» » » «Отан қорғау парыз емес – міндет»

«Отан қорғау парыз емес – міндет»

Бір кездері әскерге бару да, келу де үлкен оқиға болып саналатын еді. Бүгінгі жағдай мүлде бөлек. Қалай болғанда да уақыт та, құндылықтар да өзгеріп барады. Қазір жас жігіттеріміз «Отанды қорғау» ұғымынан гөрі, көлік міну, қыдыру, соңғы үлгідегі ұялы телефон алу дегендерді жоғары қояды. Әсілі, әрбір азамат туған жерін, елін, ата-анасы мен бауырларын, отбасын қорғай білуі тиіс. Ал оның бойындағы жігерін шыңдайтын – әскер.

Біздің жігіттер болаттай батылдықты қажет ететін Отан қорғау ісіне дайын ба? Көкейдегі сауалға жауап таппақ болып аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Айдос Ботантаевпен тілдескен едік.

– Айдос Жұбандықұлы, қырағылықтың қыр-сырын әскерде болмаған адам біле бермейді. Жалпы, әскер қатарынан табылуға деген жастардың құлшынысы қандай?
– Жігітке жігіттік сипат беретін – әскер. Әскерге барған адам тәртіпке бағынып үйренеді. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп бекер айтқан жоқ. Әскер – ең алдымен ер баланың ішкі тәртібін қалыптастырып, жауапкершілік жүгін арқалай білуге баулиды. Ол қасиет отбасы құрған кезде де айқын білінеді.
Жасыратыны жоқ, жастардың әскер қатарына табылуға деген құлшынысы төмен. Әрине, оларды жаппай жамандаудан аулақпын. «Бір биеден ала да туады, құла да туады» дейді жұртымыз. Десе де, басым көпшілігі әскерге барудан бас тартып жатады.
Ең алдымен, Отан қорғау парыз емес – міндет! Ата Заңымыздың 34-бабында «ҚР қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы әрі міндеті» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Бойындағы бұла күшін бір-біріне емес, елді қорғауға жұмсайтын жауынгерлер әрдайым керек. Сонда ғана шекарамыз шегендеулі, шебіміз мықты ел боламыз.

– Қазір күзгі науқан басталып жатыр. Әскерге шақыру жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Мемлекет басшысының 2024 жылғы 1 ақпандағы жарлығына сәйкес Қазақстанда күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру басталды, ол желтоқсанның соңына дейін жалғасады. Әскерге шақыру жұмысы – жергілікті атқару органдары көмегімен атқарылады. Дәрігер, медициналық жабдықтар, көлік, полиция қызметімен қамтамасыз етілген. Дәрігердің барлығы да – білікті сала маманы. Барлығы өз ісінің шебері. Қазіргі уақытта жергілікті атқару органдарының ұйымдастыруымен күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысы жалғасын табуда. Биыл көктемгі әскерге шақыру науқанында 61 сарбазды жібердік. Оның ішінде шекара қызметіне – 9, ҚР Қарулы күштеріне – 32, ҚР Ұлттық ұланға – 20 сарбаз жөнелтілді.

– Жыл сайын әскерге барғысы келмей сылтау іздеп жүретіндер қатары көбейіп барады. Не себепті деп ойлайсыз?
– Әр бала әрқалай. Бір бөлігі – әскерге баруға қызығып, ниет білдірсе, екінші бөлігі – немқұрайлық танытып жатады. Әскерге құлқы жоқ жастармен учаскелік инспектор етене жұмыс істеуде. Үйіне барып, ата-аналарымен сұхбат жүргізіп, түсініктеме алуда. Жалтарғандардың дені әлеуметтік жағдай мен жұмыссыздықты алға тартады. Бірі – несиесі барын айтса, бірі – ата-анасына қарап отырғанын себеп қылады. Ал енді бірде ата-анасы асырап отырған баласын әскерге жібергісі келмейтінін ашық айтады. Негізі балалардың әскерден жалтаруына басты себеп – жұмыссыздық. Күнкөріс қамымен де сыртта жүргені көп. Одан бөлек, жалтарғандардың арасынан жауапкершіліктің жоқтығы да анық байқалады. Бүгінде «әскер» десе ат-тонын ала қашатындар жетерлік. Неге? Жасыратыны жоқ, қазір әлеуметтік желі мен телеарнадан түрлі жаңалықтар бірінен соң бірі тарап жатыр. Ал, ата-ана үшін әскер әлемі осынысымен қорқынышты болып тұр. Егер әскерге барудан жалтарған жағдайда оларды құқық қорғау органдарымен біріге отырып іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Алайда, қандай жағдай болмасын әскерге шақырылған уақытта міндетті түрде келуі тиіс. Заң бәріне ортақ. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексі бойынша азаматтың «мен әскерге бармаймын, азаматтық борышымды өтемеймін» деген арызы түссе, 387-баптың 1-ші, 2-ші тармақтарына сәйкес шара қолданылады. Өз уақытында келмеген жағдайда әкімшілік кодекс бойынша 647, 648, 649-баптарға сәйкес айыппұл салынады.

