Ерлер ел қорғауға дайын
qarmaqshy-tany.kz ҚАРУЛЫ КҮШТЕР ОТАНЫМЫЗДЫҢ ТІРЕГІ. ЕЛДІҢ ДАМУЫНА, ТЫНЫШТЫҒЫНА ТЕК ӘСКЕРИЛЕР ҒАНА ЕМЕС, АТА ЗАҢДА АТАП КӨРСЕТІЛГЕНДЕЙ, ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ӘРБІР АЗАМАТЫ ДА ЖАУАПТЫ. КЕУДЕСІНДЕ АР-НАМЫСЫ, БОЙЫНДА ЖІГЕРІ, ЖҮРЕГІНДЕ ОТЫ БАР КЕЗ КЕЛГЕН АЗАМАТ ҮШІН ЕҢ БАСТЫ ПАРЫЗ - ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫН ӨТЕУ.
Қазіргі уақытта әр өңірде күзгі әскерге шақыру науқаны ұйымдастырылып, азамат тардың денсаулық, білім, жас ерек шеліктеріне қарай әскери қызметтерге бөлу және жолдау жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын елімізде Қарулы күштер қатарын 40 мыңға жуық жас сарбаз толықтырады. Олардың жартысы көктемгі, ал қалғаны күзгі шақыртуда сапқа тұрады. Дегенмен қолына шақырту түскеннен қорғаныс істер жөніндегі бөлімге асығатындардан гөрі таныс-тамырды жағалап, сылтау іздеп әскерге бармауға жанын салатындар да бар. Оған себеп – Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас сарбаздың оқыс оқиғаға ұшырап, үйіне сал болып немесе қайғылы жағдайда оралуы бүгінгі жастарға үрей туғызды. Одан бөлек әр нәрсеге есеппен қаратуды үйреткен біздің қоғамда әскери борышты өтеуді бір жылды текке өткізу деп қабылдайтындардың саны артпаса кеміген жоқ.
Елімізде соңғы жылдары мемлекет тарапынан әскердің әлеуетін арттыруға бағытталған бірталай жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев ҚР Парламенті мәжілісінде ел жастарының әскерден қашып, жалтаруының үлкен мәселе екендігін, бұл орайда әскерге баруға ынталандыру шараларының қажеттілігін баса айтқан-ды. Қазір жастарды әскерге тарту, қызықтыру мәселесі бойынша еліміздегі қырық оқу орнымен меморандум жүргізіліп, әскери борышын өтеген азаматтарға білім алуға жеңілдіктер беріліп жатыр. Нақты айтқанда әскери қызметі аяқталған жас сарбаз ҰБТ тапсырмай екі жыл ішінде ақылы негізде жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі бар. Ал бұрынғы әскери қызметшілер жоғары оқу орындарының әскери кафедрасында тегін оқи алады. Несиесі бар азаматтарға да жеңілдік қарастырылған, яғни әскерден келгенше несие төлеу мерзімі 12 айға тоқтатыла тұрады.
Аудан орталығындағы Қорғаныс істер бөлімінде азаматтарды күзгі мерзімді әскерге шақыру жұмыстары бүгінде белсенді. Сарбаз қызметіне жарамды жастар толықтай тексеруден өтіп, әскери борышын өтеуге алынуда. Бүгінде күзгі шақырылым бойынша 18-27 жас аралығындағы азаматтардың 34-і әскери борышын өтеуге еліміздің әр аймағына жіберілген. Мәселен, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне – 11, Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне – 21 жас сарбаз аттанған. Жақында ҚР Ұлттық ұланына 2 азамат жіберілді. Аудандағы Қорғаныс істер бөлімінің әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс тобы бастығы, сержант Нұрперзент Елмағамбетов сарбаздарға патриоттық рух беріп, сәттілік тіледі.
– Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауы, көк аспанымыздың жарқырауы да сіздерге байланысты. Сіздер әскери міндетті адал орындау арқылы кейінгіге үлгі боласыздар. Әскери борышты өтеу – сіздер үшін үлкен сын. Сол сыннан сынбай, ел қауіпсіздігі үшін қызмет етіп, абыроймен оралатындарыңызға сенімім мол, – деді ол.
Ерсін СӘДУҰЛЫ