатарлы нәпақамды тауып, күнкөрістің қамымен жүрген қарапайым жанмын. Қазір шығармашылығымды шыңдау барысында қызу жұмыс үстіндемін.
– Саз сиқыры сізді қалай баурап алды?
– Негізі өнер дегеніміз әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен беріледі.Әкем де, анам да өнерден кенде емес. Аздап ән айтатын қасиеттері бар. Сондай-ақ, «әркімнің туған жері Мысыр шаһары» демекші, кіндік қаным тамған Қазалы жерірасымен де қасиетті де киелі. Киелі жердің топырағы да өнерге келуіме  арқау болды. Сонымен қатар бала кезімнен көріп, біліп өскенім де қазақтың төл өнері, музыкасы – күйлері мен әндері. Бірақ ән жазамын деген ой санамда болған емес. Кейіннен барып көміліп жатқан дүниелердің беті ашылып осылай болды. Бұл Алланың берген сыйы шығар.
– Əн қалай туады, əлде бір көңіл күйдің ықпалы болады ма?
– Ән – адам жанымен егіз. Өйткені оны өмірге әкелетін адам ғой, жан-дүниені шырқыратып, ішке сыймай, жүректі жарып шыққан бейкүнә сәбиіндей. Иә, әнді орындап шығу бір басқа, әнді дүниеге әкелу бір басқа. Себебі, ақ қағазға әдемі ноталарды түсіру үшін алдымен жүрек пен сезім керек. Сол сезімді дәл уақытында ыңылдап сыртқа шығара білген жан ғана сазгер атана алады. Алғашқы ән жинақтарым көңіл-күйге, сыртқы әсерлерге, махаббат әсерінен туғанын жасырмаймын. Кейіннен күнделікті жұмыс болғандықтан арнайы уақыт бөлетін болдым.
– Авторлық құқығыңызды қалай қорғап жүрсіз?
– Қазір елімізде ақын, сазгер, әншілеріміздің қатары көбеюде. Бір ән жарыққа шықса, көбісі оның орындаушысын танып, ол әнді шығарған ақын, сазгерлер көбіне көлеңкеде қалып жататыны мәлім. Міне, сондықтан, ақын, сазгерлердің шығармасы ән орындаушысымен қатар танылуын қадағалау және шығарма авторларының меншік құқығын қорғау үшін елімізде «Қаз АҚ» және «Абырой» авторлық қоғамы жұмыс істейді.
– Қандай сазгерді үлгі тұтасыз?
– Халқымыздың рухани өмірі мен музыкалық мәдениетіндегі Шәмші Қалдаяқовтың алатын орны орасан екені ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Аты алты алашқа әйгілі, қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған ұлы композитор – менің идеалым. Ән шамшырағының шығармашылығына ерекше көңіл бөлемін.
– Əндеріңізді орындап жүрген əншілер еңбегіңізді қалай бағалап жүр?
– Әндерімді орындап жүрген әншілер сапасына ерекше құрмет айтады. Мұндай құрмет мені шығармашылыққа желпіндіреді. Рас, еңбегімді бағалап, қаламақы ұсынады. Мына әнім мұнша тұрады деп айтудан аулақпын. Қанағатшыл адаммын деуге болады. Бар нәрсеге шүкіршілік айту керек. Базбіреулер сазгерлер бай екен деп ойлауы мүмкін. Бай болғанда қандай, біз рухани баймыз.
– Қазағы қалың ортаның ішінде болғасын əн мен сөздің үйлесіміне ерекше мəн береміз. Бұл орайда қандай ақындармен бірлесе жұмыс істейсіз?
– Шыны керек, бүгінде халықтың музыкалық талғамы өскен. Сондықтан көптің көңілінен шығу үшін әннің ерекше сарында болуы шарт. Әрине, ән болғаннан кейін мен, ең бірінші оның мәтініне көңіл бөлемін. Әні мен сөзі үйлессе, көптің көңілінен шығары хақ. Менің әндеріме сөз жазатын көбіне айтыскер ақындар. Мысалы, семейлік ақын Нұржан Өмірбаймен жиі байланыстамыз. Сонымен қатар жерлесіміз Елжас Әбділданың да шығармашылығына назар аударып, бірге жұмыс істеудеміз.