– Жасыратыны жоқ, соңғы кездері әскерде түрлі келеңсіз жағдайлар орын алып жатыр. Түрлі жағдайды көрген соң ата-ана да баласын әскерге жібергісі келмейді. Сәйкесінше, баланың да қорқуы заңдылық. Осы орайда сіздердің тараптан жұмыс қаншалықты жүйелі жүргізіліп жатыр?
– Жалпы әскерге шақыру науқаны көктемгі, күзгі болып бөлінеді. Осы шақыру кезеңінің алдында зерделеу жұмыстары жүреді. Бұл жұмыстың алғашқы кезеңі 10 қаңтар мен 28 ақпан аралығында жүргізілсе, екіншісі 10 шілде мен 28 тамыз аралығында ұйымдастырылады. Осы уақыт ішінде кестеге сай ауылдық округтерді аралап, ата-аналармен кездесіп зерделеу жұмысын жүргіземіз.
Бүгінде елімізде рухани тәрбие мүлде ақсап қалды. Барлығының ойы ақша табу, материалдық жағдайын жасау болып кеткені белгілі. Сондықтан әскери борышын өтеп келгендерге көрсетілетін жеңілдіктер жайында жиі айтуға тырысамыз.

– Әскердің жүгі жеңіл емес. Осы орайда аудан жастары қаншалықты әскери қызметте жүр?
– Ер бала – отбасының тірегі, елінің қорғаны. Мықты қорғаны болмаған елдің болашағы да бұлыңғыр. Ал намыс туын желбіретіп, мемлекеттің айбынын көтеретін ол – әскер. Ол елдің бетке ұстар айбары. Өрекпігеннің мысын басар қаруы. Халқының қорғаны, тәуелсіздіктің күзетшісі. Әскер – кеудесі от жүректі жастардан құралады.
Әлбетте, жастардың барлығы әскерге барудан қашып жүр деуден аулақпыз. Еліміздің аймақтарында әскери қызметте жүрген қармақшылық сарбаздар баршылық.

– Жастарымызға әскери мамандық иесі атану үшін қандай кеңес берер едіңіз? Оларға арналған қандай жеңілдіктер бар?
– Бірінші кезекте оған денсаулық жағынан жарамды болуы тиіс. Сонымен қатар психологиялық тестілеуден өтуі тиіс. Оқуға түскен адам оқу, тұру, киім, 4 мезгіл тамақпен мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі. Оқу бітірген соң жұмыспен, тұрғын жаймен мәселе болмайды. Басқа да медициналық жеңілдіктер қарастырылған. Ипотекамен үй алу, пәтерақысын төлеу секілді жеңілдіктер бар. Арнайы әскери оқу оқымаса да, әскери борышын өтегендер келісім-шартпен жұмыс істеуіне мүмкіндігі бар.   
Мұнан өзге биыл сарбаздарға арналған артықшылықтар заң жүзінде бекітілді. Оларға қызмет ету кезінде және әскерден босатылғаннан кейін екі ай уақытқа несиелік демалыс беріледі. Сонымен қатар кредиттің болуын не болмауын, ол бойынша төлемді кейінге қалдыруды белгілеу Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындаған тәртіппен Қорғаныс министрлігінің, кредиттік бюролар мен кредиторлардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-әрекеті арқылы жүзеге асырылады.
Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарға студенттік жатақханадан орын беру жеңілдіктері де қарастырылған. Бүгінгі таңда әскерде қызмет еткен мың жарымнан астам азамат жоғары оқу орындарына тегін, ал ақылы түрде 700-ден астамы оқуға түсті.
Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ 
10 қыркүйек 2024 ж. 324 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 045

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031