» » Бозбалалар әскерге аттанбақ

Бозбалалар әскерге аттанбақ


Қазір не көп? Адам көрсе нанғысыз түрлі жайттар көп. Кейбір жігіт – сырғалы, қызы – шашын шорт қиып, ердің кейпін киюде. Бірі әлемжеліден арыла алмай, хайп қуса, ендігі жігіті бетін бояп, сән қуып жүр. Осыдан болар «жастар сондай, жастар мұндай» деген әңгімені жиі құлағымыз шалады. Оның үстіне тренд қуған заманда қазіргі жастар туған жерін қорғауға құлқы жоқ деген қаңқу сөз де бар. Расымен солай ма? Жастар Отан қорғауға дайын ба? Көкейдегі сауалға жауапты аудан бойынша қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен таптық.
Жалпы, күзгі әскерге шақыру науқаны қалай жүріп жатыр? Бұл сауал да назардан тыс қалмады. ҚР Конституциясының 36-бабында атап көрсеткендей, Қазақстан Республикасын қорғау – әрбiр азаматтың парызы, мiндетi. Қазекемде «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген жақсы сөз бар. Бір әулеттің ғана емес, халықтың ұлы болу – кез келген ер азаматтың арманы. Әсілінде, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Қайсарлықтың көрінісі емес пе? Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық. Сондай жас буындар бүгінде күзгі әскерге шақыру науқанына аянбай атсалысты. «Борышымды өтеймін» деген жас өрендер әскерге аттанбақ ниетте. Солардың бірі – Абылай Баймұрзаев.
– Алға қойған арманым көп. Соның бірі – өз еркіммен Отан алдындағы борышымды адал өтеп, үлесімді қосу. Әскер – бізді шынықтырады, шыңдайды емес пе? Көп арманымның бірі орындалғалы жатқанына қуаныштымын. 16 қыркүйек күні әскерге аттанамын, – дейді ынталы жас.
Ал Бибіт Жақанның айтуынша, Отан алдындағы борышын өтеу – қасиетті парызым деп біледі.
Әскерге бозбала аттанбас бұрын оларды тіркеу басталады. Бұл кезеңде жастармен әңгімелесу, әскери қызметке жарамдылығын растайтын медициналық тексеру жүргізіліп, қажетті құжаттар тексеріледі. Егер тіркеу процесінде емделуге, яғни медициналық бақылауға мұқтаж әскерге шақырылушыларды анықтаса, онда оларды емдеу, алдын алу ұйымдарына тіркейді. Әскери есепке алғаш рет тұрған азаматтармен қорғаныс істері жөніндегі басқармаларда Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындары бойынша үгіт жұмысы жүргізіледі және келісімшарт бойынша әскери қызметтің перспективалары түсіндіріледі. Бар­лығы реттелген соң, жігіт әскерге жарамды болғаны нақтыланғанда ғана әскерге қарай жол ашылады. Ал біздің бозбалалар әскерге баруға ниетті ме?
– Әскерге шақыру жұмысы жер­гілікті атқару органдары көмегімен атқарылады. Дәрігер, медициналық жабдықтар, көлік, полиция қыз­метімен қамтамасыз етілген. Дәрі­гердің барлығы да білікті сала маманы. Барлығы өз ісінің шебері. Жергілікті атқару органдарының ұйымдастыруымен күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысы жалғасын табуда. Әскерге аттанушылар ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметі, ҚР Мемлекеттік Күзеті, ҚР Қарулы Күштері, ҚР «Ұлттық Ұлан» сынды әскери бөлімдеріне жөнелтіледі. Осылайша желтоқсан айының соңына дейін әскери бөлімдер тағы да жас буындармен толығады, – дейді бөлім бастығы, капитан Рүстем Тұрғанов.
Мамандардың айтуынша, олар Отан алдындағы борышын өтеуді қасиетті парызым деп білетін, моральдық және психологиялық тұрғыдан мықты, физикалық жағынан мығым азаматтарға басымдық береді. Азаматтық борышын өтеуге аттанатын бозбалалар алдымен медициналық тексеруден өтіп, денсаулығының жарамдылығы туралы сыннан өткеннен кейін әскери бөлімдерге жөнелтіледі. Әскери бөлімге іріктеу мен бөліп тарату кезінде жастардың әскер қатарына шақырылғанға дейін алған мамандығы ескеріледі. Күзгі әскерге шақыру науқанын сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарайды. Оның отбасылық жағдайын сарапқа салады. Моральдық жағдайына баса назар аударады. Денсаулығының жарамдылығын басты назарға ала отырып, оны әскер қатарына қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылдайды. Себебі, оларға жүктелетін міндет жоғары.
Жасыратыны жоқ, бірі – әскерге баруға қызығып, ниет білдірсе, енді бірі – құлықсыз. Ондай жастармен учаскелік инспектор етене жұмыс істейді. Үйіне барып, ата-анасымен сұқбат жүргізіп, түсініктеме алады. Егер әскерге барудан жалтарған жағдайда оның жүгі жеңіл емес. Себебі оларды құқық қорғау органдарымен біріге отырып іздестіру жұмысы жүргізіледі. Алайда, қандай жағдай болмасын әскерге шақырылған уақытта міндетті түрде келуі тиіс. Заң бәріне ортақ. Әйтпегенде ҚР Қылмыстық Кодексі бойынша азаматтың «мен әскерге бармаймын, азаматтық борышымды өтемеймін» деген арызы түссе, 387-бап бойынша 1000 АЕК айыппұл төлейді немесе 1 жыл бас бостандығынан айырылады. Өз уақытында келмеген жағдайда әкімшілік кодекс бойынша 647, 648, 649 баптарға сәйкес айыппұл салынатынын ескерген жөн.

Айнұр ӘЛИ
14 қыркүйек 2021 ж. 264 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031