» » » ТҰНЫҒЫ БӨЛЕК ТҰҢҒИЫҚ

ТҰНЫҒЫ БӨЛЕК ТҰҢҒИЫҚ

Қазақ елінің, кең байтақ жерінің тарихы тым тереңде жатыр. Оның әлі ашылмаған тұстары да көп болуы мүмкін. Бұл бәрінен бұрын халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдері – ақын, жырау, би, шешен, тағы басқа да өнер адамдарының асыл мұраларының зерттеліп зерделенуіне де аса қатысты екені даусыз. Бұл ретте ертеден осы саланың жоғын тауып, барын мәзір етіп жүрген өлкетанушы, этнограф, зерттеуші ғалымдарға үлкен салмақты жүк, айрықша сенім артылып келгені белгілі. Төменде осы саланың ыстық-суығына қара нардай төзіп, ұзақ жылдардан бері көптеген ізденісті жұмыстарды тындырған тұлғаның бірі – Тынышбек Дайрабай туралы сыр қозғауды жөн көрдік.
Зерттеушілік кез келген адамның қолынан келмейтін, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда «Инемен құдық қазғандай» қияметі көп шаруа. Өйткені, бұл іске жан дүниесі бай, білігі мен тәжірибесі мол, айрықша сабыры мен төзімі бар адам ғана нартәуекел ете алады. Тынышбек – жасынан міне, осындай тірлікке мойынсұнып, қара нардай жегілген кісі. Бір сөзбен айтқанда, жасы 75-ке келсе де осы алған бағытынан таяр емес. Еліме әлі де пайдам тисін деген ниетпен қалам-қағазын сайлап, іздеген қажет деректерін табу үшін кітапхана немесе мұрағатқа қарай жол салып жүргені. Бойы тіп-тік, қимылы да ширақ. Тағы бір өзгешелігі: үлкен мен де, кішімен де қауқылдасып, жөн сұрасып жатады. Өзін құдды ауылда жүргендей сезінеді.
Мұндай адамдар қазір қалада тым сирек қой. Тегін жерге терек өспейді. Тынышбек – ауыл адамы. Ол жас кезінен кеуделері алтын сандық – көнекөз, шежірелі ауыл қарттарының аталы, баталы, ұлағатты сөздеріне, жыр, терме, шежірелеріне қанып сусындап өсті. Естігенді қағып алуға да зейін мен ынта керек ғой. Шежіре демекші, Тәкең бір атаның, немесе рудың емес, бүтін қазақ шежіресінің түгенделуіне лайықты үлес қосқандардың бірі. Бұл орайда ол елімізге белгілі үлкен ғалым, фольклортанушы Мардан Байділдаев, Сыр өңірінің шежіре жинаушылары Үбісұлтан Қайнарбаев, Әлімбай Әлиасқаров, Камал Бердәулетов сынды білікті шежірешілердің ісін одан әрі лайықты жалғастыра білді. Оған Тәкеңнің 1995 жылы Алматыдан «Кете-Шөмекей» шежіресін кітап етіп шығарғаны – толық дәлел.
Тынышбек Дайрабай 1943 жылы 12 ақпанда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылында шаруа отбасында дүниеге келді. Бұл өңірде «Бекбергеннің бес баласы» деген сөз кең тараған. Сол бес ағайынды кісінің қай-қайсысы да өнерге жақын, сөзге шешен, шежіреге аса жетік беделді кісілер болған.
Сол әкелерінің сөзін жаттап, ізіне ерген Тынышбек Майлыбайұлы да өнерге құштар болды. Кеңес дәуірінде кино маңызды өнер саналатын. Соның әсері ме, бозбала жігіт өзінің еңбек жолын ауыл клубында киномеханик болудан бастаған екен. Бірақ, арманы – журналист болу еді. Соның жетегімен КазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түседі. Бастапқыда Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі болады. Кейін сауатты, тілге жүйрік, іске икемді азамат билікке де араласып, біршама жыл Тереңөзек аудан­дық атқару комитеті төрағасы қызметіне жоғарылап, әлеуметтік саланың көркейуіне еңбек сіңіреді. Жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін шаруашылықта істеуді жөн көріп, партком хатшысы атанады. Кеңес жұмысына да араласады. Соның нәтижесінде аудан әкімінің орынбасары қызметін де абыроймен атқарады. Мамандығы журналист болғандықтан, «Еңбек туына» редактор болып, қайта оралады.