– Эстрадада той əндері белең алды. Бұған маман ретінде көзқарасыңыз қандай?
– Той әндері – бұл әншілер үшін күнкөрістің қамы ғана. Шоу-бизнес болғаннан кейін, кез келген мәселе қаражатқа байланысты шешіледі. Әндердің барлығы сұранысқа сай болмаса, тыңдармандары азайып қана қоймай, шығыны да шаш етектен болады. Егер әннің, мейлі тойдың әні болсын, сөзінде мағына болып, айтары бар болса ол – ән. Ал мәні не мазмұны жоқ әнді жарыққа шығарудың қажеті жоқ.
– Өнер жолында мейлі əнші, мейлі сазгер болсын, бір туынды арқылы үлкен белеске шығып жатады. Сіз үшін қай туындының бағасы биік?
– Мен үшін ішімнен шыққан әр туынды ыстық. Дегенмен, кейбір ән халықтың жүрегіне жетпей жатуы мүмкін. Мұндай сәт сазгерлердің арасында жиі байқалады. Менің әндерімнің арасынан өзіме қатты ұнайтыны «Мен қазақпын», «Өлмейтіндер» секілді патриоттық бағыттағы әндер. Осындай рухты әндердің бағасы биік.
– Сазгер рухани жағынан бай болғанымен тұрмыстық қиыншылықтарға тап келіп жатады. Осындай сəтте туған əннің қуаты қаншалықты бойыңызға күш сыйлайды?
– Жалпы қай сала болмасын үздік шыққандарды қарасаңыз, қиыншылықтың арқа жүгін арқалап, өсіп өнгендер. Өнерде де мұндай құбылыс бар. Қиналған сәтте керемет әндер шығатыны жасырын емес. Қиындықта туған дүние адамды қуаттандырады.
– Өнер адамы үшін жанын түсінетін жан серік керек. Ондай жанды жолықтырдыңыз ба?
– Өнер жолы ауыр екені баршаға аян. Сондықтан өзімді түсінетін болашақ жарымды кезіктірдім. Мен сүйген жан өнерден алыс емес.Ата-ананың өнегелі тәрбиесін алған ибалы қыз. Құдай қаласа, шаңырақ көтерудің сәті жақын.
– Адамның бойындағы қандай қасиеттерді бағалайсыз?
– Адамдыққа сай қасиеттің барлығын бағалаймын. Әрине, бірінші – имандылық. Иманы бар адамның бойынан барлық ізгі қасиеттер табылады. Ар-ұят, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ата-ананы сыйлау, біреудің ақысын жемеу сынды адамгершілікті танытатын қасиеттердің барлығы өз бастауын иманнан алады.
– Әңгімеңізге рақмет! Жаңа әндеріңізбен қуанта беріңіз!
                Сұқбаттасқан:
Ерасыл ШӘРІБЕК
Қ. Сарин, ақын:
Өлді деуге сия ма ойлаңдаршы?
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған" деген хакім Абайдың сөзін еріксіз ойға оралтқан Қуандық Рахымның "Өлмейтіндер" əні - өлшеулі ғана өмірде өлшеусіз мұра қалдырған талай ақиық, нарқасқаларды тірілткендей күй кештіретін əн.
Қазақтың бетке ұстар ақын, әнші-композиторларын, өнер иелерін дəріптеген əнде, алыптарға деген алапат сағыныш бар. Қазіргі жастардың əнге, анығында, сөзге деген талғамы төмен. Осы бір олқылықтың орынын толтырып, ән өнеріне олжа салған "үштік одақ" - ақын - сазгер - әншінің үндескен, сәтті шыққан туындысы дер едім. Шын мәнінде, шығарманың сөзі мен сазы үйлесіп тұрса, оған орындаушы әншінің шеберлігі қосылса, көпшіліктің көңіл төрінен орын алары сөзсіз!

21 қаңтар 2018 ж. 1 649 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 100

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031