Әскерге жастар дайын ба?
qarmaqshy-tany.kz Көктем басталса дала жұмысымен қатар қызатын тағы бір науқан бар. Иә, біліп отырғаныңыздай ол көктемгі әскерге шақыру. Қолына бір жапырақ ақ қағазын ұстаған әскери саланың өкілі үй-үйді аралап, кәмелет жасқа толған ер балаларға шақыру қағазын тапсырады. Онда сіздің қр-ның әскери міндеттілік және қызмет туралы заңының негізінде әскери комиссиядан өтуіңіз жөнінде бұйрығы тұрады. Отан алдындағы борышын сезінген әрбір азамат осылайша әскерге аттанады.
Қазір еліміз бойынша көктемгі әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Наурызда басталған Отан қорғаушыларды есепке алу жұмыстары шілдеге дейін жалғаспақ. Осы аралықта толықтай тексеруден өтіп, сарбаз қызметіне жарамды жастар әскери борышын өтеуге алынады. Биыл әскерге шақырылғандардың қатарын 1996-2004 жылдары туған бозбалалар құрап отыр.
Жалпы, ер-азаматтың Отан алдындағы борышын өтеуі абыройлы іс. «Армия – өмір мектебі» деген қағида қай кезде де күшін жоймайтыны анық. Алайда жастар арасында өз қалауымен әскерге сұранып барушылар қатары соңғы уақытта сиреп кеткені шындық. Бірі ондағы тәртіпті жатсынса, енді бірі уақытын зая санайды. Тіпті «Қазіргі кезде әскердің қажеті жоқ» деп лажы болса бармай қалудың амалын іздеп жүргендер көп. Бұл жағдай әсіресе жоғары және арнаулы оқу орындарын бітірген жастардың, сонымен қатар әлеуметтік желі арқылы оқыс оқиғаларды көріп зәресі ұшқан жастардың арасында белең алып тұр. Рас, қазақ әскеріндегі әлімжеттік туралы ақпараттың жиі жариялануы жастардың әскери борышын өтеуге деген ынтасы мен сеніміне селкеу түсіруде. Десе де, қазақ армиясы мұндай олқылықты жою мақсатында жаңа мүмкіндіктерді қарастыруда.
Қош. Ауданда әскерге шақырылушы азаматтардың белсенділігін білу мақсатында аудан орталығындағы Қорғаныс істер бөліміне бас сұқтық. Бүгінде мерзімді әскер қатарына аудан бойынша биыл көктемгі әскери қызметке 300-ге жуық 18-27 жас аралығындағы азаматтарды заңға сәйкес шақыру көзделген. Оның ішінде медициналық тексеруден өтіп, іріктелгені әскерге алынады.
«Қазіргі таңда наурыз айынан бастап әскерге жөнелтулер жүргізілуде. Ауданнан алғашқы лек бойынша шекара қызметі қатарына – 8 азаматты жіберсек, осы айда қарулы күштер қатарына – 16, одан кейін ұлттық ұланға – 17 азаматты жөнелтуге дайындап отырмыз. Ауданға қарасты әр ауылдық округте әскери есеп жүргізетін мамандарымыз жұмыс жасауда. Жастарды әскерге тарту, қызықтыру мәселесі бойынша еліміздегі қырық оқу орнымен меморандум жүргізілуде. Бұл дегеніміз – әскери борышын өтеген азаматтарға білім алуға жеңілдіктер береді. Мәселен, қызмет аяқталғаннан кейін ҰБТ-ны ескерместен екі жыл ішінде ақылы негізде жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі бар. Яғни әскерден келген соң, олар оқуға түсе алады. Ал бұрынғы әскери қызметшілер жоғары оқу орындарының әскери кафедрасында тегін оқи алады. Қазір жастардың көбі осыған бет бұруда. Осы жөнінде барған жерімізде үгітнасихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Одан бөлек әскери борышын өтеп келген азаматтарды мамандығы бойынша жұмысқа шақырып жатырмыз. Ол үш жылға келісім-шартқа отыру арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, жиырма төрт жасқа толғандарға қырық күндік ақылы оқуымыз бар. Оны азаматтар өз аймағымызда оқи алады», – деді аудандағы Қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің жасақтау тобының бастығы Тимур Найманбеков.
Әскерге шықырылып, алайда төлейтін несием бар десеңіз, оған да жеңілдік қарастырылған. Сіз бір жыл әскерден борышыңызды өтеп келгенше несие төлеу мерзіміңіз 12 айға тоқтатыла тұрады. Одан бөлек тағы жұмысқа орналасуыңызға қосымша 1 ай беріледі.
Ерсін СӘДУҰЛЫ