Әскери борыш ерлерге міндет
Әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышты өтеу әрбір – ер азаматқа жүктелген міндет. Себебі, туған жерді, атамекенді қорғау – біздерге аманатталған. Отан қорғаушы деген сөздің өзі ер жігітке рух, жігер беріп, елге шексіз қызмет етудің нышанын білдіріп тұрғандай. Сондықтан өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, жүрегінде оты бар жан үшін елді қорғау – басты парыз.
Қазір ел бойынша көктемгі әскери науқан басталып, әр аймақтағы әскери бөлімге жас сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеуге жіберілуде. «Ел алдындағы міндетімді өтеймін» деген патриотты азаматтар медициналық тексеруден жарамды өтіп, әскери ант қабылдап жатыр. Жалпы Қазақстан Қарулы Күштерінде әскери қызметті өткеріп, әскердің айбынын асқақтауына өскелең жас ұрпақтардың бірден-бір үлесі зор. Әскер қатарында болу жастарды отансүйгіштікке баулып, елі мен жеріне сүйіспеншілігін арттырып, өмірге бейімдейді. Тәуелсіз еліміздің туы желбіреуі – осы әскерлеріміздің мықты да берік болуында.
Сенбіде аудан орталығындағы «Тағзым» алаңында жас сарбаздарды әскерге шығарып салу рәсімі өтті. Оған аудандық қорғаныс істер бөліміндегі әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс тобының бастығы, сержант Нұрперзент Елмағамбетов, аудандық аграрлы-техникалық колледжінің директоры Бауыржан Сайдулла және ата-аналар қатысты. Айта кету керек, биыл ауданда көктемгі шақыртуға облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттен шекара қызметіне 8 азаматқа тапсырыс берілген болса, мерзімді әскер қатарына 9 азамат жіберілген. Ал Қарулы күштер қатарына 32 азамат сұралса, ауданнан сенбі күні 26 жас сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.
Жиында аудандық аграрлы-техникалық колледжінің директоры Бауыржан Сайдуллаұлы азаматтарға сәттілік тілесе, ата-аналар балаларының аман-есен Отан алдындағы борышын өтеп қайтуға батасын берді.
– Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Отан оттан да ыстық» деген өсиет сөзі әр сарбаздың көкейіне түйетін қағидаға айналуы тиіс. Елдің тұрақтылығы мен бейбітшілігі сіздерге байланысты. Сіздер ел алдындағы әскери міндетті адал орындау арқылы кейінгіге үлгі боласыздар. Әскери сыннан сынбай, елге абыроймен оралатындарыңызға сеніміміз мол, – деді олар жігерлендіре.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