Тынышбек Дайрабайдың Алматы қаласына қоныс аударғанына да көп жылдың жүзі болды. Содан бері күні кешеге дейін ол Халықаралық «Түркістан» газетінде бөлім меңгерушісі болып, жемісті еңбек етті. Түрлі тақырыпқа, оның ішінде рухани құндылық мәселелеріне үзбей қалам тартып келді. Осы ұжымда еңбек ете жүріп, «Құрмет» орденінің иегері атанды.
Зерттеушінің ел тарихын, оның ішінде Сыр өңірінен шыққан ахун, жыраулардың, би, шешендердің бай мұраларын насихаттап, жарыққа шығару жолындағы қажырлы еңбегі еленбей қалған жоқ.
Оған өз басым бұдан бес жыл бұрын, яғни, Тәкеңнің 70 жасқа толуына орай Қызылорда қаласында және облыстың Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандары оқырмандарымен өткен жылы шырайлы кездесулері кезінде көз жеткіздім. Облыс әкімі Қырымбек Көшер­баевтың қабылдауында болған сәт мерейтой иесі Ты­нышбек Дайрабайды мүлдем қанаттандырып жіберді. Ол әкіммен өзінің зерттеу еңбектері мен шығар­ма­шы­лық жоспарлары төңірегінде ой бөлісті. Өз ке­зегінде Қырымбек Елеуұлы зерттеуші, этнографтың «Түркістан альбомын» және Сыр өңіріндегі белгілі тұл­ғалардың өмірін, елге сіңірген еңбегін, сондай-ақ, өл­мес бай мұрасын жарыққа шығарту жолында еңбек етіп жүргеніне риза екенін білдірді. «Орамал тон болмайды, жол болады» деген ыстық ықыласпен мерей­той иесінің иығына шапан, басына құндыз бөрік кигізді. Содан бері де бес жыл өтті. Сол бір сәт күні кешегідей көз алдымда сайрап тұр.
Тынышбек Майлыбайұлының күні бүгінге дейін 30-ға тарта тарих және ақын-жыраулар жайлы кітабы жарық көрген екен. Кезінде олардың бәрі де оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алды. Атап айтқанда, қаламгердің «Тоғанас батыр», «Дүр Оңғар», «Қаңлы Жүсіп», «Қорқыт ата», «Темірбек Жүргенов», «Түркістан» фотоальбомы, «Сырдың сырлы сыры», «Сыр перзенттері», «Жеті тараудағы жеті анық», «Билер», т.б. көптеген көлемді шығармалары соны дәлелдейді. Тәкең кезінде «Сыр елі» энциклопедиясын шығарушылардың бірі болды. Сол секілді «Сырдария» кітапханасы сериясымен шыққан көптомдық кітапты шығарысуға да өз үлесін қосты.
Зерттеуші, қаламгер Тынышбек Дайрабай – 75 жыл­дық өмір жолында бір институттың жұмысын атқарған қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. 1998 жылы Темірбек Қараұлы Жүргеновтың 100 жылдық мерейтойын өткізуге ұйытқы болып, баяндама жасаса, Қорқыт ата кітабының (1999 ж.) 1300 жылдығы мен Жалаңтөс, Жанқожа батырларға арналған конференцияларды жоғары деңгейде өткізуге белсене қатысты. Сондай-ақ, атақты жырау Дүр Оңғардың, Төребай бидің 150 жылдық, Бұқарбай батырдың 180 жылдық, Баймұрат батыр, Тұрсынбай датқаның 230, Қазақ хандығының 500 жылдығы, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 125 жылдық мерейтойларына арналған, халықара­­лық, республикалық, облыстық конференциялардың лайық­ты өтуіне де ұйытқы болды.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақта­рының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының және Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры», Әлеуметтік ғылымдар академиясының «Құрметті академигі» Тынышбек Дайрабай – өзінің қажырлы еңбегі, маңдай тері арқылы міне, осындай жоғары дәрежелі атақтарға ие болған тұлға.
Иә, рухани жан дүниесі бай адам ешқашан тоқырау, шаршау дегенді білмейді. Ізденген үстіне іздене түскенді жақсы көреді. Біздің Тәкең міне, осындай адам. Осынысымен ол бүгінгі жас ұрпаққа өнегелі жол, ғибратты үлгі көрсетіп жүр. «Ауылда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген аталы сөзге адал бір адам болса, ол Тынышбек ағадай-ақ болар, шіркін!
Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ,Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі.

22 қаңтар 2018 ж. 1 903 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031