» » » БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР

БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР

Бата – халық қазынасы. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деп қазақ халқы бекер айтпаса керек. Қарты бар үйдің шырағы еш сөнбейді. Бата айтылатын үйден ырыс-несібе, береке арылмақ емес. Салт-дәстүрлердің ішіндегі ең асылы, көңілдің сәнін келтіріп, өмірдің мәнін ұғындыратын рухани құндылығымыз ол – бата деп айтсақ еш қателеспейміз. Қазіргі таңда бата айту – қолданыстан шығып бара жатқаны жасырын емес. Бата айтылатын отбасылардың өзінде ол қарапайым сөздермен жеткізіледі. Бата беру, астан соң дұға-тілек тілеу отбасына келе жатқан пәлекеттің алдын алып, оның болмауына жол ашады.
Батаның көптеген түрлері болады. Олар төмендегіше көрініс береді. Нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, жолаушыға бата, жастарға бата, сүндет той батасы, наурыз батасы, ораза айт батасы, жарапазан батасы, ас қайыру батасы сияқты түрлері көп.
Нәресте дүние есігін ашқанда оған бесік той жасалынады. Одан соң тілашар болады. Әрі қарай сүндет той жалғасын таба береді. Осы аталған тойлардың ішінде басты дүние - нәрестеге қарап айтылатын бата. Асқа бата дегеніміз – әр астың соңынан берілетін батаны айтамыз. Ұл ер жетіп, қыз бойжеткенде берілетін батаның да өзіндік ерешелігі бар. Соның ішінде келінге өсиет түрінде берілетін баталар да баршылық.
Бата адамдарды лайықсыз істер­ден, теріс қылықтардан сақтандырып, жастарды ізгілікке әрі қайырымды істерге баулиды. Қандай да болсын бір іске кірісерде, дастарқаннан дәм татуға отырғанда немесе жол жүріп, алыс сапарға аттанарда ата-бабаларынан, ақсақалдардан бата алатын болған. Бата шаңырақ көтеріп, жеке үй-жай болғандарға да беріледі. Қазақтар өздерінің балаларына атақты кісілерден, құрметті қонақтардан бата алып қалуға тырысқан. Ислам дінінің таралуына байланысты бұл дәстүр бұрынғысынан да күшейе түсті. Қайтыс болған адамның үй-іші мен туған-туыстарына көңіл айту кезінде де бата беріледі, марқұмның өзіне де, артында қалған үрім-бұтағына да ізгі тілектер білдіріледі. Қазақта: «Өз ісінің шеберінен бата алса, соған тартып, батасын алған жас та шебер болады», – деген сенім бар. Бұл орайда Х. Досмұхамедұлы былай дейді: «...Қазақ қауымы арасында өз ісінің шын шебері, мәселен, би, ақын, зергер т.с.с. табиғат сыйлаған дарын-өнерін басқа біреуге ақ батасы арқылы мирас етіп қалдыра алады деген сенім кең таралған. Сондықтан да осындай атаққа немесе өнерге ыңғайлы, икемі барлар сол саланың атақты өкіліне аттанады және қайтсе де оның көңілін тауып, ақ батасын алуға тырысады. Қазақ арасындағы белгілі бір би, атақты ақын, аруақты бақсы не зергер пәленшеге, түгеншеге өзінің ақ батасын беріп, ақыл-өсиетін айтыпты, сонан соң ол да би, ақын, бақсы не зергер болыпты, дегендей аңыз-әңгімелер орасан көп. Бұл – батаның бір түрі. Батаның тағы бір түрі – ас-дәмге ризашылығын білдіріп, рахметін айту ас батасы. Әрбір қонақ өзіне арналып сойылатын қойға батасын беріп және әр дастарқаннан кейін үй иесіне рахметін білдіріп отыруы шарт. Әдетте, батаны қонақтардың ішіндегі ең жасы үлкені береді және ол көбінесе өлең түрінде болып келеді...» Аспандай ашық қазақтың ғибрат сөздерінде әсемдік пен тапқырлық, ойшылдық пен сыршылдық, ақылдылық пен данагөйлік, шынайылық пен сыпайылық бар. Тәрбиелік мәні терең, ғибраты зор. Мысалы, «аспандай бер­ме, жерден ұзап кетерсің, жерден ұзап кетсең, елден ұзап кетерсің, елден ұзап кетсең, барсакелмеске кетерсің», – дейтін өсиет сөзде қаншама мағына, мән бар. Сан тараптағы тағылымы мол өсиет-тілектер ұрпақтан-ұрпаққа өз тағылымын жалғастыруда.
Қорыта айтатын болсақ, батаның мазмұны қазақ қоғамында алғыс пен қарғысты да, тілек пен дұғаны да, ризашылық пен ренішті де қамтиды. Сол арқылы халықты жаман нәрседен тыйып, жақсы нәрсеге бағыттап отыратын ауқымы өте кең ұғым саналады. Ол тікелей бата беретін кісілердің де абырой-беделіне байланысты да халыққа әсер еткен. Батагөй қариялар ел арасындағы игілікті істердің жүзеге асуына рухани демеу болып, жаман істің алдын алып, оны құптамай халыққа бағыт-бағдар беріп, тәрбиелеп отырған. Еліміздің тәуелсіздігін нығайту, оның тұғырлылығы мен орнықты өркендеуін қамтамасыз ету бағдарын қолға алған мемлекетіміздің мә­дени даму бағыттары ұлттық болмысымызды қайта жаңғырту мен түлетуді нақты нысанаға алған. Халқымыздың рухани-тарихи тамырларының кең аясынан әдет-ғұрып пен салт-дәстүріміздің негізі саналатын бата беру дәстүрі өз құндылығын ешқашан жоғалтпасы анық.
Осы орайда облыстық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Сейілбек Шауқамановтың ұйымдастыруымен аймағымызда өткізілген батагөйлер сайысы да ұлттық дәстүр-салты­мыздың қайта жаңғыруына игі ықпал еткенін айта кету ләзім.
Айжан КАНАЛБЕКҚЫЗЫ.
10 қаңтар 2018 ж. 14 681 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 016

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031